Елордалық әртістер богемалық хикаяны айтып берді
13-14 қаңтарда «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында ең репертуарлық әлемдік опералардың бірі – Джакомо Пуччинидің «Богема» операсында театрдың жарқын солистері мен Astana Opera Халықаралық опера академиясының дарынды тыңдаушылары зор жетістікпен дебют жасады.
Сонымен, 13 қаңтарда Мими партиясында сахнаға алғаш рет театр солисі, сопрано Мадина Исламова шықса, ал Альциндордың рөлінде бас дауысты жас әнші Валерий Селиванов дебют жасады. Спектакль кейіпкерлерінің бейнелерін «Астана Опера» театрының солистері таныстырды: Рудольфты Медет Чотабаев шебер орындаса, Мюзеттаның бейнесінде Елена Ганжа сахнаға шықты, оны жақсы көретін Марсельдің бейнесінде сахнаға Дінмұхамед Көшкінбаев шықты. Шонарды Ержан Саипов, Колленді Болат Есімханов шабытпен сомдады. Бенуаның комедиялық рөлінде Талғат Ғалеев өнер көрсетті, ал Талғат Аллабиринов Парпиньольдің қызықты интерпретациясын ұсынды. Кеден сержанты – Нұрлыбек Қосбармақов, Сарбаз – Ескендір Сәдуақасов.
Келесі күні Astana Opera Халықаралық опера академиясының тыңдаушылары Нематилло Зкруллаев пен Мерей Қадырхановтың Бенуа мен Парпиньольдің бейнелерінде дебюттері орын алды. Бибігүл Жанұзақ көрермендерге Мимидің өз интерпретациясын таныстырса, ал оның сүйіктісі Рудольфты Рамзат Балакишиев орындады. Мюзеттаның партиясында Салтанат Ахметова жарқын өнер көрсетті, Марсель – Дінмұхамед Көшкінбаев. Колленнің рөлін Шыңғыс Расылхан, Шонарды Ержан Саипов дайындады. Альциндор – Валерий Селиванов, Кеден сержанты – Нұрлыбек Қосбармақов, Сарбаз – Ескендір Сәдуақасов.
Атақты режиссер Андреа Бернардтың сахнаның барлық техникалық мүмкіндіктері пайдаланылған ауқымды қойылымы көрермендерді бірден баурап алды. Сахналық безендірудің таңғаларлық әдемі элементтері бір сәтке жоғалып, көпшіліктің көз алдында қайта пайда болды, ал шынайы жасалған бейне проекциялар болып жатқан әрекетті тамаша толықтырып отырды. Екі деңгейлі ғаламат декорациялар, сахнаға жүріп келетін пойыз бен басқа да шешімдер әркез зор таңданыс туғызды. Ерекше көріністерді тамашалай отырып, елордалық театр сүйер қауым 1900 жылдың атмосферасын толық сезіне алды. Себебі қоюшылар Париждің Латын кварталындағы шатырдың романтикалық тұрғындарының әйгілі хикаясын дәл осы дәуірге алып келген болатын.
«Астана Опера» Симфониялық оркестріне Пуччини репертуарын жақсы меңгерген әлемге әйгілі маман, италиялық маэстро жетекшілік етті. Музыканттардың орындауындағы біртуар композитордың жан тебірентерлік әуезді әуендері айрықша үйлесімділігімен және мәнерлілігімен ерекшеленді. Сондай-ақ спектакльге театрдың хоры, балеті мен мимансы қатысты. Бейнеленген дәуірді толығымен көрсететін шамдармен және аттармен безендірілген айналмалы әткеншегі бар көпшілік сахна ең керемет көріністердің бірі болды. Жұртшылық әткеншекте сайқымазақ, жонглер, акробаттар мен сол дәуірге жататын түрлі-түсті киімдермен жасанған басқа да көптеген танымал кейіпкерлерді көре алды. Осылайша, «Астана Опера» театрының репертуарында маңызды орынға ие опера өнерінің жарқын үлгісі осынау қыстың күндері жаңа жанкүйерлерін тапты.
Хордың тамаша үніне театрдың бас хормейстері Ержан Дәуітов жауапты екенін, балалар студиясының жас әртістерімен жұмысты хормейстерлер Алтынғаным Ахметова, Айгерім Амангелдиева жүргізетінін атап өтуіміз қажет. Қоюшы режиссердің ассистенті – Еренбақ Тойкенов, опера труппасының директоры – Азамат Жылтыркөзов.