ЕҚДБ мен ЕО Транскаспий дәлізі арқылы тасымалдардың тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді

Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Қазақстандағы негізгі порттық инфрақұрылымды жаңғыртуға қолдау көрсете отырып, халықаралық көлік дәліздерінің дамуына үлес қосуда. ЕҚДБ мен Еуропалық Одақтың жалпы көлемі 45 миллион еуро болатын қаржылық пакеті Каспий теңізінің жағалауында орналасқан Қазақстанның басты теңіз қақпасы – Ақтау портындағы жүк өткізу қуаттарын ұлғайтуға бағытталады. Ақтау порты ЕО қаржылай қолдаған, ЕҚДБ жүргізген Еуропа мен Орталық Азия арасындағы тұрақты көлік байланыстарына арналған зерттеуде Транскаспий дәлізінің негізгі элементтерінің бірі ретінде айқындалды.

Қаржылық пакет ЕҚДБ-ның 35 миллион еуроға дейінгі несиесін және ЕО-ның Азия-Тынық мұхиты инвестициялық қоры аясында 10 миллион еуроға дейінгі ықтимал инвестициялық грантын қамтиды. Қаражат екі айлақты қайта құру мен ұзартуға және ауа райына төзімді жағалық контейнерлік крандарды сатып алуға жұмсалады. Бұл шаралар контейнерлік жүктерді қайта тиеу қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда контейнерлік жүк айналымы өткен жылмен салыстырғанда 121 пайызға өсті.

Жобаны іске асыру нәтижесінде Ақтау порты контейнерлік жүктерді қайта тиеу қуатын екі есеге ұлғайтып, екі толық мамандандырылған контейнерлік айлақты пайдаланатын болады. Әр айлақтың жеке жүк тиеу желісі болады. Бір контейнерді өңдеу уақыты қазіргі орта есеппен төрт минуттан екі жарым минутқа дейін қысқарады.

ЕҚДБ президенті Одиль Рено-Бассо атап өтті: «ЕО-мен бірлесе отырып, біз бұл жобаны қолдап отырмыз, өйткені ол Қазақстан мен Орталық Азиядағы стратегиялық мақсаттарымызға сәйкес келеді. Сонымен қатар, ол ЕО-ның Global Gateway бастамасы аясында көлік және логистикалық инфрақұрылымды дамытуға арналған жаһандық шешімдердің бірі болып табылады. Біздің қаржыландыруымыз Транскаспий дәлізіндегі негізгі инфрақұрылымдық тар орынды жоюға көмектеседі».

Жоба «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі әрі «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы басқаратын Ақтау портындағы инвестициялық бағдарламаның бір бөлігі болып табылады. Бағдарлама 2026 жылдың соңына дейін жылына 240 000 стандартты контейнерді (ДФЭ) өңдеу қуаты бар Каспий аймағындағы ең ірі контейнерлік терминалды құруды көздейді.

Бүгінгі таңда ЕҚДБ Қазақстанда 340 жобаға 10 миллиард еуродан астам инвестиция салды, қаражаттың негізгі бөлігі жеке кәсіпкерлікті қолдауға бағытталды.