ERG әйгілі қазақстандық «Сазген сазы» ансамблінің Люксембург консерваториясындағы концертін ұйымдастырушылардың бірі болды
Өткен жылдардағы дәстүр бойынша Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшілігі, Қазақстанның Люксембургтегі Мәртебелі консулдығы және Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы Люксембургте қазақ мәдениетіне арналған тағы бір іс-шара ұйымдастырды. Жексенбі күні, 15 қазанда келе жатқан Қазақстан Республикасының күніне орай Люксембург консерваториясында әйгілі «Сазген сазы» ұлттық фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концерті өтті. Концерттен кейін салтанатты қабылдау болды.
Іс-шараның қонақтары Еуропадағы қазақ диаспорасының өкілдері, Люксембург Ұлы Герцогтігінің және көршілес елдердің тұрғындары, саясаткерлер, дипломатиялық корпустың мүшелері, бизнес, қоғамдық және мәдени ұйымдардың өкілдері – Қазақстанның мәдени мұрасына қызығушылық танытқандардың барлығы болды. 250-ден астам адам қатысқан шараға Алматы әкімдігі мен Люксембург мэриясы қолдау көрсетті.
Концерт қонақтарын құттықтаған Қазақстанның Елшісі Марғұлан Баймұхан Республика күнінің маңызы мен 1990 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылдану тарихына, қазіргі заманғы елдің дамуы үшін мерекенің тарихи маңызына және Ұлы Герцогтікпен қарым-қатынастардың жан-жақты дамуының маңыздылығы қысқаша тоқталды. Ол қазақ халқының бай музыкалық мұрасын, оның ішінде талантымен халыққа танымал болған «Сазген сазы» музыканттарының шығармашылығын, дипломатиясының маңызды құралы екендігін атап өтті.
«Schengen Peace Foundation» қорының вице-президенті Мишель Турк қазақ даласымен бұрыннан араласқан халықтар мен мәдениеттердің тарихын бейнелейтін қазақтың музыкалық дәстүрлерімен танысуға ерекше мүмкіндік берілгені үшін алғысын білдірді. Турк мырзаның айтуынша, қазақ аспаптарының үні мен музыкалық шығармалары Қазақстанның сұлулығын бейнелейді.
ERG Бас атқарушы директоры және Қазақстанның Люксембургтегі Мәртебелі консулы Бенедикт Соботка: «Сазген сазы – 40 жылдан астам бұрын құрылған, гастрольдері 40-тан астам елде болған Қазақстандағы бірегей, атақты музыкалық ансамбль. Люксембург консерваториясында Қазақстанға арналған осындай ерекше мәдени шараны ERG қызметкерлері мен серіктестері, Люксембург тұрғындары және басқа елдерден келген қонақтар жоғары бағалады».
Қонақтарға қазақ халық әндері, сондай-ақ Құрманғазы мен Шәмші Қалдаяқов, Витторио Монти, Астор Пьяццола және тағы да басқа көрнекті композиторлардың шығармалары ұсынылды. Ансамбль репертуары дәстүрлі еуропалық музыкалық іс-шаралар бағдарламалары үшін бірегей болып шықты: Люксембург халқы дәстүрлі қазақ музыкалық аспаптарының үнімен танысуға, қазақтың халық әуендерін тыңдауға, сондай-ақ ансамбльдің орындауындағы еуропалық классиканың әйгілі туындыларын жаңаша тыңдауға мүмкіндік алды.
«Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігіне және Елші Марғұлан Баймұхан мырзаға, Қазақстанның Люксембургтегі Мәртебелі консулдығына және қазақ музыкасының жауһарлары мен қазақ салт-дәстүрлерін ERG штаб-пәтері орналасқан еуропалық қалада таныстыруға атсалысып, осы шараны ұйымдастыруға қатысқан адамдардың барлығына алғысымды білдіремін», — деді Соботка мырза.