Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) мен ЕО Орталық Азия мен Моңғолиядағы шағын бизнеске қолдауды күшейтеді

Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) мен Еуропалық Одақ (ЕО) Орталық Азия мен Моңғолиядағы шағын, шағындау және орта кәсіпкерлікке (ШОБ) қаржыға қолжетімділікті арттыру мақсатында қолдауды кеңейтуде.

ШОБ сегментін қаржыландыратын серіктес қаржы ұйымдарына қайта қарызға беру үшін ЕО қосымша 25 миллион еуро көлемінде кепілдік қаражат бөлмек. Бұл Growth4All бағдарламасының географиясын кеңейтіп, ШОБ экономиканың тірегі саналатын, алайда қаржыландыруға қол жеткізу жағынан қиындық көріп отырған аймақтарға бағытталып отыр.

Бұл кешенді пакет қаржы делдалдарының тәуекелін азайтып, қаржыны ең мұқтаж бизнес иелеріне бағыттауға ынталандыру арқылы ШОБ секторындағы несие беру көлемін арттыруды көздейді. Жоба Қырғыз Республикасы, Қазақстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстандағы шамамен 3 500 кәсіпкерге пайда әкеледі деп күтілуде.

EFSD+ қоры арқылы 25 миллион еуро кепілдік бөлінеді, шамамен 3 500 кәсіпкерге қолдау көрсетіледі

Кепілдіктер Еуропалық Одақтың Еуропалық Тұрақты Даму Қоры Плюс (EFSD+) аясында ұсынылып отыр. Аталған қор Еуроодақтың Global Gateway инвестициялық стратегиясына сай Еуропа сыртындағы серіктес елдерде қаржыландыру мен инвестициялық жобаларды қолдауға бағытталған.

ЕҚДБ президенті Одиль Рено-Бассо:

“Біз ШОБ-ты қолдауға бағытталған бұл кепілдік механизмінің енді Орталық Азия мен Моңғолияда да қолжетімді болғанын мақтаныш етеміз. Еуроодақпен арадағы серіктестігіміздің нақты нәтижесі – аймақ кәсіпкерлерінің күнделікті сұраныстарына жауап беру ғана емес, сонымен қатар орнықты, төзімді әрі инклюзивті бизнесті қолдауға деген ұмтылысымызды көрсету”

Еуропалық Комиссияның экономика және өнімділік жөніндегі комиссары Валдис Домбровскис:

“Осы келісім арқылы ЕО Growth4All бастамасы аясында ЕҚДБ-мен бірлесіп қосымша 25 миллион еуро көлемінде кепілдік ұсынады. Бұл қаржы Орталық Азия мен Моңғолиядағы шағын және орта бизнеске арналған несиеге қолжетімділікті кеңейтеді. Аталған елдердің экономикалары үшін маңызды бұл кәсіпкерлік сегментін қолдау жаңа жұмыс орындарын құрып, инклюзивті әрі төзімді экономикалық өсімге жол ашады. Бұл – Еуроодақтың өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге және Global Gateway стратегиясын жүзеге асыруға бейілділігін айқын көрсетеді”