Бюджет қаржысы халықтың ең маңызды мәселелерін шешуге жұмсалады
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында жол инфрақұрылымын дамыту, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жүйелерінің жай-күйі, энергетика саласындағы және т.б. мәселелер қаралды.
Жиында алдымен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов биылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштеріне тоқталды. Оның айтуынша, жыл басында облыста макроэкономикалық жағдай тұрақты, негізгі көрсеткіштерде өсім бар.
Ал қаржы басқармасының басшысы Нұрлыбек Өнербаевтың сөзінше, 2024 жылы болжанған облыс бюджеті кірісінің көлемі — 192,8 млрд.теңге. Қаңтар айында нақты түсім көлемі 17,4 млрд.теңгеге жеткен.
Облыстық бюджеттен әкімшілік объектілерді күрделі жөндеу бойынша 39 жобаға 6,5 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде білім беру саласында 3,5 млрд теңгеге – 21 жоба, денсаулық сақтау саласында 919,6 млн теңгеге – 7 жоба және т.б.
Айтып өткен жөн, бес жоба – өтпелі, қалған 34 жоба – жаңа. Бүгінгі таңда 19 жобаға қатысты мемлекеттік сатып алулар конкурсы жарияланды. Сонымен қатар, 13 жоба түзетуді қажет етеді.
Жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, былтыр жол инфрақұрылымын дамытуға 53,5 млрд теңге бөлінген. Облыстық және аудандық маңызы бар 456,9 шақырым жолға және 117 ауылдық көшеге күрделі жөндеу жүргізілді. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың көлемі 75% құрады. Биылғы жылы көрсеткішті 82%-ға жеткізу жоспарлануда. 441,1 шақырым жолды жөндеуге 48,1 миллиард теңге бөлінген. Қаражаттың 53%-ы – аудандық және ауыл жолдарын жаңартуға көзделген.
Ақтөбеде 13,9 млрд теңгені құрайтын 22 жоба бар, бұл – Шилісай, Жібек жолы (Заречный-3), Қызылжар-3, Кірпішті, Шестихатка тұрғын алаптарының, сондай-ақ Х.Досмұхамедұлы және Мәңгілік ел көшелерінің автомобиль жолдарын салу туралы жоба. Негізгі сомадан 2,7 миллиард теңге Қарғалы мен Елек арқылы өтетін көпірлерді қайта жаңартуға, 4,5 млрд. теңге — Оңтүстік-Батыс-1 және Оңтүстік-Батыс-2 аудандарының және Хмельницкий, Жұмабаев, Разин, Локомотивная, Станционная, Телефонная, Солнечная көшелерінің жолдарын күрделі жөндеуге жұмсалады.
«Біз қажетті құрылыс материалдарының көлемін анықтадық. Жергілікті жолдарды қайта құру және салу үшін 45,4 мың тонна битум және 800 мың тонна қиыршық тас қажет. Облыста қуаты 25,2 мың тонна битумға арналған сегіз қойма бар», — деді басқарма басшысы.
Жиынды қорытындылай келе, Асхат Шахаров мемлекеттік қызметшілердің назарын су тасқыны қаупі кезеңіне дайындыққа, жылу беру маусымының аяқталуына, әлеуметтік нысандар құрылысының барысын бақылауға аударды.