Eurasian Milk СҚО-да сүтті терең өңдейтін жаңа зауыттың бірінші кезеңінің құрылысын аяқтады

Солтүстік Қазақстан облысында сүтті терең өңдеуге арналған жаңа заманауи зауыттың бірінші кезеңінің құрылысы толық аяқталып, өндірістік жабдықтарды монтаждау жұмыстары тәмамдалды. Республикалық маңызы бар бұл ауқымды жоба өнімді еліміздің барлық өңіріне жеткізуге мүмкіндік береді. Кәсіпорынның технологиялық жабдықталу деңгейі Қазақстандағы ең озық саналады және ел аумағында ғана емес, жалпы ЕАЭО кеңістігінде де баламасы өте сирек.
Петропавлдағы өндіріс жаңа қоюлатылған сүт шығару желілерімен кеңейтіліп, өнімді өңдеу мен қоюлату үдерісінің барлық кезеңіне толық бақылау орнатылған. Қазіргі уақытта барлық жабдықтарды орнату жұмыстары аяқталып, зауыт өндірістік процесті технологиялық реттеу кезеңіне кірісті. Өнімдер тек Солтүстік Қазақстан фермерлерінен жеткізілетін шикізаттан, толықтай табиғи әрі жоғары сапада өндіріледі.
Eurasian Milk-тың барлық өндірістік желілерін өнеркәсіптік іске қосу келесі жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. Жобаның жүзеге асуы елдегі сүт өнеркәсібін дамытуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және ішкі нарықты отандық сапалы өніммен қамтамасыз етуге елеулі үлес қоспақ. Зауыт тәулігіне 350 тоннаға дейін (жылына 125 мың тонна) сүт қабылдап, тазалай алатын желілермен жабдықталған. Сондай-ақ кәсіпорында жартылай қатты, қатты және жұмсақ ірімшік, сары май, қоюлатылған сүт, қышқыл сүт өнімдері өндіріліп, ультра-клин қаптамасында буып-түю қарастырылған. Маңызды бағыттардың бірі – сүт сарысуын терең өңдеу арқылы дұрыс және спорттық тамақтануға арналған өнім шығару.
Зауыт құрылысы рекордтық қысқа мерзімде – барлық монтаж жұмыстары толық аяқталғанға дейін үш жылға жетпейтін уақытта жүзеге асырылды. Бұл Eurasian Milk құрамына кіретін Eurasian Foods Corporation холдингінің барлық ресурстарын толық жұмылдыруының арқасында мүмкін болды.
«Біз бұл зауытты болашақты көздей отырып салдық. Мақсатымыз – Қазақстанда әлемдік үздік стандарттарға сай, жоғары технологиялы, заманауи әрі бәсекеге қабілетті сүт өңдеу өндірісін қалыптастыру. Жобаның алғашқы кезеңі аясында игерілген инвестиция көлемі бүгінде шамамен 80 миллион долларға жетті. Бұл тек бір кәсіпорынның ғана емес, тұтас өңір экономикасының дамуына қосылған елеулі үлес. Біздің алдымызда ауқымды әрі маңызды міндет тұр – отандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесін нығайту, импортқа тәуелділікті азайту және қазақстандық тұтынушыларға табиғи, сапалы әрі қауіпсіз өнім ұсыну. Біз жобамыздың әлеуетіне, өндірілетін өнімнің сапасына сенімдіміз және бұл зауыт елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіптік кешеннің одан әрі дамуына маңызды тетік болатынына кәміл сенеміз», — деді Eurasian Milk бас директоры Андрей Гриценко.
Компания Қазақстанның тамақ өнеркәсібі саласындағы ең ірі өндірістік инвестициялық жобалардың бірін халық үшін аса маңызды әрі басым секторда жүзеге асырды. Eurasian Milk жобаны іске асыру барысында қаржының едәуір бөлігін өз қаражаты есебінен құйып, инвестицияның өтелуіне байланысты барлық тәуекелді өз мойнына алды. Жоба Қазақстан Президентінің қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерге толық сәйкес келеді және инвестициялық белсенділік төмендеген кезеңде ерекше маңызға ие. Сонымен қатар компания ішкі нарықты отандық өніммен қамту және импортты алмастыру бағытындағы қосымша тәуекелдерді де өзіне жүктеді. Бұл – Мемлекет басшысы Жолдауда айқындаған негізгі басымдықтардың бірі.
Жобаның алғашқы кезеңі 10 000 м²-ден астам өндірістік және инженерлік инфрақұрылымды салуды және негізгі технологиялық бағыттарды іске қосуды қамтиды. Сондай-ақ заманауи энергетикалық инфрақұрылым құрылды, оған су, салқындату, бу және электрмен қамтамасыз ету жүйелері, жаңа ғимараттар мен жабдықтардың толық кешені кіреді.
Eurasian Milk компаниясының ең басты бағыттарының бірі – қазақстандық фермерлердің әлеуетін дамыту, себебі ол әлі толық пайдаланылмай отыр. Солтүстік Қазақстан облысы сүт шаруашылығын дамыту үшін тарихи негізге ие, себебі өңірде егіншілік жақсы дамыған. Алайда, сүтті өнеркәсіптік өңдеуге тұрақты және ашық өткізу жүйесінсіз, өндіріс көлемін арттыру мүмкін емес. Eurasian Milk жылына 125 мың тонна фермерлік сүтті өңдеуді мақсат етеді. Жоғары сапалы сүт алу – нарық қатысушылары үшін басты міндет, себебі дәмі мен сапасы жоғары өнім өндіру үшін сәйкес шикізат қажет. Компания фермерлермен бірлесіп, жемдік қоспаларды жақсарту, мал күтімі мен денсаулығын бақылау және сүттің өзіндік құнын төмендету арқылы сапасын арттыру бойынша жұмыс жүргізеді.
Қазіргі таңда Қазақстанда терең өңделген сүт өнімдері нарығында негізінен импорттық тауарлар басым. Бұл отандық өндірушілер үшін елеулі бәсекелестік тудырып отыр. Сату көлемін арттыру және импортты алмастыру отандық өндірушілер үшін күрделі міндет болып отыр, себебі Қазақстанның сауда желілерінде қатаң бәсекелестік пен импорттық тауарлардың орнықты позициясы басым.
«Отандық өндірісті мемлекеттік деңгейде ілгерілету – стратегиялық маңызы бар міндет. Жоғары бәсеке жағдайында дәл мемлекеттік саясат қазақстандық өнімге тұрақты қызығушылық қалыптастырып, ұлттық өндірушілерге деген сенімді нығайтуға ықпал етеді. Дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, өз брендтерін барлық салада – өндірісте, саудада және жалпы ілгерілетуде белсенді қолдау отандық тауарлардың құндылығын арттырып, тұтынушылардың жоғары адалдығын қалыптастырады. Бұл өз кезегінде экономикалық тұрақтылықтың маңызды факторына айналады», – деп атап өтті Андрей Гриценко.