Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндет

Елорда аумағында ағымдағы жылдың 24 мамырынан 29 маусымына дейін халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған «Есірткіге қарсы» профилактикалық айлық өтеді. Мақсат: нашақорлық проблемасына, оның салдарына және онымен күресу тәсілдеріне жұртшылықтың назарын аудару, қоғамды біріктіру және есірткіге қарсы іс-шаралардың тұтас кешенін іске асыру.

Республика бойынша 2023 жылы есірткі тұтынушылардың 1,2% -ға төмендеуі байқалса, ал 2024 жылдың I тоқсанында 0,4% -ға өсім бар. Астана қаласы бойынша 10,7% -ға, синтетикалық есірткіні тұтынушылар арасында 2,7% -ға төмендеу тіркелуде. I тоқсанның қорытындысы бойынша қалада есірткі тұтынушылардың саны 984 адамды құрайды. Емделушілерге тегін оңалту көмегінің, ақылы негізде жасырын емдеудің қолжетімділігі қамтамасыз етіледі.

Астана қаласы бойынша 2023 жылы тіркелген есірткі қылмыстарының саны 79 болса,  2024 жылы мамыр айында  бұл көрсеткіш 180-ді құрады. Сондай-ақ заңсыз айналымнан 2023 жылы жалпы салмағы  56кг 008гр есірткі заттары тәркіленсе, 2024 жылдың мамыр айындағы көрсеткіш бойынша 56кг, 850гр есірткі заттары тәркіленді.

Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жүйесіндегі ең басты элемент — алдын алу. Бекітілген іс-шаралар жоспар бойынша 1 айдың ішінде қала халқының барлық топтарын, әсіресе жастар мен балаларды тарта отырып, рейдтік іс-шараларды, сондай–ақ мәдени-демалыс және спорттық-сауықтыру іс-шараларын өткізу жоспарлануда. Акцияның қорытынды концерті 29 маусым күні сағат: 16.00-ден 20.00-ге дейін Астананың орталық мәдениет және демалыс саябағында өтеді. Айлық бойынша жоспарды іске асыруға елорда әкімдігі, барлық мүдделі мемлекеттік органдар және үкіметтік емес сектор қатысады.

Есірткіні қолданудың ең көп жағдайлары жастар арасында. Күш біріктірудің арқасында ғана өскелең ұрпаққа оң ықпал етіп, салауатты болашақты қамтамасыз етуге болады. Осы бағытта, есірткі жарнамасын бояу және түсіндіру жұмыстары бойынша елорданың 5 ауданында рейдтер, 10-нан астам акция өткізілді. Сондай-ақ, жыл басынан бері вейптерге тәуелділік деңгейін төмендету мақсатында «Тәуелділікті спортқа айырбаста» акциясы ұйымдастырылуда. Акцияға белсенді қатысушыларға сыйлықтар да қарастырылған. «ESIRTKISIZ ELORDA» жастар қозғалысын іске асыру жоспары бойынша жыл соңына дейін әр түрлі әлеуметтік топтар үшін профилактикалық контент құру; дәріханаларда дәрілік препараттарды және психоактивті заттарды өткізу нормаларының сақталуын қоғамдық қадағалау бойынша акциялар өткізу; есірткі сататын жарнамалар мен ресурстарды бұғаттау; ЖОО базасында өткізілетін есірткі бизнесіне байланысты істер бойынша көшпелі соттар; есірткі қылмысы туралы анонимді шағым және психологиялық көмекке жүгіну үшін QR коды бар интерактивті ақпараттық стенд құру жоспарлануда. Елордадағы есірткі жағдайы туралы әлеуметтік зерттеулер жүргізу. Оған, шамамен миллионнан астам адамды қамту көзделген.