Есік қаласында Алматы облысы педагог қызметкерлерінің өңірлік тамыз конференциясы өтті
Қаржыландыруды ұлғайту, жаңа мектептер мен тегін түскі ас: Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев осы оқу жылынан бастап оқушылар үшін қандай жаңалықтар енгізіліп жатқанын айтты.
Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласында «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН: САПАЛЫ БІЛІМ, АДАЛ ҰРПАҚ, ТАБЫСТЫ ҰЛТ» тақырыбында облыстың педагог қызметкерлерінің өңірлік тамыз конференциясы өтті.
Дәстүрлі тамыз конференциясына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, онлайн режимде Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директорының орынбасары Ақзира Қасымова, сондай-ақ, ғылыми қызметкерлер, педагогика ғылымдарының докторлары, академиктер, аудан, қала әкімдері, республикалық, облыстық департаменттер мен басқармалардың, кәсіподақ, үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері, білім беру мекемелерінің басшылары мен педагогтары, ата-аналар комитеттерінің төрағалары қатысты.
Облыс әкімі өз баяндамасында биылғы білім беру саласының бюджеті 394 млрд. теңгені құрағанын және өткен жылмен салыстырғанда 78 млрд. теңгеге ұлғайғанын атап өтті. Облыстың өзекті мәселелерінің бірі – үш ауысымды мектептер мәселесі. 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жобалық қуаты 68 200 оқушыға арналған 53 жалпы білім беретін мектеп салу жоспарлануда.
Бүгінгі таңда 15 750 орынды 16 мектептің құрылысы жүргізілуде, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Іле, Жамбыл аудандары мен Қонаев қаласында 1 қыркүйекке дейін пайдалануға берілетін 9 мектептің құрылысы аяқталды. 5 мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады, ал қалған екі мектеп 2024 жылға ауысады.
— Бастауыш сыныптардың 113 240 оқушысына тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін 4 млрд. 529 млн теңге бөлінді. 2023 жылы шалғай елді мекендерден оқушыларды қауіпсіз тасымалдауды ұйымдастыру үшін 2 млрд.172 млн теңге бөлінді, «Лизинг» арқылы 36 автобус сатып алынды, — деді өңір басшысы.
Облыс оқушыларының білім сапасын арттыру үшін «Білім-Инновация» қоғамдық қоры 50 мектепті, 66 мың оқушыны және облыстың 2500 мұғалімін қамти отырып, білім беру саласындағы көшбасшылардың бірі болып табылатын «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізу бойынша «Жаңа форматтағы 50 табысты мектеп» жобасын құрды. Мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңа заманауи жабдықтармен жарақтандыру мақсатында жергілікті бюджеттен 756,0 млн. теңге бөлінді.
Алматы облысы білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева өткен оқу жылын қорытындылап, атқарылған жұмыстарға талдау жүргізді.
Тамыз конференциясының қорытындысы бойынша облыс педагогтері Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі мен облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту үздігі» дипломымен балабақша меңгерушісінің жұмысы атап өтіліп, «Еңбек ардагері» медалімен 11 педагог марапатталды.