Дәрігерлер қылмыстық қудалаудан құтылады ма?
Былтыр Алматыда гастроэнтеролог Юрий Шумковты қаланың қақ ортасында өзі емдеген науқас атып кетті. Алып шаһарды дүр сілкіндірген оқиға елдің есінде. Әлі күнге медициналық мекемелерде дәрігерлер мен мейірбикелерге емделушілердің шабуыл жасауы, дөрекі сөйлеу, бейнекамераға түсіріп, олардың беделіне нұқсан келтіру оқиғалары азайған жоқ. Тіпті талай науқасты дертінен айығуға араша болған дәрігерлерді бас бостандығынан айыру деректері жиіледі. Медицина қызметкерлерінің құқығын кім қорғайды? Осындай жанжал, кикілжің туындаған кезде қайда хабарласып, кімнен араша сұрауға болады? Денсаулық сақтау саласындағы түйіткілдерге қатысты заңгерлер мен кәсіподақ ұйымы өкілдерінің пікірін тыңдадық.
317 -бапты өзгертуге кімдер қарсы?
Елімізде «Дәрігердің науқасты емдеу кезінде жіберген қателігіне» қатысты қылмыстық оқиғалар, дау-жанжалдар 2014 жылдан бастап жиілеп кетті дейді Бақытжан Тәжібай. Қазақстандағы денсаулық сақтау қызметкерлерінің «Aқниет» салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасының айтуынша жыл сайын елімізде ҚР Қылмыстық кодексінің 317-323-баптары бойынша 600-800-ге жуық қылмыстық іс ашылады және басым бөлігі сотқа дейінгі тергеу кезінде жабылады. Себебі қылмыстық істер дәлелденбейді. Дегенмен емдеу кезінде науқастың қайтыс болуы, мүгедек болып қалған оқиғалардан кейін бас бостандығынан айырылған денсаулық сақтау саласының майталмандары да бар. Мамандар өз саласының кәсіби ,білікті дәрігерлерді түрмеге жабу, қылмыстық қудалауға қарсы. 2020 жылы ҚР ҚК 317-бабы бойынша соттар 39 қылмыстық істі қарап, 55 медицина қызметкеріне үкім кескен.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті 2017 жылы денсаулық сақтау саласы мамандарына 3000-нан астам емделуші шағым жазып, олардың 50% медициналық көмектің сапасына шағымданғанын жариялады. Нәтижесінде 430 маманға әкімшілік хаттама толтырылып, 299 жеке тұлға, 87 лауазымды және 23 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал 9 миллионға жуық теңге төленіп, пациенттердің шығыны өтеліпті. Бұл жаға ұстатарлық оқиғалардың салдарынан денсаулық сақтау саласында маман тапшылығы жылдан-жылға шешілмейтін өзекті мәселеге айналған. Бір жылда отандық медицина саласында талай науқасты емдеген 5 мың кәсіби медицина қызметкері шетел асып кеткен.
Кәсіподақ ұйымы өкілдерінің ҚР Қылмыстық кодексінің 317 бап бойынша дәрігер тағдырын шешетін қылмыстық жазаны әкімшілік жауапкершілікке ауыстыру туралы ұсынысы әзірге қоғамда қызу талқыланып жатыр. Дәрігерлер мен мейірбикелердің үрейін ұшырған бап бойынша «Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы» анықталса, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
«Шипа іздеген науқасқа дәрігер, мейірбике әрқашан медициналық көмек көрсетуге ұмтылады. Оларға жаза арқалату ,түрмеге қамау, қылмыстық қудалауды тоқтату керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлері қылмыстық қудалаудан босатылсын және ҚР ҚК 317 бапты әкімшілік жауапкершілікке ауыстыру туралы нақты тапсырма берген. Бірақ құқық қорғау қызметкерлері тарапынан қолдау тапқан жоқ. Біздің кәсіподақ ұйымы президенттің пікірін толық қолдаймыз. Себебі науқас қайтыс болғанда сот сараптамасын жасайтын мамандардың қызметіне көңіліміз толмайды»,— дейді «Aқниет» Қазақстандағы денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Тәжібай.
Сондықтан дау-дамайға айналған 317 -бапты гуманизациялау, жазаны жеңілдету туралы ұсыныс қоғамда қолдау таба ма, әзірге белгісіз.
Қылмыстық қудалау кезінде дәрігерлердің құқығын қорғау мәселесіне ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды дейді бірлестік төрағасы. Себебі, тергеу немесе дау-дамай кезінде дәрігер психологиялық қысымға ұшырайды және өзге пациенттерді емдеу мүмкіндігі шектеледі. Түрмеге қамау жазасын алып тастап, оның білімін жетілдіру мәселесін қолға алу керек дейді. Бұған қоса, әкімшілік және қылмыстық тергеу кезінде медициналық ұйымдар немесе медицина қызметкері пациентке айтарлықтай материалдық өтемақы төлейді. Қазіргі кезде дәрігер, мейірбикенің жалақысын ескерсек, пациентке келтірілген залалды қаржылай өтеуге басым бөлігінің мүмкіндігі жоқ. Былтыр кәсіподақ ұйымына денсаулық сақтау саласы қызметкерлері 3800 өтініш жазған . Қылмыстық қудалау, еңбек дауы, заңсыз жазаға тартылған, басқа да қиын жағдайға тап болған медицина қызметкерлеріне тегін құқықтық қолдау көрсеткен «Ақниет» кәсіподақ ұйымына биыл білікті заңгерлер, тәуелсіз сот-медициналық сарапшылар жұмысқа тартылыпты.
Қазір Мәжілісте «Медицина мамандарының кәсіптік жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесін енгізу» туралы заң жобасы талқыланып жатыр. Отандық медицина және фармацевтика саласы қызметкерлері заң жобасына енгізілетін өзгерістерден үмітті. Заңгер Дәурен Нұрсапаның айтуынша науқас қайтыс болғанда немесе мүгедек болып қалған жағдайда «дәрігердің қателігі» деп кесіп айтуға болмайды. Мұндай оқиғаның туындауына түрлі күтпеген оқиғалар түрткі болады. Мысалы операция кезінде жарықтың сөніп қалуы немесе аппараттың істен шығуы, ауру ошағын көрсетпеуі секілді түрлі факторларды ескеру қажет дейді заңгер. Өзінің анасы кеселден қайтыс болғанда медицина қызметкерлерінің қателігі деп ойлайды. Бірнеше жылдан кейін жақын туысы анасы ауырған кеселі шалдығады. Диагностикалық зерттеу сапасы дамып, ауру ерте анықталып, науқас аурудан айығады.
«Кейде медициналық жабдықтар, зерттеулер де кеселді айқын көрсетпеуі мүмкін. Сондықтан мұндай дау туындаған кезде дәрігерлердің қателігі деп кесіп айту қате пікір. Денсаулық сақтау қызметкерлерін қылмыстық қудалау жалғаса берсе, ертең кәсіби дәрігер таппай қаламыз. Соңғы бес жылда бес мың медицина қызметкері шетелге кетті. Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласында 21 мыңнан астам маман тапшы», -дейді заңгер.
Жүз жылдық тарихы бар «Ақниет» кәсіподақ ұйымы осындай дау-дамайға ілігіп, басын тауға да, тасқа да соғып жүрген дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне құқықтық көмек көрсету, еңбек дауын , әлеуметтік мәселесін шешуге және кәсіби біліктілігін арттыруға ниеттенген мамандарды тегін оқуға, шипажайға жеңілдікпен жолдама беруге дайын. Қазіргі таңда бұл кәсіподаққа 85 мыңнан астам медицина қызметкері мүше.