Біртуар опера әншілері Мария Мудряк, Марина Медичи мен Раффаэле Абете жақында елордада өнер көрсетеді
5 желтоқсан «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында Италияның романтикалық рухы жанданады. Қазақстандық көрермендер әлемдегі опералық реализмнің ұлы өкілдерінің бірі Джакомо Пуччини жазған мәңгілік әрі құштарлыққа толы махаббат музыкасымен рақаттануға мүмкіндік алады.
Оқиғаларға қанық осынау кеште театрдың опера труппасының жетекші солистері, хоры, симфониялық оркестрі «Джакомо Пуччиниге арнау» бірегей концертінде әйгілі сопрано Мария Мудряк, Марина Медичи және тенор Раффаэле Абетемен бірге өнер көрсетеді. Шараны Италияның Қазақстан Республикасындағы елшілігі, Алматыдағы Италия мәдениет институты мен Пуччини фестивалі қоры бірлесіп ұйымдастырып, қолдау білдіруде. Дирижер тұғырында – танымал италиялық маэстро Джузеппе Акуавива.
Биыл музыкалық қауымдастық әлемге әйгілі италиялық композитор Джакомо Пуччинидің өмірден өткеніне 100 жыл толуын атап өтуде, осы орайда «Астана Опера» театры да қалыс қалмады. Ол үшін Дж.Пуччини шығармашылығын интерпретациялаудың атақты шебері маэстро Джузеппе Акуавива шақырылды. Ол 10 жылға жуық уақыт Торре-дель-Лагода Пуччини фестивалінің әкімшілігінде жұмыс істеген. Танымал дирижер дүниежүзі театрларымен бірлесіп қызмет етеді, олардың қатарында Италия, Жапония, Қытай, Монако және әлбетте, Қазақстан мен басқа да елдер бар.
«Джакомо Пуччиниге арнау» концерті қазақстандық тыңдаушыларға италиялық классиктің шығармашылығын түпнұсқа қырынан ашады. Бағдарламаға енген туындылардың көбі елімізде ешқашан орындалмаған. Мәселен, сирек нөмір саналатын Дж.Пуччинидің «Виллисалар» тұңғыш операсынан мистикалық көріністі тыңдау қызықты болады.
Сонымен, екі бөлімнен тұратын концертке опера сахнасының примасы Жұпар Ғабдуллина, Бибігүл Жанұзақ, Татьяна Вицинская, Лейла Аламанова, Галина Чеплакова, Мейір Байнеш, Медет Чотабаев, Жанат Шыбықбаев, Шыңғыс Расылхан, Дінмұхамед Көшкінбаев, Расул Жармағамбетов, Артур Ғабдиев, Рамзат Балакишиев, Сұлтан Бақытжан, Алтынбек Әбілда, Валерий Селиванов пен театрдың басқа да көптеген солистері қатысады.
Кеш аясында қазақстандық көпшілік Грузияда дүниеге келген әнші Марина Медичидің шығармашылығымен таныса алады. Ол көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты, оның ішінде Монсеррат Кабалье мен Лучано Павароттидің беделді байқаулары да бар. Әнші П.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының Зураб Соткилава класын тамамдаған, ал соңғы 12 жыл Италияда табысты опера әншісі болған. Вокалист Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетеді. Опера сүйер қауым үшін ол «Тоска» операсынан «Mario! Mario! Mario!» дуэтін дайындады, әнші оны италиялық тенор Раффаэле Абетемен бірге орындайды. Жастығына қарамастан, Р.Абете әлдеқашан Еуропаның ірі опера сахналарында көрермендердің ықыласын жаулап үлгерген. Оның жарқын дауысы мен «Богемадағы» Рудольф немесе «Риголеттодағы» Мантуя герцогі сынды рөлдерді әсерлі талдауы көрермендер мен музыкалық сыншыларды тәнті етуде. Ол Палермодағы Teatro Massimo мен Неапольдегі Teatro di San Carlo сынды беделді театрлармен ұдайы бірлесіп жұмыс істейді, сондай-ақ оның Эссен, Майн, Верона, Болонья мен Нью-Йоркте де жанкүйерлері аз емес.
Белгілі сопрано Мария Мудряк таныстыруды қажет етпейді. Мария Мудряк шығармашылығының жанкүйерлері оның қатысуымен болатын концерттерге билеттерді сатылым басталған бойда алып қойып жатады. Бұл кеште әнші «Джанни Скикки» операсынан Лауреттаның нәзіктікке толы «O mio babbino caro» ариясын орындайды. «Богеманың» екінші актісінен сахнаның орындалуы да бұдан қызықты болмаса, кем түспейді. Бұл көріністе Мария Мудряк (Мюзетта), Медет Чотабаев (Рудольф), сондай-ақ «Астана Опера» театрының солистері, балалар мен ересектер хоры көрермендерді шулы да мерекелі Парижге жетелейді.
Жұпар Ғабдуллина (Турандот), Мейір Байнеш (Калаф) пен Мария Мудряктің (Лиу) қуатты дауыстары ашылатын әйгілі «Турандот» операсынан көрініс қорытынды аккорд болмақ.
Бұдан бөлек, кеш аясында театр фойесінде «Италиялық мұра, шеберлік пен құштарлықтың жүз жылы» көрмесі өтеді.
Концерттің басталуы 19:00-де.