ЕО Кеңесінің COEST Жұмыс тобы делегациясының сапары: Қазақстанмен стратегиялық диалогты нығайту

8-10 маусымда Еуропалық одақ Кеңесінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерімен байланыс жөніндегі жұмыс тобы (COEST) Қазақстан Республикасына сапармен келді.
Ақтау мен Астана қалаларын қамтыған бұл сапар Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы диалогтың маңызды кезеңі болды және тараптардың өзара тиімді стратегиялық серіктестікті тереңдетуге бейілділігін растады. Іс-шара Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ және оның мүше мемлекеттері арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді практикалық жүзеге асыру аясында өтті.
Астанада ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Еуроодақпен екіжақты және өңірлік жобаларды іске асыруға тікелей қатысатын мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті.
Кездесу барысында сауда және инвестицияны дамыту, орнықты даму бастамаларын іске асыру, заң үстемдігін және адам құқықтарын ілгерілету, су және климат дипломатиясы, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту сияқты басым бағыттар талқыланды.
Кездесуді аша отырып, Р.Василенко: «Еуроодақ – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі ғана емес. Біз орнықты даму, жасыл трансформация және құқық үстемдігін қамтамасыз ету сияқты ортақ мақсаттарға қол жеткізуде тығыз ынтымақтасамыз», – деп атап өтті.
Министрдің орынбасары сондай-ақ COEST тобының ЕО-ның өңірге қатысты сыртқы саяси ұстанымын қалыптастырудағы маңызды рөлін атап өтті: «COEST жұмыс тобы Еуроодақтың Орталық Азияға деген көзқарасы мен тәсілдерін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады, біз бұл топтың өңір елдерімен сындарлы және мақсатты диалог орнатудағы күш-жігерін жоғары бағалаймыз».
Кездесуге ҚР қаржы, энергетика, экология және табиғи ресурстар, су ресурстары және ирригация, өнеркәсіп және құрылыс, көлік, мәдениет және ақпарат министрліктері мен Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілдері қатысты.
Бұған дейін Ақтауда делегация мүшелері Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбаймен кездесіп, өңірдің жетекші ғылыми-білім беру мекемелері – Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті мен Қазақ-неміс орнықты инженерия институтына барды. Өңірдің логистикалық әлеуетіне ерекше көңіл бөлініп, делегация «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» АҚ қызметімен танысты.
Жалпы алғанда, COEST жұмыс тобының Қазақстанға сапары ҚР мен ЕО арасындағы диалогтың жоғары деңгейін көрсетіп, өзара құрмет, диалог және орнықты даму қағидаттарына негізделген серіктестікті нығайтуға деген өзара ұмтылысты растады.
Анықтама: COEST жұмыс тобы – Еуропалық одақ Кеңесінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріне қатысты саяси ұстанымдарды қалыптастыруға жауапты арнаулы орган. Оның мандатына өңірмен саяси диалог, адам құқықтары, орнықты даму, энергетика, сауда және қауіпсіздік салаларында шешімдер мен ұсынымдар әзірлеу кіреді.
Еуропалық одақ – Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. 2024 жылы тауар айналымы 48,7 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,9%-ға өсті (ҚР экспорты – 38,1 млрд, импорты – 10,6 млрд). 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына тартылған еуропалық инвестициялар көлемі 200 млрд доллардан асты. Қазақстанда еуропалық қатысуы бар 3000-нан астам компания жұмыс істейді.
ҚР Сыртқы істер министрлігі