Білім беру ұйымдарындағы балалардың қауіпсіздігі баста назарда!

Астана қаласының коммуникациялар қызметінде білім беру ұйымдарындағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы Сенғазыевтың қатысуымен брифинг өтті.

Бүгінде елордада 461 750 бала бар. Қалада 757 білім беру ұйымы жұмыс істейді, онда 365 544 бала білім алады. Оның ішінде: 548 балабақша, 173 мектеп, 32 колледж, 11 қосымша білім беру ұйымы және 15 арнайы білім беру ұйымы бар. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 103 білім беру ұйымына көбейіп отыр.

Бүгінгі таңда қаладағы барлық мемлекеттік білім беру ұйымдары автоматты өрт дабылы жүйесіне қосылып, 100% цифрлық бейнебақылаумен, турникеттермен және 1 санатты лицензиясы бар күзет кәсіпорындарымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, барлық камералар мен дабыл түймелері жедел басқару орталығына қосылған.

Басқарма  білім беру ұйымдарының  аумағында және 1 км радиуста кірме жолдар мен ашық кәріз құдықтары (люктер) бойынша мониторинг жүргізген. 2023-2024 оқу жылының басынан барлық білім беру ұйымдарында Төтенше жағдайлар департаменті мамандарымен бірлесіп табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде қызметкерлер мен оқушылардың іс-әрекеттері бойынша 120 тренинг өткізілген. Білім басқармасы балалардың қатысуымен болған оқиғаларға күнделікті мониторинг жүргізуді бастаған. Жазғы маусым басталар алдында аудан әкімдіктерімен, аудандық Төтенше жағдайлар департаменттерімен және Төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесіп ойын алаңдарын, спорт ғимараттарын, ашық люктерді, балалардың шомылу орындарын, аттракциондарды және т.б. қауіпсіздік бойынша тексеру жұмыстары жүргізіледі.

Ағымдағы жылдың ақпан айында әкімдікте білім беру ұйымдарындағы және одан тысқары қауіпсіздік мәселелері бойынша ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, прокуратура, Полиция департаменті және басқа да мүдделі органдардың бірлескен отырысы өтті. Онда қала әкімі барлық мүдделі органдарға бірқатар тапсырмалар берген. Мәселен қалалық мектеп психологтарының санын 200-ге, қорғаншылық және қамқоршылық қызметкерлерінің санын екі есеге арттыруды тапсырды. Қамқоршылық қызметінің тиімді жұмыс істеуі үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде үкіметтік емес ұйымдарға нашақорлықтың алдын алу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жетім балаларға арналған қалалық білім беру ұйымдарының түлектерін интернаттан кейінгі қолдауға бағытталған іс-шараларға тарту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстардың алдын алу, отбасындағы келеңсіздіктерді ерте анықтау жұмыстары да қамтылған.