Бір түнде 12 мың адам Алматы музейлеріне барды
Алматыда Халықаралық музейлер күніне орайластырылған «Музейлер түні – 2024» акциясы өтті. Көрме залдарында алғаш рет Шәмші Қалдаяқовтың мандолинасы, Бауыржан Момышұлының жазу машинкасы мен домбырасы, бақсы Сармұқан Бабасұлының қылқобызы, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің аңшылық мылтықтары, Нұрғиса Тілендиевтің жеке камерасы және т.б. бірегей экспонаттар қойылды.
Дінмұхамед Қонаевқа қатысты 75 беттен тұратын бағалы құжаттар музейге тапсырылып, алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды. «Өте құпия» белгісі бар материалдарда мемлекет және қоғам қайраткерінің зейнеткерлікке шыққанға дейінгі жеке өмірі мен жұмысына қатысты мәліметтер жинақталған.
«Бір түннің өзінде біздің музейлерге 12 мыңнан астам адам келді. Әр музей қызықты әрі мазмұнды бағдарлама дайындады. Көпшілік балаларымен, немерелерімен келді, сонымен қатар шетелдік туристер де көп болды. Жалпы, қала әкімі музей ісін дамытуға үлкен көңіл бөлуде. Біздің мамандар әлемнің үздік музейлерінде тағылымдамадан өтті. Сала қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өскен болатын. Сонымен қатар, биылдан бастап барлық мектеп оқушылары үшін Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты музейлерге кіру тегін болды», – деді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
Айта кетрлігі, мұражай залдарында театрландырылған қойылымдар ұсынылды. Тарихи тұлғалар бейнесіндегі актерлер мұражайларға келушілерді таң қалдырды. Мысалы, Орынбордағы Ахмет Байтұрсынұлының өмір кезеңінен көрініс: Ұлт ұстазы балаларының оқудағы жетістіктерін тексеріп, отбасымен уақыт өткізді. Балалары Аумат пен Шолпан өлең оқып, көрермендердің алғысына бөленді.
Сондай-ақ мұражайларда Поль Гурдэ, Роза Бағланова, Бауыржан Момышұлы, Біржан сал, Мұхаметжан Тынышбаев, Сәбит Мұқанов және Ғабит Мүсірепов сияқты тарихи тұлғалардың «қатысуымен» театрландырылған экскурсиялар ұйымдастырылды. Құрманғазы өз күйлерін орындаса, Дина Нұрпейісова ән шырқады, әртістер Шәмші Қалдаяқовтың және т. б. шығармаларын орындады.
Мемориалдық музейлерде өткен кездесулерде тарихи тұлғалардың ұрпақтары өздерінің атақты ата-бабаларының өмірі мен қызметі туралы қызықты әңгімелер айтты. Сондай-ақ, қала мұражайларында зияткерлік ойындар, квест, викториналар, қыш және зергерлік шеберлік сабақтары өткізіліп, кішкентай көрермендерге бет бояуы жасалды. Арнайы фотоаймақтарда отбасыларымен бірге келушілер естелік фотосуретке түсіріп, фотостендтің көмегімен 8 мыңнан астам фото басып шығарды.