Дархан Сатыбалды Индустриялық аймақ кәсіпорындарының жұмысымен танысып, өндіріс қуатын арттыруды тапсырды

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында Алматы Индустриялық аймағында орналасқан кәсіпорындардың қызметімен танысып, оның әрі қарай дамуының негізгі басымдықтарын айқындады. Әсіресе, өндірістік тиімділікке, экспорттық әлеуетті арттыруға, инвестиция тарту мен жерді тиімді пайдалануға ерекше назар аударды.
Сапар барысында әкім ең әуелі ауыл шаруашылығы мен коммуналдық қызметтерге арналған полиэтилен құбырлары мен тамшылатып суару желілерін өндіретін «Ирригатор Казахстан» ЖШС зауытына аялдады. 2024 жылдан бастап кәсіпорын жоғары және төмен қысымды полиэтиленнен өнім шығарып, Қазақстанмен қатар Ресей мен Қырғызстанға да жеткізіп отыр. Жобаның құны 2,7 млрд теңге, өндірістік қуаты жылына 270 млн метр құбыр, бұл шамамен 3,9 млрд теңгенің өнімі.
Компания басшылығы өндіріс көлемін ұлғайтып, Кавказ елдері мен Өзбекстан нарығына шығуды жоспарлап отырғанын айтты. Әкім өнім түрлерін кеңейтіп, құбырларды суару және абаттандыру жүйесінде қолдану мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл Алматының Индустриялық аймағының ішінде де, жалпы қала аумағында да маңызды.
«Жер телімін бөлу кезінде өнім түрі, инвестиция көлемі және іске қосу мерзімі бойынша кепілдіктер қажет. Бұл талаптар нақты есепке алынады», – деді Дархан Сатыбалды.
Шаһар басшысы олан кейін сәулеттік қасбеттер, терезелер, витраждар мен әйнек пакеттер шығаратын «Жарық мөлдір конструкциялар комбинаты» ЖШС зауытына барды. Жобаның құны 3,3 млрд теңге, жылдық қуаты 475 мың шаршы метр өнім, 275 жұмыс орны ашылған. Өнім еліміздің ішкі нарығында, әсіресе Алматы мен өзге де өңірлерде жоғары сұранысқа ие.
Тұрақты тапсырыстарға қарамастан, әкім өндірісті кеңейтіп, инвестиция көлемін арттыруды және зауыт маңын көріктендіруді тапсырды. Сонымен қатар, кәсіпорынға қосымша алаң бөлу мүмкіндігін қарастыру жүктелді.
Сапар аясында қала басшысы бояу-жабын материалдарын шығаратын «БСФ» ЖШС зауытының жұмысымен де танысты. 2020 жылдан бері жүзеге асып жатқан жобаның құны 1,8 млрд теңге, 120 жұмыс орны ашылған. Жылдық өндіріс көлемі 10 795 тонна, бұл отандық нарықтың шамамен 15%-ы. Әкім бұл өндірістің құрылыс саласына қажетті отандық өніммен қамтамасыз етуде және импорттық тәуелділікті азайтуда маңызды екенін атап өтті.
Сапар соңында әкім үлкен диаметрлі болат құбырлар шығаратын «Asia Steel Pipe Corporation» ЖШС зауытына барды. 33 млрд теңгеге бағаланған жоба аясында 304 адам жұмыспен қамтылған. Зауыт жылына 100 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Дегенмен, қазіргі уақытта сұраныстың аздығына байланысты кәсіпорын уақытша тоқтап тұр.
Әкім кәсіпорын өнімін қаланың инфрақұрылымдық жобаларына енгізу жолдарын қарастыруды және республикалық деңгейдегі ірі тапсырыс берушілермен әріптестік орнатуды тапсырды.
Сондай-ақ, Индустриялық аймақта жаңа жобаларды іріктеу барысында қосылған құны жоғары, заманауи технологияларды қолданатын және экспортқа бағытталған өндірістерге басымдық берілетіні айтылды.
Қазіргі таңда Алматы Индустриялық аймағында жалпы құны 557,6 млрд теңге болатын 118 жоба жүзеге асырылып жатыр. 2016 жылдан бері 41 кәсіпорын іске қосылып, 15 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. 2025 жылы тағы 224,9 млрд теңге көлеміндегі 14 өндірісті іске қосу көзделген.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Дархан Сатыбалды мынадай тапсырма берді:
- жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өнім түрлері мен өткізу нарықтарын кеңейтуге күш салу;
- жер телімдерін тиімді пайдалану мен инвестициялық міндеттемелерді орындауға қатысты талаптарды күшейту;
- тиімділігі дәлелденген өндірістерге қосымша алаң беру мүмкіндіктерін қарастыру;
- шағын өнеркәсіп парктерін дамыту, Индустриялық аймақтың инфрақұрылымын жақсартып, көгалдандыру жұмыстарын арттыру.
«Алматының мүмкіндігі мол, инфрақұрылым, маман да, нарық және инвестициялық әлеует те бар. Индустриялық аймақ тек атау үшін емес, нақты өндірістік серпін беретін аумаққа айналуға тиіс. Біз әрі экономикада, әрі қаланың дамуында нақты нәтиже күтеміз», – деді Дархан Сатыбалды.
Алматы қаласының баспасөз қызметі