Елорданың мектеп оқушылары жел электр станциясында STEM мамандықтарымен танысты

Еуропалық Одақтың (ЕО) қолдауымен Астана қаласындағы №59 мектеп-лицейінің отыз жоғарғы сынып оқушысы «Астана EXPO-2017» жел электр станциясына (ЖЭС) барды. «STEM4Her» (Қыздар үшін STEM) деп аталған іс-шара «ЕО–Қазақстан: Тұрақты энергетика күндері» аясында өтіп, негізінен қыз балаларға арналды. Ол балалардың таза энергия туралы хабардарлығын арттырып қана қоймай, сонымен қатар болашақта энергетика мен STEM (ғылым, технология, инженерия, математика) салаларында жоғары білім алып, мансап құруларына ынталандырды.

 Қазақстанда STEM түлектері арасында әйелдердің үлесі 32% болса, энергетика саласында 25% ғана құрайды. Қоғамдық стереотип пен ақпараттың аздығынан жас қыздар бұл салаларда мансап құруға ұмтылмайды. Осыған орай «STEM4Her» шарасының ұйымдастырушылары мектеп оқушыларын саяхат кезінде табысты әйел көшбасшылармен, сондай-ақ мамандармен таныстырды.

Қазақстандағы ЕО Елшісі Алешка Симкич:

«Бүгінгі ғылым мен технологияға негізделген әлемде STEM бойынша сапалы білім алу –адам өмірінің барлық саласында табысқа жетудің шарты болып отыр. STEM – бұл тек сандар немесе зертханада жұмыс істеуді ғана білдірмейді. Бұл – нақты мәселелерді шешу және өмірді жақсарту мүмкіндігі екенін айтқан жөн. Ол келешекте тамаша мансапқа жол ашуы мүмкін. Жаңартылатын энергия көздері секторына назар аударыңыздар, өйткені  қазіргі таңда қарқынды дамып келеді. Осы тұрғыда қыздар мен жас әйелдерді қолдау ерекше маңызды. Қыздар STEM саласына келгенде әртүрлі идеяның дамуына ықпал ете алады. 2023 жылы мектептеріңізге «Астананың ең энергия тиімді мектебі» мәртебесін бердік. Бұл сіздердің де жетістіктеріңіз. Сіздерді алда көптеген жарқын жеңістер күтіп тұрғанына сенімдімін. Биікке ұмтылып, бізді жетістіктеріңізбен қуанта беріңіздер!»

Әр әйел білімді болуға да лайықты!

Іс-шара барысында қатысушылар жетекші мамандармен танысты. Олардың қатарында: Qazaq Green қауымдастығының төрайымы Айнұр Соспанова, SECCA жобасының энергетика саласындағы басқару жөніндегі негізгі сарапшысы Илзе Пурина және ЖЭС басшысы Константин Конюшков.

Станцияға ұйымдастырылған саяхат пен интерактивті сессиялар барысында оқушылар ЖЭС-тің қалай жұмыс істейтінін көріп, электр энергиясы өндірілу процесімен танысты, сондай-ақ таза энергияның климат өзгеруімен күресу, қоршаған орта ластануын төмендету және тұрақты дамудағы рөлі жөнінде де ақпарат алды. Сарапшылар мен станция қызметкерлері STEM пәндерінің энергетикалық жобаларда қалай қолданылатынын көрсетті.

Сапарды ЕО қаржыландыратын «Орталық Азиядағы тұрақты энергетикалық байланыстар (SECCA)» жобасы Qazaq Green қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды.

Telegram-канал: Елорданың мектеп оқушылары жел электр станциясында STEM мамандықтарымен танысты