Димаш Құдайберген Қазақстанның туристік орындарында бейнебаян түсіріп жатыр
ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Kazakh Tourism ұлттық компаниясы әйгілі әнші Димаш Құдайбергенмен бірге еліміздің туристік орындарында бейнебаян түсіруге кірісті. Жоба аясында тыңдармандарға Қазақстанның табиғи және мәдени қазыналарына арналған жаңа музыкалық композиция ұсынылады.
Бейнебаянның түсірілімі Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Ақмешіт үңгірі, Әзірет-Сұлтан қорық-музейі, сондай-ақ Бозжыра шатқалы, Торыш алқабы және тағы да басқа еліміздегі танымал туристік орындарда өтті.
Сондай-ақ жаңа туындыда Бурабай, Қатонқарағай, Алтын-Емел, Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық парктерінің керемет көріністері көрсетіледі деп күтілуде.
«Бұл жоба Қазақстанның бірегей сұлулығына назар аудартып қана қоймай, көрермендерге өнер туындысы арқылы елімізді жаңа қырынан көрсетуге жол ашады. Бейнебаян арқылы көрермендер Қазақстанды мәдени мұрасы бай, қайталанбас табиғаты бар ерекше мекен ретінде таниды деп үміттенеміз», – деп атап өтті Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Жоба дарынды өнерпазымыздың жанкүйерлерін еліміздің табиғи және мәдени мұрасымен таныстыруға, сол арқылы Қазақстанның туризмін дамытуға мүмкіндік береді.
«Димаш – Қазақстан туризмінің елшісі атанауға лайықты тұлға. Көптеген адам Қазақстанды Димаш арқылы таниды», – деп атап өтті әншінің Қытайдағы фанклубы.
«Димаш бізді өнер арқылы Қазақстанмен таныстырды. Ол өзінің концерттерінде, кездесулерде бізді әрдайым Қазақстанға шақырады. Шынайы жанкүйерлері әлемнің түкпір-түкпірінен Димаштың Отанына барады. Сондықтан біз биыл қыркүйекте өтетін Димаштың концертіне (Астана қаласында) келеміз», – деп жоба туралы жарияланымның астына Ольга Гриченко есімді тыңдарман пікір жазды.
Жоба түсірілімі Алматы, Түркістан, Маңғыстау облыстарының туризм басқармаларының, сондай-ақ Visit Alatau туристік ақпараттық орталығының, Air Astana және FlyArystan әуекомпанияларының, Karavansaray Turkistan кешенінің, сондай-ақ Integra Construction KZ компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды.