Былтыр Экспорттық-кредиттік агенттігі Қырғызстанға бағытталған 4,3 млн доллар сомасына экспорттық келісімшарттарды сақтандырды

«Астана» халықаралық форумы аясында Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қырғыз Республикасының экономика министрі Бақыт Сыдықовпен екіжақты кездесу өткізді. Қазақстан мен Қырғызстанды саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және туыстық байланыстар біріктіреді. Арман Шаққалиев екіжақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық Қазақстан үшін маңызды әрі өзгермейтін басымдық екенін атап өтті.

Кездесу барысында екіжақты сауда, өнеркәсіптік кооперация мен инвестициялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда айналымы 1,7 миллиард долларға жетті. Қазақстан мұнай-химия, металлургия, машина жасау, тамақ және фармацевтика салаларының өнімдерін қоса алғанда, жалпы құны 200 млн АҚШ долларынан асатын 175 тауар түрінің экспорттын ұлғайтуға дайын екенін білдірді.

Экспортты қолдау аясында Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Қырғызстан бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. 2024 жылы агенттік 4,3 млн АҚШ доллары сомасына кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, алюминий катанкалары және басқа тауарларды қамтитын экспорттық келісімшарттарды сақтандырды.

Сонымен бірге тараптар бірлескен жобалардың қазіргі жағдайына назар аударды. Мәселен Таш-Кұмыр қаласында ферроқорытпа зауытын салу инвестициялық жобасын жүзеге асыру, «Қарасу – Ақ-Тілек» шекарасында индустриялдық сауда-логистикалық кешенді дамыту, сондай-ақ өңіраралық ынтымақтастық форумының екінші кезеңін дайындау мәселелері талқыланды.

Қырғызстанға мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу мәселесі де сөз болды. Министр ішкі нарық қажеттіліктері мен экспорттық міндеттемелер арасында теңгерімді сақтау маңызды екенін айтып, бұл бағыттағы үкіметаралық келісімді келісуге дайын екенін жеткізді.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі