Дархан Сатыбалды түрік инвесторларымен Алматыда жоғары технологиялы өндіріс ашу мәселесін талқылады

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Түркияның «Köksan Holding» холдингінің бас директоры Мурат Кёкоглумен кездесті. Тараптар қала аумағында пластикті қайта өңдейтін әрі ПЭТ-преформалар (полиэтилентерефталаттан жасалған бөтелкелер мен басқа да қаптамаға арналған дайындалған бөлшектер) шығаратын зауыт салу жобасының болашағын сөз етті.

Жоба аясында жаңа, жоғары технологиялы өндіріс орны Алатау ауданындағы 15 гектар аумаққа орналасады.

Тікелей шетелдік инвестиция көлемі 44 млрд теңге болмақ. Кәсіпорын іске қосылған соң 138 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Өндірістік қуаты жылына 80 мың тонна ПЭТ-преформа мен 24 мың тоннаға дейін қайта өңделген пластик өнімдерін шығаруға жетеді.

Telegram-канал: Дархан Сатыбалды түрік инвесторларымен Алматыда жоғары технологиялы өндіріс ашу мәселесін талқылады

Қала басшысы экологиялық таза өндірісті дамыту мен қалдықты басқару жүйесін жетілдіру шаһардың дамуындағы басым бағыттың бірі екенін жеткізді. «Жоба біздің тұрақты даму стратегиямызбен үйлеседі әрі қалдықты қайта өңдеу экожүйесінің маңызды тетігіне айналады», — деді Дархан Сатыбалды.

Кездесу қорытындысы бойынша қала әкімдігіне қарасты тиісті басқармаларға инвестициялық жобаны жан-жақты қолдау жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.

Анықтама ретінде:
«Köksan Pet Packaging Industry Co.» компаниясы 1968 жылы құрылған. Бүгінде ол Түркия мен Еуропадағы қаптамалық өнімдер өндірісі бойынша алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың бірі. Компания өнімдерін әлемнің 100-ден астам еліне экспорттайды. Оның тұтынушылары қатарында Coca-Cola, Pepsi, Danone, Nestlé секілді брендтер бар.

Алматы қаласының баспасөз қызметі