Frankfurter Buchmesse: қазақ баспалары әлемдік серіктестік алаңында

15 қазан 2025 жылы Германияда 77-ші Frankfurter Buchmesse халықаралық кітап көрмесі ашылды. Әлемнің 92 елінен келген төрт мыңнан астам баспа ұйымы мен кәсіби қатысушылар жиналған бұл шара — баспа индустриясының басты хабы және мәдени идеялар алмасудың ең беделді алаңы. Биыл Қазақстан екінші рет Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұлттық стендін ұсынды.

Ұлттық контенттің жаһандық премьерасы

Көрме аясында қазақстандық «Arman-PV» баспасы жаңа еңбегі — «Көшпенділер ойындары / Nomad Games / Игры кочевников» атты кітаптың тұсаукесерін өткізеді. Бұл жоба — ұлттық мәдениеттің жаһандық форматта қайта жаңғыруының айғағы. Жобаның жетекшісі әрі идея авторы — Дидара Алина, авторы — жазушы Кымбат Караева. Кітап үш тілде жарық көріп, көшпенді өркениеттің дәстүрлі ойындары арқылы қазақ халқының философиясын, дүниетанымын және рухани кодын жаңаша пайымдайды.

Онда көкпар мен бәйгенің ерлік мектебі, тоғызқұмалақ пен асықтың ой ұшқырлығын тәрбиелеудегі рөлі ғылыми-танымдық және эстетикалық деңгейде ашылады. Кітаптың көркем шешімі де инновациялық — барлық иллюстрациялар жасанды интеллект көмегімен жасалған. Бұл тәсіл дәстүр мен технологияның тоғысын айқын көрсетеді: тарихи мұра жаңа буынның тілімен сөйлей бастады.

Дидара Алина: «Arman-PV» баспасының бас директоры:

– Көшпенділердің ойыны — олардың өмір философиясы. Біз бұл кітап арқылы ұлттық рухты заманауи форматта көрсеткіміз келді. Ұлттың ойыны — оның болмысын сақтаудың ең табиғи жолы.

Баян Қабылаш, Nomad мәдени қорының басшысы:

– Франкфурт көрмесіне қатысу — мәдени дипломатияның нақты көрінісі. Бүгін қазақ баспалары тек қатысушы емес, халықаралық серіктес деңгейіне көтерілді. Бұл — мәдени өнімді экспорттау тәжірибесін қалыптастыратын маңызды кезең.

Мәдениет пен технологияның түйіскен тұсы

«Arman-PV» баспасы бірнеше жыл бойы Франкфурт көрмесінің тұрақты қатысушысы болып келеді. Биылғы қатысу — ұлттық стенд аясында екінші рет жүзеге асып отыр. Компанияның стратегиялық бағыты — Ekitap.kz + AI экожүйесі арқылы білім мен мәдени контентті цифрландыру.

Бұл бағыттағы жобалар қағаз кітап пен цифрлы платформаның синергиясын қалыптастырып, қазақ контентін халықаралық аудиторияға қолжетімді етеді.

Жаһандық нарықтағы қазақстандық баспалар

Қазақстанның Франкфурт көрмесіне қатысуы — ұлттық мәдениетті әлемдік интеллектуалды нарыққа шығару тәжірибесінің жаңа кезеңі. Баспалар енді өнім көрсетуші емес, креативті индустрияның белсенді ойыншысына айналуда. Мұндай формат елдің мәдени брендін нығайтып, авторлық құқық нарығында жаңа мүмкіндіктер ашады.