Еуропа ядролық жарыста көшбасшы болуға ұмтылмақ

Фото: MIGnews

Соңғы жылдары әлемдік саясатта қауіпсіздік мәселесі қайтадан алдыңғы орынға шықты. Геосаяси текетірестер күшейіп, державалар арасындағы сенім азайған сайын ядролық фактор тағы да халықаралық саясаттың маңызды құралына айналып барады. Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен жуырда сөйлеген сөзінде: «Ядролық жарыстың басталып кеткені анық» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Еуропа бұл жарыста артта қалмауы тиіс.

Фон дер Ляйеннің мәліметінше, Еуропада ядролық энергетика саласында шамамен 500 мыңға жуық жоғары білікті маман жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш кейбір ірі державалардан да жоғары. Еуропалық Одақ енді жаңа буын шағын модульдік реакторларды (SMR) дамытуға және инновациялық ядролық технологияларды енгізуге басымдық беруді көздеп отыр. Негізгі мақсат — Еуропаны ядролық энергетиканың жаңа дәуіріндегі әлемдік орталықтардың біріне айналдыру.

Қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан кейін ядролық қарудың рөлі біршама бәсеңдегендей көрінген еді. Алайда соңғы онжылдықта әлемде қайтадан жаппай қарулану үрдісі байқалып отыр. Қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық, аймақтық қақтығыстар және державалар арасындағы бәсеке ядролық қарудың стратегиялық маңызын қайта күшейтті. Бүгінде ядролық технология тек әскери құрал ғана емес, ол энергетикалық қауіпсіздік, технологиялық тәуелсіздік және геосаяси ықпалдың маңызды факторы болып отыр. Сондықтан көптеген елдер ядролық энергетика мен стратегиялық мүмкіндіктерін жаңғыртуға ерекше көңіл бөле бастады.

Ядролық қарулану бәсекесінің күшеюі адамзат үшін жақсылық әкелмейтіні бәріне аян. Бір мемлекет қаруын күшейткен сайын оған жауап ретінде басқа елдер де арсеналдарын арттыруға ұмтылады. Бұндай әрекеттен әлемдік қауіпсіздік мәселесі шатқаяқтап, тұрақсыздық территориясы жайыла түспек. Себебі, ядролық қару тек әскери қуаттың символы ғана емес, бүкіл адамзаттың тағдырына әсер ететін аса қауіпті фактор екенін кәрі тарих көрсеткен болатын.

Қазақстанның тарихи таңдауы дұрыс па?

Кеңес Одағы ыдыраған кезде Қазақстан аумағында әлемдегі ең ірі ядролық арсеналдардың бірі орналасқан болатын. Ел аумағында мыңнан астам ядролық оқтұмсық, стратегиялық зымырандар мен әскери инфрақұрылым бар еді. Бұл Қазақстанды сол кезеңде әлемдегі төртінші ірі ядролық держава ететін мүмкіндік болатын. Тіпті сол кездері Қазақстан басшылығына Ливияның лидері Муаммар Каддафидің ядролық қарудан бас тартпаңдар, экономикаға қажетті инвестицияны біз береміз деген емеурінін де ұмытпадық. Алайда 1990 жылдардың басында Қазақстан тарихи шешім қабылдады. Ел басшылығы бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті басты құндылық ретінде таңдап, ядролық арсеналдан толықтай бас тартты. Сонымен қатар, Семей полигоны жабылып, әлемдегі ең ірі ядролық сынақ алаңдарының бірі тоқтатылды. Бұл қадам Қазақстанның халықаралық беделін арттырып, оны ядролық қарусыздану қозғалысының символына айналдырды.

Бүгінде әлемдік саясат күн санап құбылып тұр. Ядролық державалар өз арсеналдарын жаңартып, технологиялық мүмкіндіктерін кеңейтіп келеді. Осындай жағдайда кейбір сарапшылар Қазақстанға қауіпсіздік мәселесін қайта қарау қажет пе деген сұрақ қояды.

Дегенмен Қазақстанның ұстанымы айқын, ел ядролық қарудан бас тартқанымен, ядролық технологиядан бас тартқан жоқ. Өйткені Қазақстан уран қоры бойынша әлемдегі ең ірі елдердің бірі және ядролық отын өндірісінде жетекші орын алады. Сонымен қатар, елде бейбіт атом энергетикасын дамыту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Яғни Қазақстан үшін негізгі бағыт бейбіт атом энергетикасын дамыту, ядролық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастық, ядролық қарусыздану бастамаларын қолдау. Бұл саясат елдің қауіпсіздігі мен халықаралық беделін қатар сақтауға мүмкіндік береді.

Әлемдегі ядролық державалар

Бүгінде әлемде ресми және бейресми түрде ядролық қаруға ие ондаған мемлекет бар. Сарапшылардың шамамен бағалауынша, олардың ядролық арсеналдары мынадай:

Ел Ядролық оқтұмсық саны (шамамен)
Ресей ~6000
АҚШ ~5400
Қытай ~500
Франция ~290
Англия ~225
Индия ~170
Пәкістан ~170
Израиль ~90
Солтүстік Корея ~40–50

Әлемде ядролық фактордың маңызы қайта артып келе жатқанымен, Қазақстанның таңдаған жолы — бейбітшілік пен жауапкершілік жолы. Ел ядролық қарудан бас тарту арқылы халықаралық қауымдастыққа үлгі көрсетті. Ендігі міндет осы саясатты сақтай отырып ядролық технологияны бейбіт мақсатта дамыту және қауіпсіз әлем құруға үлес қоса беру. Ядролық жарыс басталған заманда Қазақстанның басты күші қару емес, сындарлы саясат пен халықаралық сенім болып қала бермек. Өйткені ядролық соғыста жеңімпаз болмайды. Сондықтан әлем қауіпсіз болашақты қарудың күшімен емес, өзара сенім мен жауапкершілік арқылы ғана құра алмақ.