Елордалық әртістер Павлодарды тәнті етті

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Eurasian Resources Group (ERG) жетекші халықаралық өнеркәсіптік компаниясының қолдауымен «Астана Операның» Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырған Қазақстан қалалары бойынша гастрольдік турының қорытындысы Павлодардағы ғаламат жетістік болды. 28 маусымда театрдың опера солистері мен симфониялық оркестрінің, миманс әртістерінің Естай атындағы қалалық мәдениет сарайы сахнасындағы өнер көрсетуін көрермендердің зор қошеметі мен «Бәрекелді!» деген дауыстары сүйемелдеді.

Елордалық ұжымның ауқымды гастрольдері Ақтөбе, Қостанай, Павлодар облыстарын қамтып, Ақтөбе, Хромтау, Рудный және Павлодар қалаларында өтті. Еліміздің ірі өндірістік кәсіпорындарының жеті мыңға жуық қызметкері мен өңірлердің басқа да тұрғындары балаларға арналған концерттік бағдарламаларды және ересек аудиторияға арналған өнер көрсетулерді тамашалады.

Павлодардағы сапар аясындағы негізгі оқиға – А.Вивальдидің «Қаһарлы Орландо» спектаклі болды. Бұл – XVIII ғасырдағы көне операны оның ең тартымды көрінісінде мінсіз бейнелейтін таңғалдырарлық әсемдіктің апофеозы. Елордалық шығармашылық ұжымның интерпретациясында қойылым көрермендерді көркем де музыкалық бейнелердің молдығымен тәнті етіп, павлодарлық жұртшылықты сиқыр, батырлық, комедия, шытырман оқиға мен қиял-ғажайып әлеміне жетеледі.

Театрдың жұлдызды солистері А.Вивальдидің барокко жауһарының әдемі безендірілген және виртуоздық стилін ықтиятты меңгергендерін павлодарлықтарға паш етті.  Орландоның басты партиясын Сұлтан Бақытжан орындады, ал зұлым сиқыршы Альчинаның рөлінде Салтанат Мұратбекова сахнаға шықты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова жауынгер әйел Брадамантенің жарқын бейнесін жасады, Әсем Сембина Анжеликаның рөлінде көрермендерді өзінің нәзіктігімен баурады. Артур Ғабдиев Медороның, Нарұл Тойкенов Руджероның және Алтынбек Әбілда Астольфоның партияларында өнер көрсетті. Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдиннің басқаруындағы «Астана Опера» Камералық оркестрі А.Вивальдидің барокко музыкасының стилін дәл жеткізді.

Өнер көрсету аяқталғаннан кейін көрермендер қарыштап дамыған сюжеттің айла-әдісін және күрделі вокалдық әрі аспаптық партияларды орындаушылардың жоғары шеберлік деңгейін қызу талқылады.

Павлодар қаласының тұрғыны Людмила Кузнецова көп жылдар бұрын жазылған Антонио Вивальдидің музыкасы әлдеқашан жүрегінен айрықша орын алғанын жасырмады.

– Мен «Астана Опера» театрында ешқашан болған емеспін, бірақ қуанышыма орай бұл шығармашылық ұжымның өнер көрсетуін осымен екінші мәрте тамашаладым. Бұл жолы да ол керемет спектакльді әкелген екен. Антонио Вивальдидің жүрек қылын қозғаған тамаша музыкасынан, әртістердің шынайы ойынынан, аспаптардың сыңғырлаған үнінен ерекше әсер алдым. Солистердің партиялары қаншалықты қиын екенін түсіне отырып, олардың жоғары ноталарды қалай оңайлықпен алатынына таңғалдым. Әсіресе жауынгер Руджероның сахнаға  көрермендер залы арқылы шыққаны әсерлі болды. Барлық әртістерге рақметімді айта отырып, шығармашылық табыс тілеймін.  Қызықты рөлдері мен ізгілікті көрермендері көп болсын. Бүгін біз ғана емес, жас көрермендерге арналған концертті тамашалаған балаларым да үйге риза көңілмен оралды. Бұл асқақ өнер әрқашанда сұранысқа ие екенінің тағы бір дәлелі, – деді Людмила Кузнецова.

8 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген «Алтын алқа» иегері Жұмабике Қалиева «Астана Опера» әртістерінің өнерін тамашалау үшін Ақсу қаласынан арнайы келіпті.

– Мен сондай керемет көңіл күйде тұрмын. Оркестр қандай, сахнаның безендірілуі және әртістердің костюмдері қандай әдемі! Мұның артында қаншама еңбек жатқанын түсінемін. Опера итальян тілінде орындалса да,  әртістердің шебер ойынының арқасында спектакльге тереңнен бойладық. Әсіресе сиқыршы Альчинаның партиясын ұсынған солист Салтанат Мұратбекованың дарынын айрықша атап өткім келеді. «Астана Опера» әртістерінің өмір жастары ұзақ болуын, Қазақстанның өнері мен мәдениетін дамыта берулерін тілеймін, – деді Жұмабике Қалиева.

Ең кішкентай көрермендердің назарына маэстро Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі опера солистері мен камералық оркестрінің, концертмейстерлер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Долорес Үмбетәлиева мен Раушан Бескембированың қатысуымен «Музыка бейнелейді және әңгімелейді» топтамасынан концерттік бағдарлама ұсынылды. Музыкатанушы Толғанай Артықбаева балаларға опера әлеміндегі дауыс түрлері жайлы әңгімелеп, оларды оркестрдегі негізгі аспаптар тобымен таныстырды.

Апалы-сіңілі Лейла Инсебаева мен Алуа Бектұрова бұл осы жазғы демалыстарында көрген ең алғашқы әрі ұмытылмас концерт болғанын атап өтті.

– Мен қаламызда болатын қызықты шаралардан қалмауға тырысамын. Бұл «Астана Опера» театрының өнер көрсетуін алғаш рет тамашалауым. Жалпы, мен музыка тыңдағанды жақсы көремін, ол адамға ойын еркін жеткізуге көмектеседі. Әсіресе аспаптық музыка жаныма жақын. Бүгін концертте гобойшы мен оркестр әртістері орындаған «Гүлдер биі» ерекше ұнады, ол өте нәзік, оны тыңдай отырып өзімді әсем гүлдер бағына тап болғандай сезіндім. Сондай-ақ бүгін опера арияларын да алғаш рет тыңдағанымды айтуым керек, егер алдағы уақытта ата-анамызбен Астанаға бара қалсақ, оларға «Астана Операға» барайықшы деп міндетті түрде өтініш айтушы едім, – деп пікірімен бөлісті А.Байтұрсынұлы атындағы инновациялық үлгідегі жалпы орта білім беретін мектептің 8 сынып оқушысы Лейла Инсебаева.

– Мен бимен айналысатындықтан, музыка менің өмірімде маңызды рөл атқарады. Ол адамның ішкі жай күйіне әсер етеді деп ойлаймын. Музыканттардың шебер ойыны арқылы әрбір туындының мазмұнын терең түсініп отырдым. Мәселен «Жаз» шығармасында алдымен шуақты ауа райы болса, кейін жаңбыр жауды, ал сосын күн күркіреді.  Елордалық әртістерге табыс тілеймін, олар одан сайын дамып, түрлі елдерде өз өнерлерін паш ете берсін, – деп тіледі Назарбаев зияткерлік мектебінің 8 сынып оқушысы Алуа Бектұрова.

Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының фойесінде көрермендерді «Қауіпсіздік өнері» фотокөрмесі күтіп тұрды. Мұнда «Астана Опера» жұлдыздарының арнаулы жұмыс киіміндегі көркем бейнелері көрме тақырыбының визуалды кескініне айналып, қауіпсіздік техникасын сақтаудың маңыздылығына назар аудартты.

Бір күн бұрын театрдың опера труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев бастаған солистер ERG құрамына кіретін өнеркәсіптік кәсіпорын –  «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамында болды. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында әртістер  кәсіпорын қызметкерлерімен бірге Павлодар облысының тумасы,  танымал композитор Естай Беркімбайұлының «Құсни – Қорлан» әнін шырқады.

– Мәдениет пен өнерді қолдау – біздің корпоративтік философиямыздың ажырамас бөлігі болып табылады. Асқақ өнер, әсіресе классикалық операның өңір тұрғындарына қолжетімді болуына ықпал ете алатынымызды мақтан етеміз. «Астана Операның»  Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы гастролі – бұл өнер мен өнеркәсіп әлемін біріктіруге, еңбек ұжымдарын шабыттандыруға және мәдени байытуға  бірегей мүмкіндік. Мұндай бастамалар мәдени мұраны қолдауға ғана емес, сондай-ақ ұлттық бірлік пен болашағымыз үшін мақтаныш сезімін нығайтуға көмектеседі, – деді Қазақстандағы Eurasian Resources Group бас директоры Серік Шахажанов.

Театр басшылығы асқақ өнердің еліміздің қалың жұртшылығы үшін маңызы зор екенін және классикалық сахна шеберлерінің мұндай өнер көрсетулерінің өндіріс қызметкерлері мен өнеркәсіптік сала мамандары үшін қажеттілігін атап өтті. – Өнер халқымыздың салт-дәстүрін, тарихы мен құндылықтарын бейнелеп, оның материалдық емес мұрасын жеткізеді, сондай-ақ ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға ықпал етіп, жас мөлшері, ұлты мен мәдениеті әртүрлі жандарды тәрбиелеп, біріктіреді. Сондықтан театрдың Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы гастролі – бұл еңбек қызметіндегі аталған бағыттардың маңыздылығының мойындалуы ғана емес, сондай-ақ бұл өнер өкілдері үшін осы мамандықтарды ілгерілетуге әрі насихаттауға өз үлесін қосуға мүмкіндік. Мұндай гастрольдер әрі қарай жалғасын тауып, Қазақстанның басқа да қалаларын қамти аламыз деген үміттеміз, – деп қорытындылады «Астана Опера» директоры Александр Совостьянов.