«Біржан – Сара» операсы сахнаға оралды

Ұлттық классика қазынасы – Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсы 23-24 қаңтарда «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында ұсынылады. Екі кеш бойы театрдың симфониялық оркестріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин жетекшілік етеді. Сондай-ақ спектакльде елордалық театрдың жас әртістерінің дебюттері орын алады деп күтілуде.

Афишада әйгілі «Біржан – Сара» операсының пайда болуы өнер сүйер қауым үшін ғана емес, сондай-ақ «Астана Опера» әртістері үшін де айтулы оқиға. Бірін-бірі ұнатқан қос ақын Біржан мен Сараның хикаясы қазір де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сонымен, 23-24 қаңтарда қазақ операсының зор жетістігіне айналған спектакльде елордалық театрдың жарқын солистері сахнаға шығады. Атап айтсақ, Біржанның басты партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейір Байнеш пен Бейімбет Таңарықов орындайды, ал Сараның рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бибігүл Жанұзақ пен Айгүл Ниязова таныстырады.

Басқа да бейнелерді сахнада опера труппасының керемет әртістері сомдайды: Жанбота – Талғат Ғалеев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Аналық – Гүлжанат Сапақова, Салтанат Мұратбекова, Алтынай – Әсем Сембина, Ұлпан Әубәкірова (дебют), Жиенқұл – Алтынбек Әбілда (дебют), Қожағұл – Валерий Селиванов (дебют), Шыңғыс Расылхан, Серік – Артур Габдиев, Мерей Қадырханов (дебют), Естай – Әлихан Зейнолла, Талғат Аллабиринов.

Жиенқұлдың партиясында дебют жасайтын театр солисі Алтынбек Әбілданың айтуынша, бұл оның ұлттық репертуардағы жағымсыз кейіпкерді екінші рет орындауы болды, бұған дейін А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсындағы Жиренше бидің рөлінде сахнаға шыққан.

— Жиенқұл ақын Сараны өзіне күштеп төртінші әйел қылып алғысы келеді. Ол жағымсыз кейіпкер болғандықтан бейнемен көп жұмыс істеуіме тура келді. Бұл партия вокалдық техникалық жағынан диапазоны өте кең. Төменгі ноталар көп кездеседі, сол дыбыстардың естілуіне мән беріп, музыкалық фразалармен жұмыс жасап жатырмын. Бейнені ашу үшін дауысты дыбыстарды анық айту өте маңызды, — дей келе, Алтынбек Әбілда барша асқақ өнер жанкүйерлерін «Астана Операға» осы спектакльді тамашалауға шақырды.

Ал Біржанға ғашық қызғаншақ Алтынайдың партиясын таныстыруға дайындалып жатқан театрдың жас солисі Ұлпан Әубәкірова бұл өзі үшін қазақ операсындағы алғашқы тәжірибесі екенін атап өтті.

— Біржанға бала кезден ғашық Алтынай оны Сарадан айырғысы келеді. Әрине, жауапсыз махаббат қызды көр соқыр етіп, оның жүрегіне зұлымдық ұялатады. Ол операда жағымсыз кейіпкер ретінде көрсетілсе де, мен үшін ол мейірімді қыз, тек Біржанды өзіне қарата алмағандықтан ашуға бой алдырады, осы жауапсыз махаббаты оны теріс амалдар жасауға итермелейді, ақыр соңында бұл қайғылы жағдайға душар етеді. Мен оны өзімше сомдауға тырысамын, менің Алтынайым барынша сендірерлік болып шығады деген үміттемін, — деп қорытындылады солист.

Сондай-ақ сахнаға Біржанның әкесі Қожағұлдың партиясында шығатын театр әртісі Валерий Селиванов көрермендердің әсем музыкамен және М.Төлебаевтың операсының тамаша қойылымымен рақаттануына және жарқын әсер алуына тілектестік білдірді.

— Қожағұл кішігірім рөл болғанымен, мен үшін бұл маңызды дебют болып табылады. Менің кейіпкерім ұлына әрдайым қамқор болып, оны уайымдап жүреді, себебі молдалар оған билікпен қақтығыс болу қаупін ескертеді. Ал әкесіне қарағанда, бұл жағдай Біржанның үрейін туғызбайды. Мен әкесінің ұлына деген сезімдерін жеткізе аламын деген ойдамын, — деп пікірін ортаға салды Валерий Селиванов.

Еске сала кетейік, Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсына екі жылдан кейін сексен жыл толады. 2013 жылы «Астана Опера» театры ұлттық классиканың алтын қорындағы дәл осы жауһармен ашылған болатын. Бірнеше жыл спектакль Ресейдің Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Юрий Александровтың қойылымында жүріп келді. Сондай-ақ ол 2014 жылы Санкт-Петерборда Мариинский театрының сахнасында ұсынылды.

Кейін, 2018 жылы елордалық театр Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров пен кеңесші режиссер Михаил Панджавидзенің музыкалық-сахналық редакциясын көрермен назарына ұсынды. Екі қойылымның да қоюшы дирижері ретінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, музыкалық редакциялардың авторы Абзал Мұхитдин тер төкті. Хордың керемет үн шығаруына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бас хормейстер Ержан Дәуітов жауапты болды.

Спектакльдердің басталуы 19.00-де.