Елорда прокуратурасы ескертеді: терроризм туралы жалған хабарламалар – бұл қылмыс

«Нұра» ауданының прокуратурасы азаматтардың назарына қоғамдық тәртіпті тұрақсыздандыруға бағытталған террористік қауіптер, нысандарды жарылғыш затпен жарақтандыру туралы және өзге де қасақана жалған хабарламалар тарату фактілерінің жиілегенін жеткізеді.

Соңғы екі жыл ішінде Астана қаласында жалған терроризм фактісі бойынша 40-тан астам істер тіркелген. Аталған әрекеттер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес қылмыстық құқықбұзушылық болып табылады және оның жазасы ретінде 5 000 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салуға не 5 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.

Мысалы, ағымдағы жылы Түркістан облысының кәмелетке толмаған тұрғыны өз өңірінде бола тұра, Астана қаласы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығының нөміріне үшінші тұлғаның атынан террористік акт жөнінде жалған хабар берген. Құқық қорғау органдары тарапынан құқықбұзушының жеке басы шұғыл анықталып, нәтижесінде сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 6 ай мерзімге пробациялық бақылау белгілене отырып, бас бостандығын шектеу жазасына тартылды.

Қылмыстық жауаптылықпен қатар, мұндай әрекеттер материалдық жауапкершілікке де әкеп соғады. Сот шешімімен құқықбұзушылар жалған хабарламаларға әрекет ету барысында мемлекет тарапынан жұмсалған материалдық шығындарды (арнайы қызметтердің жұмысы, полиция, саперлер, кинологтар, жедел жәрдем, өрт сөндіру, төтенше жағдайлар бөлімшелерінің шығындары, эвакуациялық іс-шаралар, мекемелердің қызметін уақытша тоқтату және т.б.) толық көлемде өтеуге міндеттеледі.

14 жасқа толмаған тұлғалар тарапынан жалған хабар таратылған жағдайда келтірілген материалдық залал үшін олардың ата-аналары немесе заңды өкілдері жауапты болады.

Осыған байланысты, елорда прокуратурасы азаматтарды қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтауға, құқықтық жауапкершілікті ескеруге және көрінеу жалған ақпарат таратуға жол бермеуге шақырады.

Астана қаласының прокуратурасы

Telegram-канал: Елорда прокуратурасы ескертеді: терроризм туралы жалған хабарламалар – бұл қылмыс