«Болашақ» түлегі: ауылда математикаға жаңа тыныс берген ұстаз

Абай облысы, Қарақол ауылындағы Қарақол орта мектеп-бақшасында «Болашақ» бағдарламасының түлегі математика мұғалімі қызметінде жұмыс істейді. Қуаныш Алтынжанов — шетелдік білім мен тәжірибені ауыл балаларына жеткізуді мақсат еткен педагог. Мұғалімнің білім беру саласындағы жоғары жетістіктері мен тың тәсілдері ауылдық мектепте оқушылардың математикалық білімін шыңдап қана қоймай, оларға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

2011 жылы Сингапурда «Problem based learning» курсынан өтіп, одан кейінгі жылдары Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласында тілдік курс, Финляндиядағы HAMK университетінде жоғары сыныптарда математиканы ағылшын тілінде оқыту педагогикалық тағылымдамадан өтті. 2015 жылы Ломоносов ат. Мәскеу мемлекеттік университетінде олимпиадаға дайындық курсын тәмамдаған, 2018 жылы ұстаздар арасында өткен халықаралық олимпиаданың жүлдегері атанды.

 Қуаныштың ең үлкен жетістіктерінің бірі – «Болашақ» бағдарламасы аясында қорғаған ғылыми жобасы. Ол жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларды оқытуда қолдану тақырыбын зерттеп, осы бағытта ауыл мектептеріне жаңа әдіс-тәсілдерді енгізіп жүр. Әсіресе, флипт классрум (flipped classroom) әдісін қолдану арқылы математика сабағын оқытуда жаңа деңгейге көтеріп, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруда.

«Мен ауыл балаларын әлемдік білім кеңістігіне жақындауына ықпал еткім келеді. Әр бала қай жерде туып-өскеніне қарамастан, сапалы білім алуға лайықты. Менің мақсатым – ауылдық мектептің қабырғасында оқушылардың қабілеттерін дамытып, оларды болашақта үлкен белестерге шығуға дайындау. Әлемдік тәжірибе мен озық әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы ауыл балаларының да бәсекеге қабілетті білім алуына мүмкіндік жасау – менің ұстаздық міндетім», — дейді математика пәні мұғалімі.

Қарақол орта мектебінде 2021 жылдан бері математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін Қуаныш Алтынжанов, ауыл балаларына сапалы білім беруді өмірлік миссиясы санайды. Жоғары деңгейдегі білімін ауыл балаларына арнап, оларды олимпиадалық резервке дайындау мақсатында үздіксіз еңбектенуде.

Абай облысы ББ баспасөз қызметі