Дубайда жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындары басталды

Дубайда тірек-қимыл аппараты және көру қабілеті зақымданған жасөспірімдер арасында V Азия Пара ойындары басталды. Байрақты бәсекеде еліміздің 60 пара спортшысы спорттың 9 түрінен бақ сынайды: пара пауэрлифтинг, пара жеңіл атлетика, пара жүзу, пара таеквондо, пара үстел теннисі, пара садақ ату, бочча, пара қол күрес және голбол.

Салтанатты шеруде пара пауэрлифтингтен ұлттық құрама спортшысы Вазир Надыров еліміздің Мемлекеттік Туын көтеріп шықты.

«Халықаралық жарыста Қазақстанның көк байрағын алып шығу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – маған артылған сенім әрі үлкен жауапкершілік. Осы сенімді ақтау үшін жарыста бар күшімді жұмсаймын», – деді Вазир Надыров.

Сондай-ақ, Ұлттық Паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев спортшыларға қолдау көрсетіп, өз пікірін білдірді.

«Жасөспірімдер арасындағы Азия Пара ойындары – жас пара спортшылардың дамуына серпін беретін маңызды алаң. Бұл жарыстар жас спортшыларға алғашқы халықаралық тәжірибе жинауға, ірі додалардың атмосферасын сезінуге және кәсіби спортқа сенімді қадам жасауға мүмкіндік береді. Ел ішінде де балалар мен жасөспірімдер пара спортын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Жыл сайын Паралимпиадалық балалар ойындары өткізіледі, ал демеушілермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан Zhuldyzai жобасы ерекше қажеттіліктері бар мыңдаған баланы қамтып, олардың үлкен спортқа жол ашуына ықпал етіп отыр. Инфрақұрылым да кеңейіп келеді: мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімделген жаңа спорт нысандары салынуда, тұрақты жаттығулар мен сапалы дайындық үшін қолайлы жағдай жасалуда. Барлық осы шаралар жас спортшыларымыздың өсіп, дамуына, сондай-ақ Қазақстанды халықаралық аренада лайықты деңгейде танытуына бағытталған», – деп атап өтті ол.

Айта кетсек, жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындары 10-13 желтоқсан аралығында Дубайда (БАӘ) өтеді. Жарысқа 45 елден 1300-ден астам спортшы 11 спорт түрі бойынша қатысып, 481 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Бүгін бочча, пара пауэрлифтинг, пара жүзу, пара үстел теннисі және голбол спорт түрлері бойынша алғашқы жарыстар өтті.

Қазақстан қоржынына алғашқы медальдарды пара пауэрлифтинг спортшылары салды. 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Зарина Ашир 80 келіні көтеріп, 18–20 жас аралығындағы спортшылар арасында бірінші орынды иеленді. Ал Даяна Сапарали 55 келіні көтеріп, 15–17 жас санатында екінші орынға қол жеткізді. Ерлер арасында 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қуаныш Рахатұлы 107 келі нәтижесімен 18–20 жас категориясында үшінші орын алды.