Елордада «Опералия-2025» фестивалі өтеді

Мамырдың келуімен елордада «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалі есігін қайта айқара ашады. Ол «Астана Опера» сахнасында 16 мамырда басталып, 13 шілдеге дейін жалғасады. Осы уақыт бойы еліміздің бас театрының қабырғасында жарқын опералық және балеттік хикаялар жанданады, сондай-ақ көрермендерге қызықты концерттік бағдарламалар ұсынылады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен фестиваль 30-дан астам іс-шара ұсынып, Италия, Болгария, Қытай, Моңғолия, Ресей және әлбетте, Қазақстаннан әртістерді біріктіреді.

Екі ай бойы «Опералия-2025» әрбір оқиға алдыңғысына ұқсамайтын нағыз мәдени марафонға айналады. Жиырма жылдан астам тарихы бар бұл фестивальді «Астана Опера» осымен үшінші жыл қарсы алуда.

Танымал дирижерлер – Алан Бөрібаев, Абзал Мұхитдин, Джузеппе Акуавива, Руслан Баймурзин, Арман Оразғалиев және Элмар Бөрібаев музыкалық мерекені кезекпен басқарып, фестиваль кештеріне әркім өз ерекшелігін үстейді.

«Опералия» 16-17 мамырда Ролан Петидің «Арлезианка», ««Бозбала және өлім», «Кармен» бір актілі балеттерінің керемет премьерасымен ашылады. Құштарлыққа толы теңдессіз балеттер бүкіл фестивальге бағыт бермек. Ізінше спектакльдер мен концерттер калейдоскопы жалғасады: 20 мамырда С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» тұңғыш комедиялық операсы, ал 23 мамырда театрдың жетекші солисі Мәдина Өнербаеваның тамаша шығармашылық кеші өтеді. Балаларға арналған мәнді ертегілер де бағдарламадан орын алады, атап айтсақ олар 24-25 мамырда өтетін Ц.Кюидің «Етік киген мысық» және 1-2 маусымдағы Р.Ребектің қойылымындағы «Күлбике» спектакльдері.

Хозенің партиясындағы ресейлік әртіс Дмитрий Головниннің қатысуымен 6 маусымда Ж.Бизенің «Кармен» ауқымды операсы ұсынылады. Ал арада екі күн өткеннен кейін көрермендерді «Астана Опера» мен HasSak қазақ этно-фольклорлық ансамблінің бірегей ортақ жобасы – Nomad Inspiration күтеді.

Фестиваль көп қырлы тас секілді театрдың түрлі сахналарында, яғни Үлкен залдан бастап шағын Камералық және әдемі Мәрмәр залдарында жарқырайды. К.Байсейітова атындағы Камералық залда концерттердің тұтас легі өтеді. Болгариядан келетін скрипкашы Павел Миневтің дәулескер ойынынан бастап Салауат Кәрібаев пен Әлияр Өтетілеудің қатысуымен болатын виолончель кешіне дейін, Мәскеуден Еламан Ернұрдың фортепианолық сололарынан бастап қазақстандық композиторларға арналған вокал кештеріне дейін фестиваль бағдарламасына көрік береді. Осында Дж.Россинидің «Жібек саты» опера буффасы шырқалады және Сыдық Мұхамеджановты еске алуға арналған кеш өтеді. Мәрмәр залының сахнасында С.Рахманиновтың «Алеко» операсының концерттік нұсқасы қанат жаяды.

20-21 маусымда Алтынай Асылмұратованың қойылымындағы П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетінің премьерасы айрықша оқиғаға айналады. Жарқын әрі ғажайып спектакль театр маусымының сәнін келтіреді. Astana Opera халықаралық опера академиясының тыңдаушылары да 26 маусымда В.Беллинидің «Капулетти мен Монтекки» операсының премьерасын және музыканың шегі жоқ екенін еске салатын «Туған тілде» концертін ұсынады.

Қытайлық және ресейлік балет жұлдыздары 29 маусымда өтетін Гала-балетте сахнаға шығады. Осылайша, көрермендер Қытай Ұлттық балетінің бас солистері Чжумин Чэн мен Мэн Ин Фанның, сондай-ақ Мариинский театрының премьері Филипп Степин мен осы театрдың балет әртісі Алиса Баринованың шығармашылығымен танысады.

Ал шілдеде астаналықтар мен елорда қонақтарын шақырылған солистер – италиялық сопрано Анджела Низи (Мими), қытайлық тенор Цзы-Чжао Го (Рудольф), италиялық бас Саркис Бажбеук-Меликянның (Колен) қатысуымен Дж.Пуччинидің «Богема» операсы және Р.Ребектің «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?», В.Цукеттидің әлеммен заманауи хореографиялық диалогқа айналған Souvenir de danse сынды XXI ғасыр балеттері күтеді. Және фестивальдің ғаламат қорытындысы ретінде ресейлік тенор Михаил Пироговтың қатысуымен Дж.Пуччинидің «Турандот» гранд-операсы орындалады. Театрдың бас дирижері Алан Бөрібаевтың басқаруымен фестивальдің қорытынды аккордтары асқақ өнерге арналған салтанатты гимн тәрізді шырқалады!

Telegram-канал: Елордада «Опералия-2025» фестивалі өтеді