Dunkin’ Қазақстандағы алғашқы мейрамханасын ашты. Салтанатты ашылу рәсімі Алматыда өтті

Arby’s®, Baskin-Robbins®, Buffalo Wild Wings®, Dunkin’®, Jimmy John’s® және SONIC® брендтерін біріктіретін Inspire Brands халықаралық компаниясы Қазақстандағы алғашқы Dunkin’ мейрамханасының ашылғанын хабарлады.
«Dunkin’ брендінің Қазақстан нарығына шығуы жаңа елге келумен ғана шектелмейді. Бұл тұтынушылық сұранысы артып келе жатқан әрі ұзақмерзімді даму әлеуеті зор Орталық Азия өңіріндегі брендтің ауқымын кеңейтудегі маңызды қадам. Dunkin’ желісін әлем бойынша кеңейте отырып, біз жергілікті франчайзи серіктестермен берік қарым-қатынастың арқасында қонақтармен мазмұнды әрі ұзақмерзімді байланыс орната алатын нарықтарға басымдық береміз. «SGK Partners» ЖШС-імен бірге Dunkin’ брендін Қазақстанда таныстырып, өңірдегі одан әрі өсудің негізін қалауға қуаныштымыз», – деді Inspire Brands халықаралық бөлімшесінің президенті әрі басқарушы директоры Майкл Хейли.
Мейрамхананың ашылуы Dunkin’ мен «SGK Partners» ЖШС арасында бренд мейрамханаларын дамыту және басқару жөнінде жасалған эксклюзивті келісімді іске асырудың алғашқы кезеңі болды. Бұл қадам серіктестіктің беріктігін және SGK Partners компаниясының Dunkin’ брендіне әрі оның халықаралық дамуына деген тұрақты қолдауын көрсетеді. Келісім аясында SGK Partners Қазақстандағы Dunkin’ желісін кеңейтуді, ал желі өскен сайын қосымша мүмкіндіктерді бағалауды жоспарлап отыр.
Флагмандық мейрамхана Алматының танымал орындарының бірі – Панфилов саябағының жанында орналасқан. Интерьерде Алматыға арнайы жасалған мурал бар. Мейрамхана нитро-кофе, колд-брю, сондай-ақ лимонадтар мен шай негізіндегі сусындарды құюға арналған төрт шүмегі бар инновациялық жүйемен жабдықталған. Қонақтар сусындардың құрамын өз талғамына қарай таңдай алады. Мәзірде Dunkin’ фирмалық пончиктері, эспрессо негізіндегі сусындар және күні бойы тапсырыс беруге болатын салқын сусындар, соның ішінде Dunkin’ Refreshers бар. Сондай-ақ қонақтар жергілікті мәдениеттен шабыт алып жасалған Almaty Donut пончигінен дәм тата алады.
Салтанатты ашылу рәсімі Dunkin’ брендінің «YES ALL DAY» жаһандық науқаны аясында өтті. Бағдарламада лента қию рәсімі, жергілікті диджейдің өнер көрсетуі, инфлюенсерлердің қатысуы және миксологтың Dunkin’ фирмалық салқын сусындарын дайындау тәсілдерін көрсетуі қамтылды. Қонақтар сусындарды дайындау мен ұсынудың инновациялық жүйесімен де танысты. Бұл жүйе Алматыда салқын кофеге және сусындарды өз талғамына қарай таңдауға деген артып келе жатқан сұранысты қанағаттандырады.
«Dunkin’ секілді әлемге танымал брендтің Қазақстанға келуі біз үшін маңызды белес. Dunkin’ – дәмді пончиктер дайындаудан әлемдік көшбасшы әрі күн сайын миллиондаған адамға сергектік сыйлайтын сапалы кофенің нағыз шебері. Бұл біздің нарық үшін тамаша жаңалық. Әлем жұртшылығы жақсы көретін осы брендті Қазақстанда таныстыруға қуаныштымыз және оның қонақтарымыздың жүрегінен тез орын табатынына сенімдіміз», — деді «SGK Partners» ЖШС қатысушысы және Қазақстанда құрылған, штаб-пәтері Сингапурда орналасқан көпсалалы Kusto Group бизнес-тобының негізін қалаушы Еркін Тәтішев.
Dunkin’ 75 жылдан астам уақыт бойы сусындар мен пончиктер санатындағы әлемдік көшбасшылардың бірі болып келеді. Желінің әлемнің 40-қа жуық нарығында 14 200-ден астам мейрамханасы бар. Желі одан әрі өскен сайын дамудың қосымша мүмкіндіктері бағаланатын болады.



