Элмар Бөрібаев: «Әрбір орындаушы өзін жалпы музыкалық процесстің маңызды буыны ретінде сезінуі тиіс»
13-14 сәуірде Л.Минкустың «Дон Кихот» балетінде «Астана Опера» дирижері Элмар Бөрібаевтың дебюті болады. Көрермендерді керемет музыка, құштарлық, романтика мен шытырманға толы екі ұмытылмас кеш күтеді. Махаббат пен ерлік жайлы бұл классикалық хикая жас маэстроның жетекшілігімен жаңа бояуларға ие болады.
Әйгілі музыкалық әулеттің ізбасары – Элмар Бөрібаев – жоғары кәсібилігі мен шеберлігін паш етіп келе жатқан дарынды дирижер. Соңғы жылдың өзінде ол Иржи Килианның «Кіші өлім» бірегей балетінің, Цезарь Кюидің «Етік киген мысық» операсының қоюшы дирижері атанып, Гаэтано Доницеттидің «Дон Паскуале» операсында дирижерлік дебютін жүзеге асырды. Ол «Шопениана», «Шехеразада», «Сильфида» спектакльдеріне ғана емес, сонымен қатар гала-опералар мен гала-балеттерге де дирижерлік етеді. Ал бұл көпшілік білетіндей, айрықша ыждаһаттылық пен ауқымды материалды зерттеуді талап ететін аса күрделі міндет. Енді жуырда жас маэстро Л.Минкустың «Дон Кихот» балетімен дирижер тұғырына көтеріледі.
— Дебютке қалай дайындалдыңыз және балеттің музыкалық бөлігінің қандай аспектілері сізге ерекше қызықты болды?
— «Дон Кихот» — бұл әлемдік балет репертуарының классикасы, бұл спектакльдің пайда болғанына жүз жылдан асты. Л.Минкус – атақты композитор, дирижер, дарынды ұстаз, керемет скрипкашы, оның ішекті аспаптар тобына жарқын күйлер шығаруы сондықтан болар. Мұнымен қоса, ол осы балет музыкасында ойып тұрып орын алды. Оның биге арналған музыканы өте келісті жазғанын айта кетуіміз керек. Бұл балетке арналған музыка өзінің көркемдігімен, жайдарлылығымен ерекшеленеді, сондықтан туындының көңіл күйіне толық ену үшін мен оркестрдің барлық аспаптарының партияларын меңгеруге айрықша көңіл бөлдім. Кейіпкерлердің сан алуан эмоционалдық күйлері мен сюжеттің драмалық бетбұрысын музыка арқылы жеткізу мүмкіндігі мені ерекше қызықтырды.
— Музыкалық интерпретация көрермендердің балетті қабылдауына әсер ете ала ма?
— Иә, әрине, көрермендердің опера немесе балетті қабылдауында музыкалық интерпретацияның маңызы зор. Ол қайталанбас атмосфера жасап әрі аудиторияны қызықтыра отырып, сюжеттің эмоционалдық тереңдігін, драмалылығын немесе әзіл-сықақтығын айшықтайды.
— Біртұтас үйлесімді өнер көрсету жасау үшін бір уақытта хореографпен, әртістермен және оркестр музыканттарымен әріптестікті қалай бастайсыз?
— Егер маған балетке дирижерлік ету керек болса, мен әрқашан хореографиялық мәтіннің қыр-сырымен танысып, оны түсіну үшін, тіпті оны жаттап алу үшін алдымен балет класына барамын. Сондай-ақ мен солистердің қарқынын сезінуім үшін міндетті түрде басты партияларды кімдердің орындайтынын білуім керек, бұл жалпы сахналардағы кордебалеттің жұмысына да қатысты. Әрі қарай жұмыс барысында қоюшы хореографтың кімге басымдық бергені түсінікті бола бастайды. Содан кейін ғана мен оркестр әртістерінің дайындығына кірісе аламын. Бұл жерде мен өзімнің интерпретациямды музыкалық жағынан тиянақты ету үшін ғана тырыспаймын, сонымен қатар барлық ерекшеліктерді түсіне отырып, оны дайындықта көп уақытымды бірге өткізген балет әртістері үшін түсінікті еткім келеді. Сондықтан бұл ортақ еңбекті, тұрақты байланысты, өзара әрекет пен ой-пікір бөлісуді талап ететін көп сатылы процесс. Бірыңғай үйлесімді өнер көрсету үшін барлығын әрбір орындаушы өзін жалпы музыкалық процестің маңызды буыны ретінде сезінетіндей етіп ұйымдастыру қажет деп ойлаймын.
— Айтарлықтай аз уақыттың ішінде сіз «Астана Операда» үлкен жұмыс атқардыңыз, осы кезең ішінде болған ең көп есте қаларлық сәттер қандай?
— «Астана Операдағы» әрбір жаңа спектаклім – дирижер ретінде мен үшін зор тәжірибе, бұл кезеңге жауапкершілікпен қараймын. Сондай-ақ мен кәсіби тұрғыда жетіліп жатқанымды түсінемін, күн сайын дирижерлеудің мануалды және көркемдік тәсілдері бойынша жаңа нәрсені білемін. Сондықтан жаңа жобаларды алға қадам басуға талпыныс ретінде қабылдаймын. «Астана Опера» менің студент кезімдегі бір арманымды орындады десем болады, мұнда Н.А.Римский-Корсаковтың музыкасына «Шехеразада» балетінде дирижерлік дебютім орын алды. Шынымды айтсам, бұл симфониялық сюита емес, балет болады деп ойлаған жоқ едім. Мен бұл туындыға С.Рахманиновтың «Симфониялық билерімен» бірдей дирижерлік етуді армандадым. Алда бағындырар белестерім, іске асырғым келетін жобаларым өте көп, сондықтан қымбатты көрермендерімізге қуаныш пен шабыт сыйлау үшін тынбай еңбек етуді, әріптестерімнен тәжірибе алуды жалғастыра беремін. Жақында патша көңілді көрермендерімізді «Дон Кихот» спектаклінде күтеміз.