Етік киген мысық балаларды театрға шақырады

Балаларды қорғау күні қарсаңында жас театр сүйер қауымның назарына «Астана Операда» қызықты бағдарлама ұсынылады. Сонымен, 24-25 мамырда «Опералия» халықаралық фестивалі аясында К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында Шарль Перроның танымал ертегі желісі бойынша Цезарь Кюидің балаларға арналған «Етік киген мысық» операсы өтеді. Ал 28 мамырда «Астана Опера» балалар театр студиясының дарынды әртістері осы залда «Балалар театрға шақырады» дәстүрлі концертімен өнер көрсетеді.

Басқа да көптеген спектакльдердегідей, «Етік киген мысық» опера-ертегісінің де  кейіпкерлерін қазақстандық көрермендерге жақсы таныс опера труппасының солистерімен бірге театрдың балалар хорының дарынды тәрбиеленушілері орындайды. Жас әртістер қойылымдар мен концерттерде көрермендерге өз өнерлерін тарту етіп, өнер көрсетулерге ересек әріптестерінен кем дайындалмайды.

– «Етік киген мысық» операсы жайлы айтқанда, бұл спектакльге ересектер хорынсыз және балалар хорының жоғары тобынсыз тек кіші топ қатысатынын атап өту маңызды. Үлкен сахнада балалар өнер көрсететін қойылымдарда әрдайым ересектер хоры да болады. Ол жақта да жас әртістердің айтатын жеке үзінділері бар болғанымен, мұнда олар толығымен операдағы хордың қызметін атқарады, осы жауапкершілікті толықтай өз мойындарына алады. Цезарь Кюидің туындысында түпнұсқада хор партиясын ересек дауыстармен де, балалар дауыстарымен де орындауға болады. Ал бізде осындай қызықты синтез пайда болды, өйткені спектакль кейіпкерлерін олардың әріптестері – театрдың опера труппасының солистері сомдайды. Ақсүйектердің салтанатты киімдерін және сәнді париктер киген балалар патшаның нөкерлерін таныстырады, – деп әңгімеледі балалар студиясының хормейстері Алтынғаным Ахметова. – Олар симфониялық дирижердің басқаруындағы бүкіл шығармашылық ұжыммен бірге опералық спектакльді орындауға сахнаға шыққанда біздің негізгі міндетіміз – оркестрмен дыбыстық теңгерім құру. Концерттік бағдарламаларға қарағанда, мұнда олардың жанында хормейстерлер болмайды, сондықтан біз оларға музыканы тамаша білуді, өз беттерінше әрекет етуді және ең бастысы оркестрді естуді дайындық залдарында үйретуіміз керек. Балалар дирижерді тыңдап және оған қарап қана қоймай, онымен біртұтас болуы тиіс. Әлбетте, Камералық залда оркестрдің шағын құрамы өнер көрсететіндіктен, мұнда акустикалық жағынан қайтарым басқаша болады, сәйкесінше дыбысты сәл өзгеше бағыттау қажет. Алайда үлкен опера дауыстарына қарағанда балалар дауысының өз ерекшеліктері бар және мұнда балалар хорының жоғары топтағы тәрбиеленушілерінсіз тек кіші топ қатысатындықтан, олар тура үлкен сахнадағыдай үн шығарады, біз оны Камералық зал үшін қыспаймыз, ол еркін әрі табиғи естіледі, – деп пікірімен бөлісті хормейстер.

Батыл әрі тапқыр мысықтың асқан ептілік көрсетіп, өз қожайынына жарқын болашақты қамтамасыз ететіні туралы көңілді де қызықты спектакльді елордалық оқушылар 2023 жылғы мамырдағы премьерасынан бастап ұнатқанын атап өтуіміз керек. Қойылым тобына театрдың үздік шығармашылық күштері енді. Спектакльдің қоюшы дирижері ретінде Элмар Бөрібаев, қоюшы режиссер ретінде Еренбақ Тойкенов еңбек етті. Режиссер қайғыға берілмей және сенімді жоғалтпай, алға қойған мақсаттарға әрдайым батыл қол жеткізудің маңыздылығын, кез келген тығырықтан шығатын жол табуға болатынын жас көрермендерге ұғындыруға тырысты.

Жаңа музыкалық редакция авторы Әлихан Ыдырысов болды, әдемі көркемдік безендірулерді дарынды дизайнерлер тобы жасады: сценографияны Малика Төлегенова ойлап тапса, костюмдерді Дариға Тайшықова, бейнепроекцияларды Азамат Құттығожин, ал сәулелі партитураны Сергей Кулак жасап шықты. Опера труппасының директоры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев.

Театрдың опера солистері, оркестр әртістері мен балалар студиясының тәрбиеленушілері бұл күндері «Астана Опера» дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айдар Әбжахановтың басқаруымен өнер көрсетеді. Спектакль кейіпкерлерінің бейнелерінде жарқын вокалистердің дебюттері орын алады деп күтілуде: Рамзат Балакишиев, Нұрсұлтан Әнуарбек (Мысық), Ержан Саипов (Патша), Сұлтан Бақытжан (Тұңғыш ұл).

Араға бірнеше күн салып «Балалар театрға шақырады» концертінде «Астана Опера» балалар театр студиясының тәрбиеленушілері әлемдік классиканың және ұлттық жауһарлардың вокалдық, хореографиялық нөмірлерінен құралған сан алуан бағдарламаны ұсынады. Кеш басталардан бұрын театр фойесінде театрлық қолөнер студиясына баратын балалардың қолдан жасаған жұмыстарының көрмесі қанат жаяды. Бұл қолөнер студиясында жас дизайнерлер костюмдер мен реквизит жасауды, эскиздер салуды үйренеді.

28 мамырдағы өнер көрсетуге жарқын дарындарды дайындау жұмыстарымен театр өнерінің шеберлері – балет студиясының жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалия Бөрібаева, хор студиясының жетекшісі Алтынғаным Ахметова, концертмейстер Ирина Кургузкина, концерт режиссері Николай Коршунов және балалар студиясының жетекшісі Шырын Ахмеджанова айналысуда.

– «Балалар театрға шақырады» жыл сайынғы концертінің бағдарламасын біз театрдың балалар балет студиясымен бірлесіп дайындаймыз. Бұл күні біз өзіміздің репертуарымыздағы туындыларды, сондай-ақ осы маусымдағы түрлі өнер көрсетулер аясында алғаш рет таныстырған жаңа шығармаларды да орындаймыз. Бұдан бөлек, арнайы осы кеш үшін біз өзіміздің орындауымызда бұдан бұрын шырқалмаған жаңа нөмірлерді де жаттаудамыз. Ұлттық блокта көрермендер «Қараторғай» қазақ халық әнін, Евгений Брусиловскийдің «Шолпан» және Төлеген Мұхамеджановтың «Заман-ай» әндерін естиді, – деді Шырын Ахмеджанова. – Бағдарламаның ұмытылмас сәті қытай тіліндегі әннің орындалуы болмақ. Біз осы әнмен Қазақстанның халық әртісі Майра Мұхамедқызының мерейтойлық концертінде дебют жасаған едік. Бұл композиция – танымал әншінің балалық шағының символы, өйткені ол осы елде туып-өскен. Бұл біз үшін қытай тілінде ән орындаудан алғашқы тәжірибе болды, сондықтан дайындық кезінде дыбысты дұрыс қою үшін біз қытайлық студент-хормейстер, қытай тілін жетік меңгерген Дина Ардақтың көмегіне жүгіндік. Шет тілдеріндегі шығармаларды орындау кезінде екпінді дұрыс қоймаса, мүлде басқа сөз шығуы мүмкін, сол себепті біз барлық тәсілді қолдандық, мәселен сондай танымал әдістердің бірі – жазбаларды тыңдау және талдау болды, – деп пікірін қосты Ш.Ахмеджанова.

Балалар хор және балет студияларының дарынды жас әртістері үшін Балаларды қорғау күні қарсаңындағы дәстүрлі концерт көптен күткен мерекелік шараға айналды. – Балалар өте қуанышты, өйткені оқу жылының аяқталуына да аз қалды, барлық оқушылар секілді олар да жазғы демалысты асыға күтуде. Біз, өз кезегімізде, олар үшін осы күні айрықша көңіл күй жасауға тырысамыз, театр маусымы бойы атқарған еңбегі үшін алғыс хаттар табыстаймыз және осынау концертпен балалар студиясы шығармашылығының жылдық қорытындысын шығарамыз, – деп қорытындылады Алтынғаным Ахметова мен Шырын Ахмеджанова.

Осынау кеште көрермендерді театрға өздерінің сыңғырлаған дауыстарымен балалар шақырады. Әлдеқашан сахнаның жас жұлдыздарына айналып үлгерген балдырғандардың қатысуымен болатын концерттер мен спектакльдерге елордалық тыңдармандар билеттерді жыл бойы қуана сатып алады. Дегенмен де балалар хорының дарынды вокалистері үшін театр маусымы мұнымен аяқталмайды: алда оларды Джакомо Пуччинидің «Богема», «Турандот» және Жорж Бизенің «Кармен» опералық спектакльдеріндегі өнер көрсетулер күтеді. Бұл спектакльдер көрермендер аудиториясының назарына «Опералия» халықаралық фестивалі аясында ұсынылады.