ЕО-мен әріптестік: $200 млрд инвестиция

Астанада гибридті форматта «Қазақстан–ЕО» ынтымақтастық комитетінің сауда жөніндегі 8-ші отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова мен Еуропалық Комиссияның бөлім басшысы Неле Айххорн тең төрағалық етті. Жиынға салалық министрліктердің, Еуроодақ институттарының, бизнес қауымдастықтар мен сарапшылардың өкілдері қатысты.

Кездесуді ашқан Жанель Кушукова Еуропалық одақ Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктесі болып қала беретінін атап өтті. 2024 жылы екіжақты тауар айналымы 48,8 млрд АҚШ долларын құраса, соның 38,1 млрд доллары — қазақстандық экспортқа тиесілі. 2005 жылдан бері ЕО-дан Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 200 млрд доллардан асты. Бүгінде елімізде Shell, Total, Airbus, Alstom сынды еуропалық қатысуы бар 3 000-нан астам компания табысты жұмыс істеуде.

Отырыс барысында кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді (КӘЫК) іске асыру, инвестициялық ынтымақтастықты нығайту, санитарлық және фитосанитарлық шаралар, сондай-ақ техникалық реттеуді дамыту мәселелері өзекті болды. Бұдан бөлек, шикізаттық емес экспортты қолдау мен цифрлық сауданы дамытуға ерекше назар аударылды. 2024 жылы Қазақстандағы e-commerce нарығының көлемі 3,2 трлн теңгеден асты, отандық компаниялар жаһандық платформалардағы қатысуын кеңейтіп келеді.

Тараптар бірлескен инвестициялық бастамаларға айрықша көңіл бөлді. Бүгінде жалпы құны 7,1 млрд долларды құрайтын 89 жоба жүзеге асырылуда, бұл шамамен 4 000 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде 37 жоба іске асырылу сатысында болса, 52 жоба бойынша 4 млрд долларға жуық әлеуетті инвестициялар тарту мақсатында пысықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тараптар техникалық реттеу, стандарттарды үйлестіру, метрология, аккредиттеу және сәйкестікті бағалау салалары бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге келісті. Саудадағы техникалық кедергілерді жою, ESG қағидаттарын енгізу, климаттық бастамалар мен «жасыл» экономиканың элементтерін дамыту бойынша нақты қадамдар талқыланды.

Отырыс қорытындысында қатысушылар Комитет аясындағы диалогты стратегиялық әріптестікті нығайтудың тиімді құралы ретінде бағалап, өзара экономикалық байланыстарды кеңейтуге, орнықты сауданы дамытуға және логистика, цифрландыру, агроөнеркәсіптік кешен мен инновация салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті екендерін растады.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Баспасөз қызметі