Дені сау ұрпақ өссін десеңіз. Педиатрдың құнды кеңесі

Болашақтың жарқын болуы – бүгінгі ұрпақтың денсаулығына тікелей байланысты. Егер еліміздің ертеңі мықты болсын десек, балалардың денсаулығына қазірден бастап ерекше көңіл бөлуіміз керек. Бұл тақырыпты тереңірек білу үшін біз ҚР ПІБ Медициналық орталығы «Қарлығаш» балабақшасының дәрігер-педиатр Жеңіс Тоғжан Бауыржанқызымен сұқбаттастық. Ол балалардың денсаулығын сақтау, дұрыс күтім жасау және әртүрлі аурулардың алдын алу жөнінде маңызды кеңестерімен бөлісті.
Педиатрия – 18 жасқа дейінгі балалардың дамуын, ауруларын диагностикалау, емдеу және алдын алу мәселелерімен айналысатын медицина саласы. Дәрігердің айтуынша, бұл мамандықты таңдауына балаларға деген сүйіспеншілігі мен олардың пәк жүрегі себеп болған:
«Балаларға көмегімді тигізіп, ата-аналардың алғысын естіген сайын дұрыс жолда екенімді түсінемін,» – дейді Жеңіс Тоғжан.

Жалпы педиатр мамандығы туралы айтып берсеңіз. Педиатрия мен неонатология арасындағы айырмашылық қандай?
-Педиатрия – медицина ғылымында балалардың 18 жасқа дейін дамуын, олардың ауруларының даму механизмін, диагностикасын, емі мен алдын алуын зерттейтін сала. Педиатрия мен неонатология арасындағы айырмашылыққа келсек, неонатология – педиатрияда сәбидің өмірге келген сәтінен бастап 28 күнге дейін зерттейтін бағыты.

Бала дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы қадамдар

Бала дүниеге келген соң ең алдымен қандай мәселелерге мән беруіміз қажет? Бала өмірге тез бейімделу үшін қандай кеңестер бересіз?
-Нәресте өмірге келген соң бала мен анасының жағдайына бірдей мән берген жөн. Бұған күйзелістің болмауы, анасын емуі, физиологиялық транзиторлық қалыптары, гигиеналық жағдайы т.б. кіреді. Осыларды дұрыс орындап, керек уақытта дәрігердің бақылауында болатын болса, нәрестенің жаңа қоршаған ортаға бейімделуі де жеңіл өтеді.

Балаға қандай дәрумендер мен қосымша тағамдар қажет?
-Қазіргі таңда ата-аналар балаларына түрлі дәрумен, дәрумендер кешенін беріп жатқанына куәміз. Әрине, әр ата-ана өз баласының денсаулығына уайымдап, ең жақсы өнімді бергісі келетінін білеміз, дегенмен «зияныңды тигізбе» деген қағиданы ұмытпаған жөн. Ашып айтатын болсақ, баланың ағзасында қай дәрумен жетіспеушілігі бар, сол ғана қосымша енуі керек. Себебі бала дәрумендердің негізгі мөлшерін күнделікті тамақтан, жеміс-жидек, көкөністерден алады. Дәрумендердің мөлшері нормадан асып кетсе, ағзадағы асқазан, бауыр, бүйректерге теріс әсерін тигізуі мүмкін.

Азық-түлік аллергиясын қалай анықтауға және алдын алуға болады?
-Азық-түлік аллергиясы деп ағзаның азық-түлік өнімдерінің белгілі бір құрамдас бөлігіне жоғары сезімталдығын айтамыз. Оны анықтау үшін ең алдымен науқастың шағымдарына (диспепсиялық бұзылыстар, терідегі өзгерістер, есекжем, Квинке ісігі), анамнезіне, объективті қарауға және қосымша диагностикалық әдістерге (азық-түлік күнделігі, арнайы сынамалар) жүгінеміз. Азық-түлік аллергиясының алдын алу үшін түрлі тағамды рационға бір уақытта енгізбеген дұрыс. Азық-түліктің нақты қайсысына сезімталдық жоғары екенін анықтап, соны рационнан азайту немесе алып тастау қажет.

Қосымша тағамды қашан және қалай бастау керек? Қандай өнімдерден бастау дұрыс?
-ДДСҰ кеңесіне сәйкес қосымша тағамды орта есеппен 4-6 айда енгізген дұрыс. Қосымша тағам көкөніс пен жеміс езбесінен басталады. Ең алдымен 3 күн шамасында жарты шай қасық мөлшерінде беріп, баланың жағдайына қарай көлемі ұлғайтылып отырады.

Әр жас кезеңінде бала қанша уақыт ұйықтап, қанша уақыт белсенді болуы керек?
-Ұйқы адам ағзасындағы физиологиялық қажеттіліктердің бірі болып саналады. Ағза неғұрлым жас болса, соғұрлым бұл қажеттілік жоғары болады. Жаңа туған нәресте ұйқысы 18-20 сағат, 1 жас шамасындағы бала ұйқысы шамамен 13 сағат, 3-5 жаста 11-12 сағат, бастауыш сынып жасындағы балалар 8,5-9 сағат, жасөспірім мен ересектер 7-9 сағат ұйықтайды.

Баланы қанша жасқа дейін емізген жөн?
-ДДСҰ баланы 2 жасқа дейін емізуге кеңес береді, себебі ана сүті арқылы балаға дамуы мен дені сау болуы үшін қоректік заттармен қоса түрлі ауруларға қарсы антиденелер беріледі.

Табиғи ана сүтін емген баланың иммунитеті жасанды сүт ішкен балаға қарағанда мықтырақ болады деп жиі айтылады. Бұл қаншалықты рас?
-Рас, себебі жоғарыда айтылғандай, дүниеге келген нәресте үшін антиденелердің маңызы өте зор. Жасанды сүттен мұндай қажеттілікті ала алмайды.

Жасанды қоспа емген баланың иммунитетін қалай жақсартуға болады?
-Баланың иммунитетін жақсарту үшін рационалды тамақтану, таза ауада күнделікті болу, екпелерді уақытылы алу, адекватты белсенділік, жеке гигиенаны сақтау, баланың дамуына қажет дұрыс орта болуы маңызды.
Балаға күн тәртібін қалай дұрыс енгізуге болады?
-Балалардың ағзасы ешкімге ұқсамайтын дербес болғандықтан, бұл сұрақта әр балаға жеке-жеке келген дұрыс. Күн тәртібін енгізуде нақты бір ереже жоқ, дегенмен келесідей әрекеттерді жасап, оң нәтижеге жетуге болады: ең алдымен баланың ұйқы және ояу жүретін уақыттарына мән беріп, күнделікті бір уақытта жатқызып, бір уақыта ояту қажет; баланың физикалық және ақыл-ес жүктемесінің тепе-теңдігін сақтаған дұрыс, сонымен қатар әр баланың ұйқы ғұрпын дұрыс таңдаған жөн.
Қандай екпелер қажет және оларға қалай дайындалу керек? Толығырақ айтып өтсеңіз.
-Ұлттық күнтізбеге сәйкес екпелердің барлығын алу қажет. Бұл екпелер бала ағзасын өте зиянды инфекциялардан қорғайды. Нақтырақ айтатын болсақ, осы екпелердің көмегімен балаларды туберкулез, вирусты Б гепатиті, коклюш, дифтерия, сіреспе, гемофильді таяқша, пневмококті инфекция, қызылша, қызамық, паротит, вирусті А гепатиті, папиллома вирусы шақыратын аурулардан қорғай аламыз. Екпе алу белгілі бір дайындықты қажет етпейді. Екпе алар алдында дәрігер баланы және оның медициналық мәліметтерін тексеріп екпе алу не алмау туралы шешім қабылдайды.

Соңғы кезде АПВ екпесі туралы сұрақ ата-аналардың жиі қызығушылығын тудырады. Қыз балаларға арналған адам папиллома вирусына қарсы (АПВ) екпе туралы не айтасыз? Бұл екпені жасау қауіпсіз бе және оны қай жастан бастап алған дұрыс? Тіпті кейбір ата-ана екпені қыздар ғана алады ма деп жатады?
-АПВ екпесі адам ағзасын папиллома вирусы шақыратын аурулардың алдын алу үшін салынады. Бәрімізге мәлім, бұл вирус әйел адамдарда жатыр мойны ісігінің негізгі қоздырушысы болып саналады. Ұлттық күнтізбеге сәйкес осы жылдан бастап бұл екпені 11 және 11,5 жастағы қыз балалар алады. Вакцина клиникалық тексерістен өткен, куәлігі бар қауіпсіз препарат екені дәлелденген.

Бұл сұрақ көп жас ата-аналарды мазалайтын сұрақтардың бірі десек те болады. Айтыңызшы жоғары температура кезінде не істеу керек? Дәрігерге қашан жүгіну қажет?
-Жоғарғы температура түрлі ауру мен жағдайдың бір белгісі болып табылады. Ондай кезде ең алдымен дәрігердің көмегіне жүгінген дұрыс. Дәрігер келгенге дейін баланың жағдайын жеңілдету үшін келесідей шараларды орындауға кеңес беріледі: сұйықтықты көбірек беру, баланы орамау, бөлме температурасына мән беру, синтетикалық киім кигізбеу, бөлмені желдету, қызуды төмендетуге арналған дәріні нұсқаулыққа сай беру.
Маусымдық аурулардың алдын алу үшін қандай шараларды сақтау керек?
-Маусымдық аурулардың алдын алу үшін дұрыс тамақтану, дәрумендердің жетіспеушілігін толтыру, күнтізбеге сәйкес екпелерді алу, жиі қолды жуу, жеке гигиенаны сақтау, инфекция өршіген жерлерге бармау сияқты шараларды орындаған жөн.
Ал тіс шығу кезінде ауырсынуды қалай жеңілдетуге болады?
-Баланың тісінің шығуы физиологиялық жағдай болғандықтан оны емдеудің қажеті жоқ, тек бұл процесті келесі әдістермен жеңілдетуімізге болады: салқын тістегіш затты ұсыну, қызылиек массажы және қатты ауырсыну болған кезде бала салмағына сәйкес ауырсынуды басатын дәрі-дәрмек беру.
Көптеген ата-аналар балалардың тіс қайрау әдеті бар екенін айтады. Ел арасында балалар тісті ішіне құрт түскенде қайрайды деп жатады. Бұл қаншалықты рас? Бала ішіне паразит түскенде қандай белгілер байқалады?
-Бұл — жиі кездесетін, бірақ дәлелденбеген ақпарат. Баланың тісін қайрауы оның психологиялық қалпына, күйзелісіне байланысты болып табылады. Ал паразит түскенін шағымы, объективті қарау, қосымша диагностикалық әдістер, т.б. арқылы біле аламыз.
Өзекті тақырыптың бірі: Соңғы жылдары жылдам анимациялы мультфильмдер көбейді, оны балалар да туғаннан бастап қарайды десек өтірік болмас. Бұл бала психикасына әсер етеді ме?
-Иә, мұндай мультфильмдердің ерте жастағы балалар үшін пайдасынан зияны көп. Себебі 3 жасқа дейін ағзаның көру жүйесі қалыптасады. Осы жаста көрсетілген жылдам анимациялы мультфильмдер бала миының артық жұмысы мен жүктемесіне әкеледі, ол өз алдына баланың гипербелсенді немесе енжар болуына, сонымен қатар психологиялық-сөйлеу тежелуіне себепші болады.
Ер балалар мен қыз балаларды неше жастан бастап гинекология/урология мамандарына қаратып бастаған дұрыс?
-18 жасқа дейінгі барлық баланы педиатр маманы қарайды, тек тереңдетілген медициналық көмек қажет болған жағдайда педиатр таң шеңберлі мамандарға жібереді.
Дәрігер-педиатр Жеңіс Тоғжан Бауыржанқызы айтқан кеңестер әр ата-анаға балаларының денсаулығына көбірек көңіл бөлуге көмектесетіні анық. Дұрыс тамақтану, күн тәртібін сақтау, уақытылы екпелер алу, сондай-ақ балаларға мейірім мен сүйіспеншілік көрсету – бұл олардың бақытты, дені сау болып өсуінің негізгі кепілі.
«Баланың денсаулығы тек ата-ананың емес, қоғамның да ортақ міндеті. Біздің бүгінгі әрекеттеріміз ертеңгі ұрпақтың өмір сапасын анықтайды. Ендеше, әр ата-ана осы жауапкершілікті сезіне отырып, балалардың аман-саулығына көңіл бөлуді бірінші орынға қоюы қажет,» – деп атап өтті дәрігер.
Бүгінгі балалар – елдің ертеңі. Олардың бақытты балалық шағы мен дені сау болашағы үшін барымызды аямайық! Педиатрия саласының дәрігерлері ұсынған бұл құнды кеңестер ата-аналардың балаларға деген қамқорлығын арттырып, олардың денсаулығын сақтауға бағыт береді деп сенеміз.