Елордалық сахнадағы заманауи қазақстандық балеттің зор жетістігі

Елордалық театрдың Үлкен залындағы жарқын Балет кешіне келген көрермендер «Астана Опера» балет труппасының әртістеріне зор қошемет көрсетіп, «Бәрекелді!» деп ду қол шапалақтап, өздерінің шынайы ризашылығы мен таңданысын білдірді. Балет өнерінің осынау мерекесі 9 шілде күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалі аясында өтті.

Бағдарламаны «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова әзірледі. Екі бөлімнен тұрған бұл кеш көрермен қауымға классикалық әрі заманауи хореография жауһарларымен кездесу сыйлады, оған қоса қазақстандық авторлар шығармашылығының үлгілері шетелдік шеберлердің туындыларымен үйлесімді үндестік тапты. Елорда тұрғындары мен қонақтары отандық сахнаның танымал жұлдыздары – театрдың жетекші солистерінің шеберлігін де, жас дарындардың жетістіктерін де жоғары бағалады. Осы кеште өз өнерлерін театрдың примасы Мәдина Өнербаева, жетекші солист Арман Уразов, солистер Серік Нақыспеков, Айбар Тоқтар, Диас Құрманғазы, Мөлдір Шәкімова, балет әртістері Камила Шахманова, Ғазиза Молдахмет, Камила Орманова, Назира Заетова, Жақсылық Сауқымбеков және труппаның басқа да бишілері паш етті.

Гала-балет бағдарламасы аясында бірінші бөлімде жақсы танылған классикалық нөмірлер – Ю.Григоровичтің хореографиясында П.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетінен па-де-де, К.Голейзовскийдің хореографиясында В.Желобинскийдің музыкасына Сыған биі және М.Петипаның хореографиясында Р.Дригоның «Талисман» балетінен па-де-де ұсынылды. Заманауи қазақстандық хореограф, «Астана Опера» солисі Сұлтанбек Ғұмардың ерекше қойылымдары – HasSak этно-фольклорлық тобының музыкасына «Той бастар» мен «Кемел адам» және TURAN этно-фольклорлық ансамблінің өңдеуінде Ақтоты Райымқұлованың музыкасына «Мәңгүрт» кештің сәніне айналды. Балет әртістері дирижер Ерболат Ахмедьяровтың жетекшілігіндегі «Астана Опера» симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетті. Айтпақшы, жақында маэстро шығармашылық ұжымды дирижер ретінде толықтырды.

Екінші бөлімде көрермен қауымды заманауи неміс хореографы Раймондо Ребектің қазақстандық труппа үшін арнайы қойған How Long Is Now? («Қазәргі сәт қанша уақытқа созылады?») бір актілі балеті қуантты. Спектакль уақыт ағымы және оны адамның ақыл-парасатпен қабылдауы туралы философиялық толғам болып табылады, мұнда әртістердің үш жұбы адамның өмір жолының түрлі кезеңдерін бейнелейді.

Кеш соңында көрермендер көтеріңкі эмоциямен алған әсерлерін ортаға салды:

– «Астана Операдағы» балет кеші әдеттегідей керемет өтті! Концерт өте жақсы әсер қалдырды: нөмірлер өте тамаша орындалды, труппа мінсіз техниканы, қозғалыс мәнерлілігін, керемет әртістікті және музыкалық шеберлікті паш етті. Ұлттық нөмірлер ең қатты әсер еткені сөзсіз, – деп пікірімен бөлісті көрермен Жамал Нұрқайымова. – Таңғаларлық, қызықты «Той бастар» халық рухының бейнесі іспетті, қарасаң – бақыт пен шаттық сезіміне бөленесің. Біз 180 жылдығы биыл кеңінен тойланып жатқан «Абай» операсындағы «Тойбастар» сахнасымен таныс едік, ал енді репертуарда осындай қызықты балет нөмірі де бар. Әрине, теңдесі жоқ Мәдина Өнербаеваның орындауындағы «Кемел адам» нөмірін көргенімізге қуаныштымыз, біз оны жақсы көреміз әрі шығармашылығына әрдайым қызығушылық танытамыз. Балерина хореографияға енгізілген кемел адам идеясын толық жеткізе алды, оған HasSak ансамблінің музыкасы көмектесті. Екінші бөлімдегі «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» балет идеясының тереңдігі де айтарлықтай қайран қалдырады. Махаббат, ар-намыс, әділдік, адам тағдыры сынды мәңгі тақырыптардағы ұлттық және еуропалық көзқарастардың үйлесімді өрістеуін тамашалау өте қызықты болды және де осы бір ғажайып кеш бір демде өтті,  – деп сөзін түйіндеді Жамал Нұрқайымова.

Еске сала кетейік, бұл кеш «Опералия-2025» фестивалі аясындағы соңғы балеттік іс-шара еді және балет труппасын жазғы демалыс күтіп тұр. Ал жақын арада, 12 және 13 шілдеде «Астана Опера» сахнасында классика бағалаушылары Халықаралық фестивальді әрі XII театрлық маусымын түйіндейтін Дж.Пуччинидің «Турандот» әйгілі операсының ауқымды қойылымын тамашалайды.

Telegram-канал: Елордалық сахнадағы заманауи қазақстандық балеттің зор жетістігі