Биыл күзде БАӘ-де Қазақстанның Сауда үйі өз жұмысын бастайды

Дубайда сауда өкілдігін ашу арқылы қазақстандық өнім өндірушілер БАӘ мен Парсы шығанағы елдерінің нарығына шығу үшін жаңа мүмкіндік ашылмақ. БАӘ және Парсы шығанағы елдерінің нарықтарындағы сыртқы экономикалық қызметті белсенді кеңейту мақсатында ҚР Сауда және интеграция министрлігі жанындағы «QazTrade» АҚ Дубай қаласындағы Қазақстанның павильонынан QazTrade Dubai өңірлік өкілдігін ашуға бастама жасады.
Expo City Dubai аумағында орналасқан павильон 3 420 м² аумақты алып жатыр, оның 2 415 м² функционалдық кеңістікті құрайды. Нысан заманауи кеңселермен, іскерлік іс-шараларға арналған көпфункционалды аймақпен, мейрамханамен, көрме галереясымен және қоймалармен жабдықталған. Бұл алаңды тұрақты экспорттық және сауда-логистикалық қызмет үшін толыққанды платформа ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.
QazTrade Dubai «QazTrade» АҚ-ның шетелдік өкілдігі болады және Парсы шығанағы елдерінде қазақстандық өнімдерді жүйелі түрде ілгерілетуге жауапкершілік алмақ. Жұмыстың негізгі бағыттары:
– қазақстандық тауарларды өңірлік нарықтардың талаптарына бейімдеу;
– сауда және техникалық кедергілерді еңсеру;
– мемлекеттік қолдау құралдарын іске асыру;
– сыртқы сауда қызметін реттеудің мемлекетаралық тетіктерін дамыту.
Павильонда тұрақты негізде қазақстандық өндірушілердің шоурумы жұмыс істейтін болады, сондай-ақ сауда-экономикалық миссиялар, B2B-кездесулер және салалық іс-шаралар өткізіледі деп жоспарланған. Қазірдің өзінде бизнеспен жедел өзара іс-қимыл жасау үшін арнайы штаб құрылды, оның құрамына Қазақстанның өңір елдеріндегі сауда өкілдері және QazExportPromotion корпоративтік қорының қызметкерлері кірді. Команда экспорттаушыларды негізгі бағыттар бойынша, яғни нарыққа шығу, логистика, маркетинг, өнімді бейімдеу және брендтерді жылжыту кешенді сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.
БАӘ мен Парсы шығанағы елдерінің нарығының ерекшелігі – импортқа тауарлық шектеулер жоқ. Бұл қазақстандық өнімдердің алуан түрлілігін — азық-түліктен өнеркәсіптік мақсаттағы бұйымдарға дейін экспорттауға кең мүмкіндіктер туғызады. Сонымен қатар, жоғары бәсекелестік мінсіз сапаны, тиімді маркетингтік стратегияны және институционалдық қолдауды талап етеді.
QazTrade Dubai стратегиялық міндеттерді іске асыруға кірісті. Дубайдағы қазақстандық павильон өңір нарығына қазақстандық өнімдердің енуін кеңейту бойынша мемлекет пен бизнестің күш-жігерін шоғырландыру орталығына айналады. Жұмыстың негізгі бағыттары экспорттық жылжытудың бүкіл циклін қамтиды — тікелей сату арналарын құрудан бастап, сауда желілерімен, дистрибьюторлармен және инвесторлармен тұрақты серіктестіктер құруға дейін.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның БАӘ-дегі негізгі экспорттық позициялары:
- күміс — $55,2 млн (42,1%);
- сутегі, инертті газдар және бейметалдар – $13,1 млн (10%);
- қой мен ешкі еті-8 8,1 млн (6,2%);
- легирленбеген болаттан жасалған ыстықтай илектелген прокат-5 5,2 млн (4%);
- кептірілген бұршақ көкөністері-4 4 млн (3,1%);
- демалуға арналған яхталар мен өзге де жүзу құралдары-3 3,5 млн (2,7%);
- азотты тыңайтқыштар – $2,9 млн (2,2%),
- сұйық сорғылар – $2,7 млн (2%);
- қож – $2,4 млн (1,8%).
БАӘ-де сауда үйін құру Қазақстанның Парсы шығанағы нарығына жүйелі кірігуіндегі маңызды қадам болады және отандық экспорт үшін жаңа көкжиектер ашады.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Баспасөз қызметі