Дж.Вердидің Stabat Mater және Дж.Пуччинидің Messa di Gloria шығармалары «Астана Операда» орындалады

Екі ұлы композитордың кемеңгер туындылары – Дж.Вердидің Stabat Mater және Дж.Пуччинидің Messa di Gloria шығармалары 18 ақпанда «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында орындалады. Әлемдік классика жауһарларын театр солистері, хор әртістері мен симфониялық оркестр музыканттары «Астана Операның» бас хормейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтың жетекшілігімен таныстырады.

Сондай-ақ концертке тенор Мерей Қадырханов, баритон Аян Төлеген және Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттік хор капелласы көркемдік жетекшісі Батыржан Смақов пен хормейстер Марина Бухвалованың жетекшілігімен қатысады. Әртістердің көрермендерге шынайы музыкалық ләззат сыйлайтындарына еш күмән жоқ.

Джузеппе Вердидің шығармашылық жолын аяқтаған Stabat Mater туындысы әрдайым тыңдармандарды өзінің терең рухани күшімен және автордың эмоциялық уайымымен таңғалдырып, үміт пен сәуле атмосферасына енуге мәжбүрлейді. Онда музыкалық формалардың үйлесімділігі мен шеберлігінде көрініс тапқан драматизм мен рухани тереңдік біріктірілген. Stabat Mater мәнерінің көптеген қырлары оны Вердидің опера мәнерімен теңестіреді, ал хордың орындауы шығармаға айрықша маңыздылық үстейді.

«Астана Опера» хоры бұл туындыларды шебер орындайтынын атап өту маңызды, өйткені ол көптеген беделді халықаралық марапаттардың иегері, оның ішінде XI Қытай халықаралық хор фестивалінде алған алтын медаль бар. Жуырда ұжым Польшаның Белосток қаласында өткен «Хайнувка» халықаралық байқауында бірінші орын алып, өз қоржынын жоғары марапатпен толықтырды. Байқауда жарқын өнер көрсеткен әртістер  жеңіс тұғырынан көрініп қана қойған жоқ, сонымен қатар гастроль аясында қазақстандық композиторлар музыкасынан үлкен жеке концерт берді.

Джакомо Пуччинидің Messa di Gloria шығармасы – музыкалық кеш бағдарламасында шырқалатын тағы бір жауһар. Бұл сирек орындалатын туынды, сондықтан оның атауын афишада көрген кезде асқақ классиканы бағалайтын көптеген жандар оны тыңдауға асығады. Джакомо Пуччинидің келісімі бойынша оның еңбегі жай ғана «Messa» емес, «Messa di Gloria» деп арнайы аталды, ол ғибадат етуден гөрі, мадақтау сипатына ие, оның ұлылығы осымен түсіндіріледі. Шығарманың әр бөлігі, Kyrie-ден бастап Agnus Dei-ге дейін өте үйлесімді естіледі.

Еске сала кетейік, алғаш рет Messa di Gloria 1880 жылы 12 шілдеде орындалып, көрермендердің зор ықыласына ие болған. Композитордың курстастары италиялық музыкада «La musica puccinistica» деген жаңа бағыт ашылды деп есептеді. Messa көбіне композитордың алдағы шығармашылық бағытын анықтап берді, ал оның кейбір үзінділері «Манон Леско», «Тоска» («Inno di Gloria» кантатасы), «Эдгар» және тіпті «Мадам Баттерфляй» операларында қолданылды.

Бұл концерт көрермендерді асқақ классиканың жан толқытарлық әлеміне батыратын жарқын музыкалық оқиғаға айналады. Мәдени орталық мәртебесін сақтап келе жатқан «Астана Опера» тыңдармандарға өнердің керемет туындыларын жоғары кәсіби орындауда ұсынуда.