Биыл 100 сауда базары жаңғыртудан өтеді

Заманауи сауда форматының үлесін арттыру мақсатында сауда базарларын модернизациялау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 2024 жылы 16 сауда базары жаңғыртудан өткен болса, биыл 100 сауда базарын модернизациялау жұмыстары жүргізіледі.

Сауда заңнамасына сай базарлар онлайн төлем жасау аппараттарымен қамтылған, санитарлық және өрт қауіпсіздік талаптарына сай келетін, тұтынушылардың қолайлылығы үшін  өз территориясында көлік тұрағы болуы керек. Өңірлерде базарларды жаңғырту жұмыстары жеке инвестиция есебінен жүргізілуде. Мәселен былтыр Шымкент қаласындағы «Алаш» базарында модернизациялау жұмыстары аяқталды.

«2023 жылы «Алаш» базарында ескі конструкцияны демонтаж және жаңа нысанның іргетасын қалау жұмыстары жүргізілді. Былтыр толықтай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, желтоқсан айында қолданысқа берілді. Қазір стандартқа сай заманауи 2 қабатты 3 павильоннан тұратын сауда нысаны пайда болды», — деді Шымкент қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Нұрасыл Тулеев.

Базарлардың жаңғыртудың Жол картасына сай 2025 жылы Астанада 7, Алматы қаласында 10, Шымкентте 4, Абай, Жамбыл, ШҚО, Қостанай, облыстарында 3-тен, Алматы облысында 10, Атырау және Қызылорда облыстарына 4-тен, Ақмола облысында 1, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында 2-ден, Жетісу және Павлодар облыстарында 6-дан, Маңғыстау мен Қарағанды облыстарында 5-тен, Түркістан облысында 8 сауда базары жаңғыртудан өтеді. Ел бойынша ең көп сауда базарының модернизациясы жүретін өңір – Батыс Қазақстан облысы. Мұнда 14 сауда базарын жаңғырту жоспарланған.

Шығыс Қазақстан облысында биыл «Заречный», «Заря», «Центральный» базарлары заманауи форматқа сай модернизациядан өтеді. ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Асхат Сағидолдин «Заречный» базарында басталған жаңғырту жұмыстарымен танысты. Базарда құрылыс және монтаждау жұмыстары басталған. Базар басшысы Тимур Музапаровтың айтуынша ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары биылғы жылдың мамырында аяқталады деп күтілуде.

Айта кету керек елдегі базарларды жаңғырту жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін толықтай аяқталуы тиіс. 2026 жылдан бастап сауда заңнамасында көрсетілген заманауи форматқа сай келмейтін сауда базарларының иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жалпы Ұлттық даму жоспарына сай 2029 жылға дейінгі заманауи сауда форматының үлесін 70% жеткізу жоспарланған.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті