Ержан Еркінбаев: «Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 100 мыңнан астам турист келеді деп күтеміз»
Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына санаулы күндер қалды. Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев бірегей іс-шара Қазақстанның халықаралық аренада танылуына ықпалы орасан зор екенін айтты.
«Қазақстанда Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өтуі еліміз үшін, әсіресе туризмді дамыту саласында айтулы оқиға болып отыр. Туристер бай мәдени мұрамызға, тұмса табиғатымызға бұрыннан қызығады. Десе де Дүниежүзілік көшпенділер ойындары секілді ауқымды іс-шаралар көшпенділер мәдениетін бүкіл әлемге паш етуге мүмкіндік береді. Халықаралық аудиторияның назары ауып, сәйкесінше елімізге келетін туристер саны арта түседі» – деді Туризм және спорт вице-министрі.
Ержан Еркінбаев Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қазақстанның туристік бағыт ретінде танылуына, сондай-ақ инфрақұрылымның дамуына ықпал ететінін айта кетті. Астанаға айтулы іс-шара туралы хабар тарату үшін Euronews, BBC, CNN секілді әлемдік БАҚ өкілдері, блогерлер келеді деп күтіледі. Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы имиджін арттыра түседі.
«2014 жылы Қырғызстанда өткен алғашқы ойындарға 19 елден 600 спортшы қатысып, мыңдаған турист пен көптеген халықаралық медианың назарын аударды. 2016 жылы қатысушы елдердің саны 62-ге жетіп, іс-шараға 40 мың турист келді. 2018 жылғы ойындарға 80 елден 2000 астам адам қатысып, көрермендер саны 150 мыңнан асып жығылды. Бұл сандардан ойындар жылдан-жылға туристерді көптеп тартатынын, бұл өз кезегінде қабылдаушы елдің экономикасы мен туризм саласын дамытуға айтарлықтай үлес қосатынын көре аламыз», – деді вице-министр.
Оның айтуынша, биыл Қазақстанға келетін қатысушылар мен көрермендер саны рекордтық көрсеткішке жетеді.
«Ұлттық құрама спортшылары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына сақадай сай. Республикалық жарыстарда үздік өнер көрсеткен кіл мықтылар іріктеліп алынды. Биыл 89 елден 2000 астам қатысушы келеді деп үміттенеміз және 100 мың туристі тарту жоспарда бар. Өткен ойындардың табысты өткенін ескерсек, болжамымыз ақылға қонымды. Қазақстанның ірі инфрақұрылымы көптеп адам тартуға және ауқымды іс-шараны жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына бір күн қалғанда этноауыл ашылады. Сондай-ақ, екі күн Димаштың концерті өтеді. Бұл да туристердің назарын аударып отыр», – деді Ержан Еркінбаев.
Астанада 8-13 қыркүйек аралығында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Қазақстан ойындарды алғаш рет қабылдап отыр. Қазақстан тарапынан ұлттық құрама барлық 21 барлық ойын түріне қатысады. 23 жаттықтырушы 216 спортшыны дайындауда, деп хабарлайды Ұлттық және ат спорты қауымдастығы.