ERG Хромтаудағы шағын және орта бизнес жобаларын қаржылай қолдайды
Eurasian Resources Group (ЕRG) Ақтөбе облысының әкімдігі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен ҚР кәсіпкерлерінің «Атамекен» ұлттық палатасы Хромтау қаласындағы шағын және орта бизнесті қолдау туралы Меморандум жасасты. Бірлескен «Өркен» бағдарламасы аясында ERG жергілікті жердегі шағын және орта бизнес жобаларын қолдауға 500 млн теңге бағыттайды.
Тараптар бұл бағдарлама Хромтау тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттырып, бәсекеге қабілетті өндіріс құру мен жаңа жұмыс орындарын ашуға, қала экономикасын әртараптандыруға септесіп, оның ірі кәсіпорын қызметіне тәуелділігін төмендетеді деген сенімде. Өңірдегі аймақтық кәсіпкерлік тұрақты әрі теңгерімді өсетін болса, қазіргі кәсіпкерлер қолдау тауып, жаңа жұмыс орындары ашылады.
Қаржыландыруды кімдер және қалай ала алады?
Хромтау аумағында тіркелген, өз жобасын осы қалада бастаған немесе іске асыруды жоспарлап отырған кәсіпкерлер 30 млн теңгеге дейінгі көлемде заем ала алады. Инвестицияға берілетін несиелендіру мерзімі – 5 жылдан, айналым қаражатын несиелендіру мерзімі 3 жылдан аспауы керек.
Пайыздық үстемақы көлемі – 3%. Жобаны кез келген салада іске асыруға болады.
Өтінім беру үшін «Даму» қорының Ақтөбе қаласындағы филиалына баруға болады.
— Қазіргі таңда Хромтауда мыңдаған еуразиялықтар күнделікті еңбек етіп жүр. ERG мен еліміз үшін айрықша маңызы бар жобалар – Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтаның екінші кезегі, Дөң тау-кен байыту комбинатының шламдарды қайта өңдеу фабрикасы, Жел электр станциясының құрылысы сынды жобалар осы қалада іске асырылып жатыр. Хромтау бүгінде қарқынды дамып келеді. Бірлескен «Өркен» жобасын іске қосу келешекте қаладағы өмір сапасын арттыруға сеп болар деген сенімдеміз,- деді Еуразиялық Топтың Бас директоры Серік Шахажанов.
Жалпы алғанда бұл бағдарламаға 2 млрд теңге қарастырылған: «Даму» қоры – 1 млрд, ERG – 500 млн және Ақтөбе облысының әкімдігі – 500 млн.