Брюссель сапары: Еуропалық Одақтың жүрегінде өткен мазмұнды кездесу

Брюссель — Еуропалық Одақтың ғана емес, бүгінде бүкіл әлемдік саясат пен құндылықтар туралы пікірталастың да орталығы. Маусым айында осы шаһарға сапар шегіп, Еуропалық Комиссия, Еуропарламент және Еуропалық Сыртқы істер қызметінің өкілдерімен кездескен топтың құрамында болу бақыты бұйырды.

Сапар барысында біз ресми институттардың ішкі жұмыс жүйесімен, ЕО-ның сыртқы саяси ұстанымымен және халықаралық медиаға арналған ашық құралдарымен жақынырақ таныстық. Бірақ бұл іссапардың шын мәніндегі құндылығы — Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы сенім мен кәсіби әріптестік көпірлерінің орнауы.

Саясаттағы шынайылық пен стратегиялық үнқатыс алаңы Брюссельде бізге Еурокомиссияның сыртқы саясат және қауіпсіздік саласындағы жетекші спикері Анитта Хиппер ханыммен бейресми кездесу орнатылып, ашық форматта қазіргі таңда әлемде болып жатқан жаңалықтарға тоқталдық.

Еуроодақтың ұстанымдарына қатысты сұрақтарымызға нақты жауап алдық. Украинадағы соғыс, Ресейге салынған санкциялар, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық, Қытай мен АҚШ арасындағы бәсеке, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің стратегиялық маңызы сияқты бірқатар дүниелер нақты мысалдармен түсіндірілгені қуантты.

ЕО-ның сыртқы саясаты — тек реактивті емес, ұзақмерзімді алдын ала жоспарлауға негізделген прагматикалық бағыт. Бұл — тек құндылықтар арқылы емес, нақты құралдар мен келіссөздер арқылы әсер етуді көздейтін тәсіл.

Мәдениеттер тоғысы және кәсіби байланысты көздеген сапардың тағы бір маңызды тұсы — әр елден келген қатысушылар арасындағы өзара түсіністік пен кәсіби ынтымақтастық. Журналистер, саясаттанушылар, зерттеушілер әрқайсысының көзқарасы әр түрлі болғанымен, ортақ алаң — диалогқа ашықтық пен сындарлы пікір алмасу.

Брюссельде қалыптасқан бейресми байланыстар — болашақ бірлескен жобаларға негіз болары анық. ЕО өкілдері тарапынан ұсынылған ресурстар, атап айтсақ, EUvsDisinfo платформасы немесе Еуропарламенттің медиа құралдары бізге нақты контент жасауда үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Ақпараттық соғыстар және дезинформациямен күрес жолында да Еуроодақ бірқатар шараларды қолға алып отыр. Бүгінде шынайы ақпарат үшін күрес физикалық соғыстардан кем емес. Бұл орайда EUvsDisinfo секілді платформалар ЕО-ның ақпараттық майдандағы басты құралдарының бірі. Ал бұл алаңда авторлық материал жариялау халықаралық медиаға тікелей үн қосуға мүмкіндік береді.

Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынас жылдар бойы тұрақты түрде дамып келеді. Бұл — біржақты қызығушылыққа емес, өзара мүдде мен прагматикалық сенімге негізделген серіктестік. Бүгінгі таңда Қазақстан — Орталық Азиядағы ЕО-ның ең ірі және сенімді әріптестерінің бірі.

Брюссельде өткен сапар барысында бұл серіктестіктің нақты мысалдарына көз жеткіздік. ЕО өкілдерімен өткізілген кездесулерде Қазақстанның өңірлік тұрақтылық пен бейбіт дипломатиядағы рөліне жоғары баға берілді. Қазақстан өзінің бейтарап (нейтралды) ұстанымымен көптеген күрделі геосаяси дағдарыстарда байыптылық танытып келеді. Бұл ұстаным — әлсіздік емес, керісінше, балансты саясаттың және халықаралық беделдің көрінісі.

Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымы — біржақты бағыныштылыққа емес, ұлттық мүддені сақтау арқылы көп векторлы серіктестік орнатуға бағытталған. Бұл тәсіл — өзара құрмет пен тепе-теңдікке негізделген ынтымақтастықтың ең ұтымды жолы.

Соңғы жылдары екіжақты байланыстар аясында жасыл экономика, энергетика, цифрландыру, білім беру, логистика және өңірлік қауіпсіздік бағыттарында бірқатар маңызды келісімдер жүзеге асып келеді. Сонымен қатар, ЕО мен Қазақстан арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім (EPCA) тараптар арасындағы өзара сенімді одан әрі нығайта түсетін стратегиялық құжат.

Брюссельдегі пікірталастарда Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастық тек мемлекетаралық деңгейде емес, азаматтық қоғам, медиа, академиялық орта мен жастар арасындағы диалог арқылы да күшейе түсетіні жиі айтылды. Мұндай байланыстар бір күннің емес, ұзақмерзімді тұрақты серіктестіктің негізі.

Брюссельге сапар — халықаралық саясатты сырттай бақылап қана қоймай, оның ішкі логикасы мен шешім қабылдау тетіктерін түсінуге жол ашқан құнды тәжірибе. Еуроодақтың саяси институттары ашықтықты, азаматтық көзқарасты және өзара түсіністікті бірінші орынға қоятынына көз жеткіздік. Ал бұл — қазіргі әлемдік тұрақсыздық жағдайында аса маңызды қағидаттар.

Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қатынастың тереңдігі тек ресми келісімдер мен экономикалық мүдделермен ғана шектелмейді. Бұл — құндылықтарға, тұрақтылыққа және өзара құрметке негізделген көп векторлы ынтымақтастық. Қазақстан өз бейтарап ұстанымымен әлемге үлгі бола отырып, жаһандық шиеленістер жағдайында сенімді делдал рөлін атқаруға қабілетті ел ретінде қалыптасып келеді.

Бұл сапардың ең басты жетістігі — шынайы диалогтың мүмкін екендігіне, жас буынның да халықаралық алаңда өз даусын жеткізе алатынына көз жеткізу. Ендігі мақсат — алған білім мен тәжірибені Қазақстан қоғамының пайдасына жаратып, халықаралық үнқатысқа азаматтық деңгейде де үлес қосу. Себебі, болашақ — шекарасыз диалог пен өзара түсіністікке негізделген әлемде екені сөзсіз.

Ғазиза Ұзақ

Брюссель қаласы