Елдегі жылу электр орталықтарының орташа тозу деңгейі 64%-дан 61%-ға төмендеді

Елімізде жылу электр орталықтарының сенімділігі мен техникалық дайындығын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Биыл еліміздің электр станцияларында 10 энергоблокқа, 63 қазандыққа және 39 турбинаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Қазір 5 энергоблокта, 30 қазандықта және 19 турбинада жөндеу жүргізілуде. 4 энергоблокта, 15 қазандықта және 9 турбинада жөндеу аяқталды.
Өткен жылмен салыстырғанда елдегі жылу электр орталықтарының орташа тозу деңгейі 64%-дан 61%-ға дейін төмендегенін атап өткен жөн. Бұл энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясында жүзеге асырылып жатқан жабдықтарды жаңғырту және жаңарту жұмыстарының нәтижесінде мүмкін болды.
Өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша жылу энергетика нысандарының техникалық жағдайында оң өзгерістер байқалды. Елде барлығы 37 жұмыс істеп тұрған жылу электр орталығы бар: бұған дейін олардың 19-ы «қызыл аймақта», 11-і – «сары аймақта», 7-еуі – «жасыл аймақта» болған.
Өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша: 9 ЖЭО «қызыл аймақтан» «сары аймаққа» өтті, олардың қатарында:
Екібастұз ЖЭО
Өскемен ЖЭО
Жезқазған ЖЭО
Балқаш ЖЭО
Рудный ЖЭО
Риддер ЖЭО
Шахтинск ЖЭО
«Qarmet» АҚ ТЭЦ-2
Кентау ЖЭО
3 ЖЭО өз позициясын жақсартып, «сары аймақтан» «жасыл аймаққа» өтті: Атырау ЖЭО
Текелі ЖЭО
«Қарағанды Энергоорталығы» ЖШС ТЭЦ-3
Осылайша қазіргі таңда 10 ЖЭО – «қызыл», 17 ЖЭО – «сары», 10 ЖЭО – «жасыл аймақта» орналасқан. ҚР Энергетика министрлігі жылыту маусымына дайындық барысын тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі