Эль-Ниньоны болжау үшін нейрондық желі әзірленді
Жоғары экономика мектебі мен Яндекстің деректерді талдау мектебінің мамандар тобы Yandex Cloud-пен бірлесіп, Эль-Ниньоның климаттық құбылысын болжау үшін нейрожелі әзірлеп жатыр. Бұл Тынық мұхитындағы су бетінің температурасының таралуының өзгеруі, ол ауа-райына әсер етеді және әлемнің белгілі бір аймақтарында табиғи апаттар тудыруы мүмкін.
«Климаттың ғаламдық өзгеруінің мәселелері уақыт өткен сайын өзекті болып келеді. Тіпті, жылынудың өзі емес, ғаламшардағы климаттың «тепе-теңдігінің бұзылуынан» қашып құтыла алмайтынымыз қорқынышты. Эль-Ниньо эффектісі ауа-райы мен климаттың ғаламдық құбылуында (флуктуация) маңызды рөл ойнайды, мысалы, жаппай егіннің шықпай қалуына әкеледі, сондықтан оны болжау климаттық «теңгерімсіздіктің» күшейіп келе жатқан қазіргі жағдайында өте маңызды», — деп атап өтті ЖЭМ ҰЗУ «Компьютер ғылымдары» факультетінің үлкен деректер және ақпараттық іздеу департаментінің профессор-зерттеушісі Дмитрий Ветров.
Жаңа алгоритм әлемнің белгілі бір аймақтарында табиғи апаттар тудыруы мүмкін беткі қабатындағы мұхит суларының орташа температурасы қалай өзгеретінін дәлірек болжауға көмектеседі.
Қазір модель Эль-Ниньо құбылысы 1,5 жылға ерте болатынын болжап жатыр, ал болашақта ғалымдар болжау мерзімін 2 жылға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Тынық мұхитының экваторлық аймағындағы орташа температураны не үшін модельдеу керек? Эль-Ниньо кезінде Тынық мұхитының экваторлық бөлігі әдеттегіден де жылы бола түседі. Керісінше мұхиттағы температура төмендейтін кері процесс те бар, ол – Ла-Нинья. Мұндай ауысымды цикл әр 2-7 жыл сайын болады. Бұл циклдік ауытқулар әлемнің көптеген елдеріндегі ауа-райына айтарлықтай әсер етеді және өрт, құрғақшылық, су тасқыны және егіннің шықпай қалуы сияқты қауіпті күшейтуі мүмкін.
«Ғылыми ортада эксперименттерді бұлтты технологиялар тиімдірек жүргізуге көмектеседі. Эль-Ниньоны зерттеу сияқты жобаларда машиналық оқытудың әртүрлі моделін тесттік сынауға арналған сервистерге жылдам және оңай қолжеткізу маңызды. Жаңа архитектурасы бар әрбір осындай сынақ құбылысты мүмкіндігінше ертерек және дәл болжауға көмектеседі», — деді Yandex Cloud-тың ұлттық стратегиялық жобалар жөніндегі директоры Анна Лемякина.
* Яндекстің деректерді талдау мектебі – data science саласында топ жарған маман немесе үлкен деректерді сақтау және өңдеу жүйелерінің сәулетшісі болғысы келетіндерге арналған екі жылдық тегін бағдарлама. Деректерді талдау мектебінің түлектері ірі IT-компанияларда жұмыс істейді және ғылыми зерттеулермен айналысады. 2007 жылдан бастап біз 1,2 мың маман оқытып шығардық