Еуропалық Инвестициялық Банктің жаһандық құрылымы (EIB Global) Қазақстанның Даму Банкіне энергетикалық және көлік инфрақұрылымын дамытуға қолдау көрсету үшін 200 миллион еуро қарыз береді

· Қазақстандағы энергетика және көлік инфрақұрылымына арналған Еуропалық Инвестициялық Банктің даму жөніндегі құрылымының (EIB Global) негіздемелік несиесі елдің көлік байланысын жақсартуға және жасыл экономикаға көшуін қолдауға бағытталған.

· Бұл бастама ЕО-ның Global Gateway стратегиясының негізгі басымдықтарының бірі – Транскаспий көлік дәлізін іске асырудың алғашқы қадамы.

· Несие, сонымен қатар, қазбалы отынның орнына жаңартылатын және экономикалық тұрғыдан тиімді балама энергия көздерін пайдалану арқылы CO₂ шығарындыларын азайтуға бағытталған инвестицияларға ықпалдастық көрсететін болады.

Еуропалық инвестициялық банктің даму жөніндегі құрылымы – EIB Global, және Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) 200 миллион еуро көлемінде несие келісіміне қол қойды. Бұл қаржыландыру мемлекеттік және жеке сектор субъектілерінің орнықты көлік инфрақұрылымына, соның ішінде Транскаспий көлік дәліздеріне, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін әртараптандыруға және басқа да климаттық іс-қимыл бастамаларына бағытталған жобаларға салатын инвестицияларына қолдау көрсетуді көздейді.

Бұл инвестиция Қазақстанның ұлттық жол операторы “KazAvtoZhol” жүзеге асырып жатқан, ел бойынша байланысты жақсартуды және инфрақұрылым сапасын арттыруды мақсат ететін жолдарды қайта жаңарту бағдарламасын іске асыруға үлес қосатын болады. Бұл бастама Еуропа мен Орталық Азия арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған Еуропалық Одақтың Global Gateway стратегиясының негізгі құрамдас бөлігі — Транскаспий көлік дәлізін іске асырудағы маңызды қадам болып табылады . Сонымен қатар, бұл жоба 2024 жылдың қаңтарында ЕО-Орталық Азия Инвесторлар форумында EIB Global, Қазақстанның Даму Банкі және Орталық Азия республикалары арасында қол қойылған төрт өзара түсіністік жөніндегі меморандумның алғашқы нақты нәтижесі болып табылады.

Көлік саласында бұл қаржыландыру 5 000 шақырым ұлттық және өңірлік жолдарды қайта жаңартуды, жолаушылар көлігі мен жүк тасымалының қолжетімділігін жақсартуды, жол қауіпсіздігін арттыруды және жаңғыртылған инфрақұрылым арқылы климат өзгерісіне төзімділігін нығайтуға оң ықпал етеді деп күтілуде.

Энергетика секторында бұл несие жаңартылатын электр энергиясын өндіруге инвестицияны қаржыландыруға бағытталатын болады. Бұл Қазақстанның қазба отынға негізделген энергетикадан таза және тұрақты қуат көздеріне көшуіне оң ықпал ететін болады. Аталған инвестициялар қазбалы отын көздерін жаңартылатын және экономикалық тұрғыдан тиімді энергия шешімдерімен алмастыру арқылы CO₂ шығарындыларын азайтады деп күтілуде.

“ЕО банкі ретінде және Еуропалық комиссияның кепілдіктерінің арқасында EIB Қазақстанның орнықты дамуына ықпал ететін екі негізгі секторды қаржыландырып отыр. Бұл елдің неғұрлым әртараптандырылған және орнықты экономикаға көшуіне өз үлесін қосатын болады. Біз Еуропа мен Орталық Азия арасындағы жылдамырақ және сенімді қатынас орнату мақсатында орнықты көлік саласындағы инвестицияларды қаржыландырғанымызға қуаныштымыз. Климаттық банк ретінде, біздің қаржы бөлуіміз Қазақстанның энергетика саласын әртараптандыру және климаттың өзгеруінің салдарын азайту жөніндегі мақсаттарына қол жеткізуде жаңартылатын энергия көздерін дамыту, қазба отындарына тәуелділікті азайту және парниктік газдар шығарындыларын төмендету арқылы қолдау көрсептуі айрықша маңызды,» – деді EIB Global Бас директоры Эндрю МакДауэлл.

“Орнықты инвестициялар жасау арқылы ЕО Қазақстанмен экономикалық серіктестігін одан әрі тереңдетуге ұмтылады. Бұл қаржыландыру жөніндегі келісім елдің көлік байланысын күшейтіп, жаңартылатын энергия инфрақұрылымын жетілдіреді және Қазақстанның Транскаспий дәлізіне одан әрі интеграциялануын қамтамасыз етеді. Бұл дәліз – Еуропалық Одақтың Global Gateway стратегиясының негізгі бөлігі» – деп мәлімдеді ЕО-ның Халықаралық серіктестіктер жөніндегі комиссары Йозеф Сикела.

«ҚДБ Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларды, жаңартылатын энергетиканы және төмен көміртекті бастамаларды қолдау үшін халықаралық қаржыландыруды белсенді түрде тартып, аралас қаржыландыру тетіктерін дамытып келеді. Біз бұл бағыттағы жұмысымызды жалғастырамыз. EIB Global-мен серіктестік экономика мен қоғамға пайда әкелетін маңызды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенімдіміз», – деп атап өтті ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елібаев.

Telegram-канал: Еуропалық Инвестициялық Банктің жаһандық құрылымы (EIB Global) Қазақстанның Даму Банкіне энергетикалық және көлік инфрақұрылымын дамытуға қолдау көрсету үшін 200 миллион еуро қарыз береді