Freedom Telecom шалғай аймақта оптика құратын қызметкерлер үшін қашықтан медтексеру жүйесін енгізді

Қазақстандық оператор Freedom Telecom шалғай аймақтағы құрылыс нысандарына қашықтан жұмыс істейтін ауысымалды медициналық тексеріс жүйесін енгізді. Енді қызметкерлер ауысым алдында арнайы медициналық терминалдың көмегімен диагностикадан өте алады. Бұл қызметкерлердің жағдайын ол қай жақта болмасын жылдам анықтап, бағалауға мүмкіндік береді.
Бұл қалай жұмыс істейді?
Қашықтан медициналық тексеру кешені температураны, артериялық қан қысымын, тамырдың соғуын, этанол буының деңгейін (алкогольді тексеретін тест) автоматты түрде анықтайды. Сондай-ақ қызметкерді камераның және картаны оқитын құрылғымен таниды. Денсаулық көрсеткіштері туралы деректер қызметкерлердің денсаулығын бақылайтын дәрігерге бірден жіберіледі. Сонымен қатар технология медициналық консультацияны қашықтан дәл қазір алуға мүмкіндік береді. Осындай әдістің арқасында бірнеше қауіп-қатердің алды алынады, мысалы, медтексеруге бара жатып жолда апатқа ұшырау болмайды, адамның уақыты үнемделеді, медициналық персоналмен тікелей араласудың қажеті жоқ. Бұдан бөлек құрылыс бригадаларының жетекшілері қызметкерлерінің жағдайы туралы деректерге сүйеніп, қызметкерлерінің шаршап қалуына, ауырып қалуына байланысты жұмыс графигін өзгерте алады.
Уақыт пен құралдарды үнемдеу
Осыған дейін әрбір қызметкер медтексеруге шамамен бір сағат жұмсайтын. Бір ауысымда жұмыс істейтін қызметкерлердің санын және бір айда 22 жұмыс күні бар екенін ескерсек, медтексеруге айына 600 адам-сағат жұмсалғанын түсінеміз. Қашықтан медтексеру жүйесін енгізген соң шығын 85%-ға азайды. Бұл қызметкерлердің қазіргі санымен айына 2 млн теңгеден көп деген сөз. Осы оңтайландыру әдісі Freedom Telecom-ның Қазақстан бойынша оптикалық желіні құруды арзандатуға бағытталған стратегиясының бөлшегі. Бүгінде компания шығынды қазіргі нарықтық көрсеткіштермен салыстырғанда 50%-ға азайтты.
Цифрлық инфрақұрылымға инвестициялар
Цифрлық стратегияның аясында Freedom Telecom «Батыс-Шығыс» талшықты-оптикалық гипермагистралін құратынын және халықаралық трафиктің транзиті үшін және оны сақтау үшін TIER-3 деңгейінен төмен емес деректерді өңдеу орталықтарын жасайтынын мәлімдеді. Бұл жобаларға жұмсалатын инвестицияның жалпы сомасы шамамен 100 млрд теңге. Осы бастамаларды жүзеге асырудың бірнеше пайдасы бар: Қазақстан Еуропа мен Шығыс Азия арасындағы халықаралық деректер транзиті үшін қажет баламалы маршрутты иеленеді, цифрлық қызметтер саласында еліміздің бәсекеге қабілеттілігі артады және әлемдегі жетекші IT-компаниялардың назарын өзімізге аудару үшін жағдай жасалады. Гипермагистраль құрылысы 2026 жылы аяқталады. Бұдан бөлек екі жылдың ішінде Freedom Telecom 2500 километр оптика салып, Қазақстан бойынша 150 локацияда тегін Wi-Fi орнатты, 24 мың үйді оптоталшықты интернетке қосты.