Елордада «Қыпшақ қызы Аппақ» қазақ операсының әлемдік премьерасы өтеді

Ұлыстың ұлы күнінде, яғни 21-22 наурызда «Астана Опера» заманауи қазақстандық композиторлар Серікжан мен Әліби Әбдінұровтардың музыкасына жазылған Тілеуғазы Бейсембектің либреттосы негізіндегі «Қыпшақ қызы Аппақ» ұлттық операсының әлемдік премьерасын ұсынады. Премьера ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай өтеді.
Опера тыңдармандарға бір-бірінен ажырамас жеке әрі тарихи оқиға желілерін ашады. Оның біріншісі – ұлы ақын Низами Гәнжауи мен қыпшақ аруы Аппақтың махаббат хикаясы (Дербент әміршісі сыйға тартқан Аппақ Низамидің музасына айналған). Ал келесісі – соғыс соғысты туындататын қатал эпос. Алайда опералық пайымдауда бұл оқиға желілері бірігеді: жеке драма халықтық трагедия деңгейіне көтеріледі, ал негізгі ой кейіпкерлер бастан өткеретін сатқындық, айла-шарғы мен шайқастар арқылы тарайды. Аппақтың дәл осы даналығы, оның туған даламен байланысы және оның махаббаты тығырықтан шығатын жолды көрсететін күш болмақ. Осылайша екі адамның хикаясы бейбітшілікке жол аша алатын парыз бен рух күшіне арналған әнұранға айналады.
Осынау ауқымды спектакльдің қойылымы үшін жоғары кәсіби шығармашылық топ құрылды. Дирижер тұғырында – Қазақстанның халық әртісі қоюшы дирижер А.Мұхитдин, дирижерлер – Р.Баймурзин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Ахмедьяров. Қоюшы режиссер – Татарстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты М.Панджавидзе, оның ассистенттері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Чайников, Г.Мейрамбекова. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Дәуітов, хормейстерлер – Д.Мусин, Е.Сансызбаев. Декорациялар мен костюмдерді қоса алғанда спектакльдің көркемдік безендірілуімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері П.Драгунов пен С.Тасмағамбетова айналысуда. Жарық бойынша суретші – С.Шевченко, бейне бойынша суретші – П.Суворов, жобаның техникалық жетекшісі – Виктор Караре. Қоюшы хореограф ретінде А.Тоқтар еңбек етті.
Премьера қарсаңында Михаил Панджавидзе осындай ауқымды материалмен жұмыс істеу жайлы ой-толғамдарымен бөлісті. – Біз түпнұсқадан, яғни Ғабит Мүсіреповтің драмасынан сәл алшақтадық. Дұрысы, мұны шығарма сарыны бойынша еркін қиял деп айтуға болатын шығар. Көп нәрсені ой талқысынан қайта өткізуге, драматургияны күшейтуге тура келді, өйткені бұл опера іс-әрекетті, құштарлықты талап етеді. Ал операдағы құштарлық қай тұста? Әрине ол – махаббатта, шытырман оқиғада, сатқындықта. Онсыз болмайды, жанрдың заңы сондай. Оны айналып өтуге тырысу – тартылыс заңына қарсы шығумен тең, – деп есептейді режиссер.

Оның айтуынша, кейіпкерлерді жағымды-жағымсыз деп бөлетін үйреншікті қағидадан алшақтау маңызды тапсырма болды. – Бір сарынды кейіпкерлерді жасау қызық емес. Әрқайсысының өз шындығы, өз хикаясы болуы керек. Тіпті классикалық либретто шеңберінде де біз әртістермен бірге Аппақ таңданыс туғызатындай, сонымен бірге аяушылық сезімін оятатындай, ал оның қарсыластары түсіністікке ие болатындай көлемді іздейміз.
Ағайынды Серікжан мен Әліби Әбдінұровтардың музыкасы жайлы айта отырып М.Панджавидзе: – Бұл олардың алғашқы көлемді еңбегі. Жанрдың өзіндік қатал талаптары бар екеніне қарамастан, барлығы да кәсіби деңгейде әрі ұқыпты жасалған. Қазіргі ең маңызды кезең – музыканы сахнада тексеру. Партитурадағы музыкалық материал театр кеңістігінде де толыққанды өмір сүруі керек, – деп атап өтті.
15 жыл бойы ынтымақтастық нәтижесінде Қазақстан екінші шығармашылық отанына айналған режиссер Михаил Панджавидзе ағынан жарылып: – Әрбір премьера – тебіреніске толы сәт. Мұның қандай да бір тәсілі жоқ, бұл алхимия. «Астана Опера» ұжымымен әрдайым қуана қауышамыз және барлығын жақсы деңгейде атқарып шығуға талпынамыз. Біз көрермендердің сенімін ақтау үшін қолымыздан келгенді жасаймыз, – деп түйіндеді.
Спектакльдердің басталуы 17:00-де.



