Бруцеллез және алдын алу

Бруцеллез – аса қауіпті жұқпалы ауру. Бұл ауруды қоздырушы өте ұсақ бруцелла микроорганизмі , сыртқы ортаға шыдамды болып келеді, сондықтан тез жұғады және емдеуі өте қиын. Қазақстанда мал шаруашылығы кең өркендеуіне байланысты адамдардың бруцеллезбен ауыру жағдайы жоғары болып келеді.
Бруцеллез-бруцеллалармен шақырылатын қоздырғышы әртүрлі механизммен берілетін, клиникасында созылмалы қызбамен, қимыл-қозғалыс аппаратының, жүйке жүйесінің, жүрек-қан тамыр жүйесінің, зәр шығару жүйесінің және т.б жүйелердің зақымдалуымен жүретін, созылмалыға ауысуға бейім, зоонозды инфекциялық ауру.
Инфекция көзі: ұсақ мүйізді, ірі қара мал, шошқалар, маралдар.
Адамдарға жұғу жолдары: алиментарлық тағам арқылы. Ауру сиыр, ешкі, қойдың қайнамаған сүтін немесе толық термиялық өңдеуден өтпеген (сүт, сүт өнімдері, әсіресе ешкі сүті мен брынза, қаймақ, сары май, кәуап, т.б. өнімдерді) пайдаланғанда, шикі күйінде немесе жеткілікті дәрежеде қайнатып пайдаланған жағдайда жұқтырады.
Қатынас арқылы тікелей берілу:
- ауру малды күтіп-баққанда;
- малдың жүнін қырқу, малды сою, терісін сыпыру кезінде;
- мал төлдету кезінде малдың шуы, қағанақ суымен қатынаста болғанда;
- туған қозыны ауыздандырып емізу кезінде;
- ауа-шаң (аэрогенді) аурузақымданған ауамен демалған кезде тыныс жолдары арқылы да денеге түседі.
Бруцелла сыртқы ортада өте төзімді, мысалы:
- малдың қиында, зәрінде, ластанған суда (иірім, арық, тоғандарда) 40 күнге дейін тіршілігін сақтайды;
- бруцеллалар суыққа төзімді келеді, мұзға, қарға түскен бруцеллалар 1-2 айға дейін шыдайды;
- сондай-ақ бруцеллезбен ауырған сиырдың сүтінен жасалған тағамдарда (сары май, құртта, ірімшіктерде) қоздырғыштар 40 – 60 күнге дейін сақталады.
Топырақта 3 айда, тұздалған қой терісінде 2 ай, мал жүнінде 4 айдан артық тіршілігін сақтай алады.
Ыстыққа төзімсіз. Сүтті қайнатқанда және пастерлегенде бруцеллалар бірден өледі, арнайы дезинфекциялық заттардан бірнеше минутта, ал тура түскен күн сәулесінен бірнеше минуттан 3-4 сағат аралығында өледі.
Адамдарда бұл ауру ұзаққа созылады 2-4 апта аралығында жасырын өтуі мүмкін. Оқтын-оқтын өршіп отырады, мүгедектікке соқтыруы мүмкін. Бруцеллездің алғашқы белгілері қалтырау, дене қызуының көтерілуі, тершеңдік. Бүкіл дененің дел сал болуы, әлсіздік, жұмысқа қабілеттің төмендеуі, буындардың ауруы мен ісінуі, бұлшық еттер мен сүйектердің қақсап ауруы байқалады. Тершеңдік бруцеллез ауруының негізгі белгісі. Әсіресе, кешкі уақытта қатты терлеп науқас ішкі киімі мен төсегін жиі ауыстыруға мәжбүр болады.
Бруцеллез адамның барлық мүшелері мен жүйелерін зақымдануы мүмкін, атап айтқанда жүйке, жүрек қан тамыр, қуық-жыныс, сияқты тағы басқа жүйелерін зақымдайды. Аяғы ауыр әйелдер түсік тастауы, немесе ерте босануы мүмкін.
Алдын алу шарараларына – қолдан сүт алмаңыздар, алсаңыз – қолданыс алдында қайнатыңыз, барлық сүт өнімдерін (ұйыған сүт, ірімшік, айран, қаймақ, май) пастерленген сүттен дайындалғаны дұрыс, базарда ет және сүт тағамдарын сатып аларда ветеринарлық зертханадан алынған сертификат сапасын сұраңыз, егер алған етіңіздің сапасына күмәндансаңыз – оны кішкентай бөлшектерге бөліп 3 сағаттай қайнатыңыз.
Малды қабылдау немесе сату кезінде ветеринар дәрігерден малдың денсаулығы туралы анықтаманы міндетті түрде алу қажет.
Ет пен сүтті сатып алу кезінде, қауіпсіздік сапасын куәландыратын арнайы құжаттарды талап еткен жөн.
Жоғарыда көрсетілген қарапайым ережелерді орындау арқылы Сіз өзіңізді тек бруцеллезден ғана емес, сондай-ақ, басқа да үй малынан жұғуы мүмкін қауіпті дерттерден сақтайсыз!
Асхат Чарапиев,
Жетісу облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.




