Бизнестің білім жобаларына мән беруі жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттырады
Қарағандыда VIII «RoboLand 2023» халықаралық робототехника фестивалі өтіп жатыр. Робототехникалық жоба аясында биыл түрлі мемлекеттен келген 4 пен 18 жас аралығындағы 1500-нан астам қатысушы бас қосты. Агроөнеркәсіп саласындағы қазақстандық ең ірі AITAS холдингі фестивальдің демеушісі атанды. Осылайша холдинг RoboLand-тің балалар арасында робототехниканы, бағдарламалауды және инновациялық технологияларды дамытуға үлес қосатын шара ретіндегі маңызын ерекшелеп отыр.
RoboLand фестивалі 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Жыл сайын мұнда Ресейден, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Сербиядан, Польшадан, Италиядан, Грекиядан және басқа елдерден келген командалар бақ сынайды. Регламент аттестациясы халықаралық стандарттарға сай жүреді, тәуелсіз қазылар алқасы шақырылады. Осы жылы Халықаралық спорт және білім робототехникасы бірлестігінің президенті Максим Васильев бас қазы болды.
«Қазақстандық агроөнеркәсіп саласындағы ең ірі холдинг саналатын AITAS процестерді басқаруда ең инновациялық деген тәсілдер мен шешімдерге баса мән береді. Холдингке кіретін құс фабрикалары технологиялық процестерді бақылау және басқарудың автоматтандырылған жүйесімен жабдықталған, ал Aitas Agro агрохолдингі өндіріс және бақылау жұмыстарын жүргізу үшін ең жаңа деген цифрлық технологияларды қолданады. Roboland фестивалін қолдауымыз, осылайша роботехниканың дамуына үлес қосуымыз — еліміздің болашағына салынған инвестиция. Нәтижесінде осы саладан хабардар, білімі бар жастар жалпы Қазақстанның өркендеп, дамуына ықпал ететін басты күштердің біріне айналады», — деп атап өтті шара барысында Руслан Ильницкий, AITAS холдингінің бас директоры.
Фестивальдің бас серіктесі – Aitas Foundation корпоративтік қорының жобалар қорынына кіретін Білім саласын тұрақты дамыту қоры (БСТДҚ). БСТДҚ басшысы Данияр Тоқтарбаевтың айтуынша, осы жылы фестивальде басқа балалармен қатар қор жобаларына қатысқан ауыл мектептерінің оқушылары да өнер көрсетіп жатыр екен. Бұл мектептерді жаңарту барысында БСТДҚ робототехника және бағдарламалау кабинеттерінің құрал-жабдығына ерекше мән берген болатын.
«Робототехника — цифрлық экономика мен 4.0 индустрияның жүрегі. Біз робототехниканы оқу бағдарламасына қосу – жаңа ұрпақ алатын білімнің ажырамас бөлігі деп санаймыз. Roboland-ке қатысу оқушыларға алдыңғы қатарлы технологиялармен жұмыс істеуге қажет болатын дағдыларды дамытуға және роботехникаға, автоматтандыруға, жасанды санаға байланысты болашақтың мамандықтарына дайындалуға бірегей мүмкіндік береді», — дейді Данияр Тоқтарбаев.
Шара ұйымдастырушылары да фестивальдің ерекше мәнге ие екенін атап өтуде, мәселен, RoboLand Қазақстан Оқу-ағарту министрлігінің олимпиадалар және байқаулар тізіміне кіреді, ал фестивальге қатысу жас робототехникашылар үшін үлкен жетістік саналады.