Еліміздің ХҚКО-лары Тәуелсіздік күніне орай акция өткізді
Мемлекеттік корпорация Тәуелсіздік күніне орай акция ұйымдастырды. Осылайша, таңертеңнен бастап Алматы облысының ХҚКО қызметкерлері жеке куәлігін алғаш рет алған клиенттерге «Қазақстан» шоколады мен кәдесый жалауларын таратуға кірісті. Дәстүрге айналған бұл іс-шара өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін оятуға бағытталған.
Айта кетейік, 1 жылдың ішінде Қонаев қаласында 1400 ден астам алғаш жеке куәліктері мен төлқұжаттары берілген. Көбінесе жас азаматтар мемлекеттік қызметтерге маусым айында жүгінген. Айтпақшы, қазақстандықтар жеке басын куәландыратын құжатты 16 жасында алады.
«Елдегі басты мерекелердің бірі қарсаңында біз алғаш рет жеке куәлік алып отырған жас қазақстандықтарды атап өткіміз келді. Құжатпен бірге Қазақстанның рәміздері бейнеленген шағын сыйлықтарды табыс еттік. Бұл жастарды адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеуге оң әсерін тигізеді деп ойлаймыз», – деді Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Шоколад пен жалаушаларды таратқан ХҚО қызметкерлерінің айтуынша, кәдесый алған жастар таңғалып, қуанып қалды. Оларды Мемлекеттік корпорация қызметкерлері ғана емес, басқа қызметалушылар да құттықтады.