Дархан Сатыбалды Алматының Индустриялық аймағын кеңейтіп, жобалардың тиімділігін арттыруды тапсырды

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында Индустриялық аймақ аумағындағы бірқатар кәсіпорынның жұмысымен танысып, оның даму болашағына қатысты кеңес өткізді. Жұмыс істеп тұрған өндірістердің тиімділігіне, жерді тиімді пайдалануға, инфрақұрылымды дамытуға және жаңа инвесторларды тартуға басты назар аударылды.
Бүгінде Алматының Индустриялық аймағында 557,6 млрд теңгеге 118 жоба жүзеге асырылуда, 15 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. 2016 жылдан бері құны 142,1 млрд теңге болатын 41 нысан пайдалануға берілді. 2025 жылы инвестиция көлемі 224,9 млрд теңге болатын тағы 14 өндірісті іске қосу жоспарланған.
Кеңесте әкім кәсіпорындарды іске қосу ғана емес, олардың нақты экономикалық тиімділігін қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті:
«Жұмыс орындары, салық түсімдері, өнімге деген сұраныс сынды бізге нақты нәтиже маңызды. Алматы бос тұрған өндіріс орындарына емес, керісінше өсу нүктесіне айналуға тиіс», – деді Дархан Сатыбалды.
Кеңес қорытындысы бойынша әкім қалалық Кәсіпкерлік басқармасы мен АИА басшылығына инвестиция көлемін ұлғайту, жобалардың тиімділігін бақылауды күшейту, сондай-ақ шағын өнеркәсіп парктерінің жұмысын жандандыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
Индустриялық аймақтың екінші кезегін талқылау маңызды тақырыпқа айналды. Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Әлішер Сатыбалдиев теміржол инфрақұрылымының жай-күйі мен даму келешегі туралы баяндады. Бүгінде аталған аймаққа инвестиция салуға мүдделі 9 компанияның өтінімі конкурстық негізде қарастырылып жатыр.
«Индустриялық аймақтың екінші кезеңін іске қосу бойынша мерзімі, бюджеті және оған жауапты жандар көрсетілген нақты жол картасы қажет. Бұл істі кейінге қалдыруға хақымыз жоқ», – деді Алматы әкімі.
Электр қуаты тарифін төмендету, теміржол инфрақұрылымының өзін-өзі өтеу жолдары сынды нақты ұсыныстар да назардан тыс қалмады. Әкім индустриялық кластер кәсіпорындарына арналған төмендетілген тарифтер туралы бастамалардың бұған дейін де көтерілгенін еске салды.
Электр энергиясы тарифін төмендету, теміржол инфрақұрылымының өзін-өзі ақтау жолдары сынды нақты ұсыныстар да назардан тыс қалмады. Әкім индустриялық кластер кәсіпорындарына арналған төмендетілген тарифтер туралы бастамалардың бұған дейін де көтерілгенін еске салды.
Жер мәселесі де кеңесте кеңінен талқыланды. Дархан Сатыбалды аудан әкімдіктері мен тиісті басқармаларға жаңа өндіріс орындарын орналастыру үшін қосымша жер телімдерін іздестіру жұмысын жеделдетуді тапсырды.
«Алматыда барлық қажетті ресурс бар: дамыған инфрақұрылым, білікті мамандар, қаржы көздеріне қолжетімділік және төлем қабілеті жоғары нарық. Біз бұл әлеуетті толық пайдалануымыз керек», – деді Дархан Сатыбалды.
Әкім Индустриялық аймақтың көгалдандыру жұмыстарына айрықша назар аударды. Жапырақты ағаштарды отырғызуға басымдық бере отырып, жасыл желек қалыптастыру және олардың күтімін жүйелеу тапсырылды.
«Егер біз жасыл аймақтар жасайтын болсақ, онда оларды күтіп ұстау да талапқа сай болуы керек. Бұл АИА-ның әрбір қатысушысы үшін қалыпты жағдайға айналуға тиіс», – деп сөзін түйіндеді Алматы әкімі.
Бұған қоса, қала басшысы жаңа инновациялық компанияларды тартуды және Алматының Индустриялық аймағы базасында халықаралық деңгейдегі технопарк тұжырымдамасын әзірлеуді стратегиялық бағыттардың бірі деп атады.
Сондай-ақ, Индустриялық аймақ аумағында жаңа жобаларды іріктеуде қосымша құны жоғары, заманауи технология қолданатын және экспорттық әлеуеті бар өндірістерге басымдық берілетінін айтты.
Алматы қаласының баспасөз қызметі