Ермек Маржықпаев Олимпиада чемпионы Елдос Сметовты құттықтады
Париж Олимпиадасындағы дзюдошылардың өнерін арнайы барып тамашалаған ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев төрт жылдықтың басты додасында топ жарған Елдос Сметовты құттықтады.
«Елдос ерледі, ағайын! Балуанымыз Париж Олимпиадасының алғашқы алтын жүлдесін сыйға тартып, бәрімізді қуанышқа бөледі. Құтты болсын! Естеріңізде болса, 2019 жылы Парижде өткенде Grand Slam жарысында Елдос күміспен күптелген еді. Балуанымыз бүгін де өз мықтылығын дәлелдеп, Париж төрінде екінші рет жүлде алды. Елдосты бүгінгі жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! Ол бұған дейін Рио және Токио Олимпиадаларында да жүлдегер атанған еді. Жеңісті жолды бұл жолы да жалғастырды. Бүгін дзюдошылардың өнерін арнайы барып көрдім. Оңай болған жоқ. Олимпиадаға осал спортшы келмейді. Жарыстың алғашқы күніндегі жүлде өзге де олимпиадашыларымызға жұғысты, жеңіс жалғасты болғай», – деді Ермек Маржықпаев.
ҚР ТСМ Баспасөз қызметі