ФИДЕ президенті KazChess федерациясының білім беруде шахматты дамытуға қосып жатқан үлесін жоғары бағалады
Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворкович және KazChess/ Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов астаналық №8 мектепте ашылған шахмат сыныбында болды.
Қонақтарды мектеп оркестрі мен би ұжымы қарсы алды. №8 мектеп-лицейдің директоры Гүлнұр Әйтімова үстміздегі жылдың сәуір айында «Білім берудегі шахмат» жобасын ілгерілету шеңберінде KаzChess ашқан, толығымен жабдықталған шахмат сыныбын көрсетті. Федерация аталмыш жобаны Оқу-ағарту министрлігімен, Ғылым және жоғары білім министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп іске асырып отыр. Оның басты мақсаттарының бірі – Қазақстан Республикасында шахматты дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру, онда күтілетін жеті нәтиженің тізімінде бірінші орында «Бастауыш сыныптардағы балаларды шахмат үйретумен 20% үлеспен қамту» деп көрсетілген.
Freedom Holding Corp. бас серіктесі болып отырған федерацияның кешенді жұмысының арқасында 2023 жылдан бастап еліміздің 7 аймағындағы 42 мектепте, соның ішінде Астана қаласының 12 мектебінде шахматты бірінші сынып оқушыларына факультатив пән ретінде оқыту жүргізіліп келеді. Аймақтардың білім беру басқармаларымен бірлесе отырып, тиісті білім беру мекемелерінің тізімі анықталды, қазір оған 19 аймақтағы 742 мектеп кіреді. Кешенді жоспарға сәйкес 2024-2025 оқу жылында KazChess 350 орта білім беру мекемесін қамтуды жоспарлап отыр.
«Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі жүргізілуі үшін біз сыныптарды жабдықтаумен және шахматты пән ретінде енгізумен шектелмей, тиісті жобалармен де айналысамыз. 1-ші сыныпқа арналған оқу-әдістемелік кешеннің білім беру контенті дайындалды, мектептерді әдіснамалық жағынан қамтамасыз ететін Chess Class онлайн платформасы әзірленді», — деп атап өтті KazChess президенті Тимур Турлов.
ФИДЕ президентіне сондай-ақ федерация дайындаған, бүгінде Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігінің мақұлдауын күтіп тұрған мұғалімдердің біліктілігін арттырудың жаңа курсы туралы айтылды. Жалпы көлемі 72 академиялық сағаттан тұратын курс онлайн және офлайн режимінде қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.
Тимур Турлов жетекшілік ететін Қазақстан шахмат федерациясы бүгінде елімізде шахматты дамытумен толыққанды айналысып жатыр. Бұл жұмыстың нәтижесін қазақстандық шахматшылардың түрлі жарыста көп мәрте жеңіске жетіп жатқанынан көреміз. Шахматты білім саласына енгізу – дарын иелерін дамытуға және іріктеуге көмектесетін, сүйікті ойынымызды кеңінен таратуға ықпал ететін тағы бір сала. ФИДЕ өкілдері ретінде біз Қазақстан шахмат федерациясының осы бағытты дамытуға деген ұмтылысын жоғары бағалаймыз», — деп атап өтті Аркадий Дворкович.
Тамыз айының соңында ФИДЕ ұйымымен бірлесіп «Білім берудегі шахмат» халықаралық конференциясын өткізу жоспарланып отыр. 2023 жылдың сәуірінде Астанада осындай конференция өткен болатын және ол жаңа өсу нүктелерін анықтау және тәжірибе алмасу үшін пайдалы болды. KazChess аталмыш іс-шараға Испания, АҚШ, Венгрия, Армения, Түркияның сарапшылары қатысып, өз тәжірибелерін бөліседі және 100-ден астам педагог пен білім беру ұйымдарының басшыларына арнап сөз сөйлейді деп күтуде.
Осы орайда ҚШФ қазірдің өзінде аймақтың басқа елдерімен тәжірибесін бөлісіп жатыр. Мысалы, биыл ФИДЕ-мен бірлесе отырып, Азия елдерінде шахматты дамыту жобасы – Freedom Asian chess initiatives іске қосылды. Қазақстандық бапкерлер өз тәжірибелерін бөлісіп, оқу семинарлары мен шеберлік сабақтарын өткізеді. 2024 жылдың аяғына дейін жоба бес мемлекетті – Оман, Шри-Ланка, Камбоджа, Тәжікстан мен Непалды қамтиды.