Бүгінгі таңдағы сал-серіліктің рөлі

Қазақ халқының тарихында сал-серілердің орны айрықша. Олар – елдің рухани көшбасшысы, өнердің жан-жақты өкілдері, халықтың ойы мен арманын жырлаған, ұлттық болмыстың айнасына айналған тұлғалар. XIX ғасырда қалыптасқан сал-серілер мектебі – қазақ қоғамындағы мәдени өмірдің негізгі қозғаушы күштерінің бірі болды. Олар тек өнерпаз ғана емес, халықтың рухани ұстазы, әділет пен адалдықтың жақтаушысы, елді бірлікке үндеген қайраткерлер еді. Сал-серілер жүрген жерінде думан құрып, ән мен күйді, би мен айтысты тоғыстырып, халыққа эстетикалық ләззат сыйлады. Сондай-ақ олар ұлттық дүниетаным мен әдет-ғұрыптың сақталуына ықпал етіп, мәдениеттің дамуына ерекше үлес қосты. Олар тек әнші немесе күйші емес, сонымен қатар, ақын, композитор, биші, қолөнер шебері бола білді. Бұл дәстүр – қазақ өнеріндегі синкретизмнің айқын көрінісі. Сал-серілердің өнерінде халықтың қуанышы мен қайғысы, арман-мұраты, ұлттық мінез-құлық ерекшелігі айқын бейнеленді. Осылайша, сал-серілер қазақ халқының рухани мәдениетінде тек өнер иелері емес, ұлттық болмыстың тұтастығын сақтаушы, халықтың арман-мұратын жеткізуші, елдік идеяны насихаттаушы бірегей құбылыс ретінде тарихта мәңгілікке қалды.
Қазақ халқының мәдениетінде сал-серілік дәстүр – өнердің, әсемдіктің, сұлулық пен рухани еркіндіктің асқақ бейнесі ретінде Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай сынды тұлғалар бастап кеткен осы үрдіс бүгінгі таңда да жалғасын табуда. Сал-серілердің жолын жалғаған қазіргі заманғы өнер иелері ұлттық өнерді насихаттап қана қоймай, оны әлемдік деңгейге көтеруі заңды құбылыс. Бүгінгі таңда ұлттық өнердің қайта жандануы, дәстүрлі ән мен күйге деген қызығушылықтың артуы сал-серілер мектебінің өміршеңдігін дәлелдейді. Бұл синкреттік дәстүр халықтың рухың ұлттың рухани болмысын көтеріп, кейінгі ұрпаққа жеткізу миссиясымен ерекшеленеді. Халық күйшісі, композитор, Қазақтың халық күйшісі, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Секен Тұрысбеков – бүгінгі сал-серілердің жарқын өкілі. Оның «Көңіл толқыны» күйі ғана емес, жалпы 21 әні мен 14 күйі ұлттық музыка қорын байытқан қазына. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, домбырашы, күйші-зерттеуші Мұрат Әбуғазы – бүгінгі таңда осы үрдісті жалғастырып жүрген тұлғаларымыздың бірегейі. Ол домбыра өнерінің терең қырларын меңгерген күйші ғана емес, сал-серілердің мұрагерлік жолын зерттеуші әрі насихаттаушы. Репертуарында 500-ден аса күй бар. Күйшінің орындаушылық мәнері халықтық дәстүрге адал болып, шертпе күй мен төкпе күйдің табиғатын терең жеткізіп қана қоймай, өн бойын зерттеп, талдау ұрпаққа қалдыруда. Бұл тұрғыдан ол XIX ғасырдағы Тәттімбет, Сүгір сынды күйшілердің дәстүрін ХХІ ғасыр сахнасына алып шыққан жалғастырушы десек артық айтқандық емес.
XXI ғасыра ұлттық құндылығымызды брендке айналдырған өнерпаздардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері – Асылбек Еңсепов. Ол дәстүрлі өнерді жаңа сипатта орындап қана қоймай, ұлттық мұрамызды әлемдік сахналарға шығарған тұлға. Оның орындауындағы «Адай», «Балбырауын», «Көңіл толқыны» сияқты халық күйлері электрондық аранжировкамен үйлесіп, заманауи бағытта жастарға жаңа әсер сыйлайды. Бұл – дәстүр мен жаңашылдықты тоғыстырған ерекше құбылыс. Асылбек Еңсеповтің шығармашылығы арқылы домбыра қазақ халқының ұлттық аспабы ғана емес, заманауи музыка мәдениетінің бір бөлігі ретінде де таныла бастады. Қазіргі таңда ол Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында домбыра академиясын ашып, шетелдік жастарға қазақтың ұлттық аспабын үйретіп жүрген өнерпаз. Бұл бастама – ұлттық мұрамыздың халықаралық деңгейде насихатталуына жасалған маңызды қадам деп есептейміз. Оның өнері – синкреттік дәстүрдің бүгінгі заманға бейімделген, бірақ түп тамырынан ажырамаған жарқын жалғасы екенін мойындатты.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері – Рамазан Стамғазиев. Ол – ұлттық ән өнерін жаңа заманға бейімдей отырып, халықтық дәстүрдің табиғи болмысын сақтап келе жатқан дара тұлға. Репертуарында қазақтың халық әндері, жыр-термелер мен дәстүрлі ән мектептерінің туындылары кең орын алған. Әнші Арқа, Жетісу, Батыс аймақтық ән дәстүрлерін әлемдік деңгейде жаңғыртып, әр өңірдің өзіндік мәнерін тыңдарманға терең жеткізе білді. Әншінің орындаушылық шеберлігі тек ән айту техникасымен ғана шектелмей, ұлттық дүниетанымды, халықтың эстетикалық болмысын көркем жеткізумен ерекшеленеді. Сонымен қатар ол дәстүрлі ән өнерін ғылыми тұрғыда насихаттап, шәкірт тәрбиелеу арқылы ұлттық мұраны жалғастыруға үлкен үлес қосып келеді. Оның шығармашылығы заманауи сахналық мәдениетпен үндесіп, ұлттық құндылықтардың жаңа буынға жетуіне ерекше ықпал етуде.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, филология ғылымдарының кандидаты Сәуле Жанпейісова – қазақтың дәстүрлі ән өнерін насихаттауда өзіндік қолтаңбасын қалдырған өнер иесі. Оның шығармашылығы халық әндері мен жыр-термелерді ғылыми тұрғыдан жүйелеп, сахна мәдениеті арқылы жаңаша жеткізумен ерекшеленеді. Әнші ұлттық өнерді тек орындаушы ғана емес, оны зерттеуші, сақтаушы, әрі болашақ ұрпаққа жеткізуші тұлға ретінде танылуда. Әншінің орындаушылық пен композиторлық шеберлігі бір төбе. Осы тұрғыдан алғанда, ол сал-серілер дәстүріндегі эстетикалық құндылықтарды қазіргі заманмен ұштастырып, ұлттық өнердің шамшырағы ретінде бағалануда.
Сонымен қатар ҚР Мәдениет қайраткері, ұлтымыздың дәстүрлі әндерін насихаттап, халық мұрасын заманауи сахнада қайта жаңғыртып жүрген өнер иесі – Нұржан Жанпейісовтің орындаушылық мәнері қазақтың ұлттық болмысын айшықтап, тыңдарманға халық руханиятының тереңдігін таза саф қалпында жеткізе білуінде. Оның репертуарындағы халық әндері тарихи-мәдени жадты сақтап, өнер арқылы қоғамның рухани дамуына ықпал етеді. Ол дәстүрлі ән өнерін тек сахнада дәріптеп қана қоймай, оның ғылыми-танымдық негізін айқындауға, халықтық құндылықтарды жастар санасына сіңіруге үлес қосып келеді. Сондықтан да Нұржан Жанпейісовті сал-серілер дәстүрін жалғастырушы заманауи тұлға ретінде бағалау орынды.
Сал-серілердің асқақ рухы бүгінгі жас буыннан да айқын көрініс табуда. Соның бірегейі әлемдік деңгейде ұлтымыздың брендіне айналаған домбыра арқылы өзінің қайталанбас дауыс мүмкіндігі мен кең тынысты орындаушылық шеберлігі қазақ өнерінің жаңа деңгейге көтерді деуге толық негіз бар. Құдайберген Димаштың диапазоны әлемде сирек кездесетін жеті октаваға жуық. Фортепиано аспабындағы ең жоғарғы С8 нотасын орындауы – табиғи дарынының теңдессіздігін дәлелдеді. Бұл – тек әншінің жеке жетістігі ғана емес, қазақ халқының синкреттік мүмкіндіктерін әлемге паш еткен мәдени құбылыс. Ол халықаралық аренада дәстүрлі музыканы заманауи стильмен үйлестіріп, қазақ өнерін жаһандық аудиторияға танытты. Бұл – XIX–XX ғасырдағы сал-серілердің ұрпағына қалдырып кеткен, миссиясын әлемдік деңгейге жалғастырудың айқын көрінісі. Егер өткен дәуірдің сал-серілері ауыл-аймақты аралап, ән мен күй арқылы халықтың рухын көтерсе, бүгінгі таңда Димаш Құдайберген бүкіл әлемді аралап, миллиондаған тыңдарманға қазақ өнерін мәңгілік екенін дәріптеп берді. Осы тұрғыдан алғанда, Димаш Құдайберген – қазіргі заманғы сал-серілердің заңды мұрагері. Оның шығармашылығы ұлттық мәдениеттің уақыт пен кеңістік шекарасынан асып, жаһандық өркениетпен үндесуіне жол ашты. Бұл – сал-серілік дәстүрдің тек өткеннің тарихы ғана емес, болашақтың да мәдени бағдаршамы екенін айқындайды.
Қорыта келе, сал-серілік дәстүр – қазақ халқының мәдениетінде тек өнердің ғана емес, тұтас бір ұллтың өмір салты мен рухани дүниетанымның көрінісі.Сал-серілердің әні мен күйі тек эстетикалық құндылық емес, халықтың тарихы мен болмысының айнасы болды. Сал-серіліктің бүгінгі таңдағы рөлі – ұлттық болмысты сақтап, оны заманауи мәдениетпен үйлестіре білуінде.Бұл дәстүр халықтың тарихи жадын жаңғыртып, ұлттық мәдениеттің дамуына серпін береді. Сонымен қатар сал-серілер жолын жалғастырушы тұлғалар қазақ өнерін халықаралық сахнаға шығарып, ұлттық өнеріміздің әлемдік мәдениетпен тең дәрежеде тұруына мүмкіндік жасап отыр. Осылайша, сал-серілік дәстүрдің бүгінгі таңдағы маңызы – қазақ халқының мәдени мұрасын сақтауда, ұлттық өнерді дамытуда және оны жаһандық деңгейде танытуда айрықша орын алады. Сал-серілер салып кеткен сара жол үзілмей, қайта жаңғырып, әр буынның рухани тірегіне айналуда. Бұл – ұлттың мәңгілігінің, руханиятының өміршеңдігінің мәдени бағдаршамы десек артық емес.
Мультимедиялық дәстүрлі музыка
орталығының жетекшісі Каженова Р.
Мультимедиялық дәстүрлі музыка
орталығының қызметкері Мамирбаева А.


